Жексенбіде тойды тоқтатты... Избранное

Среда, 28 Июль 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 358 раз

Әл-Фараби ауданында өткен жексенбі күні мобильді топ 150 адам жиналған үйлену тойын тоқтатты. Аудан аумағындағы «Ғажайып» тойханасында шектеу шараларына қарамастан жасырын той өткізген тойхана иесі мен той өткізген азаматқа хаттама толтырылып, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына ескерту жолданды. Бұған Әл-Фараби ауданында құрылған мобильді топпен арнайы рейдке шыққанда куә болдық.

542

 

Шаһарда той-думанды өткізушілер мен ұйымдастырушыларға айыппұл салынғанымен, шектеуді көзге ілмейтіндер азаймай тұр. Ашығын айтқанда, кәсіпкерлер ескертулерді елейтін емес. Бұған бір-екі сағаттың айналасында-ақ көз жеткіздік. Әл-Фараби ауданындағы мониторингтік топ мүшелері Рысқұлов көшесі бойындағы «Ғажайып» тойханасында дүркіреп той өтіп жатқанын анықтады. Тойхананың ас бөлмесі арқылы ішке кіргенімізде той қызып, қонақтар той иелеріне ақ тілегін жаудырып жатты. Мобильді топ мүшелерін көрген көпшілік асып-састы. Тойхана иесін сөзге тартқанымызда туысқандарының «көңілін қалдырғысы» келмегенін айтып ақталды.
– Той уақыты ертерек белгіленіп қойды. Сонша уақыттан бері тойға дайындалып, малын да сойып қойғасын не дерімді білмедім. «Айыппұл салса да, той өтуі керек» деп қоймады, – дейді мейрамхана меңгерушісі.
Арнайы топ көпшілік жиналған тағы бір тойды тоқтатып, хаттама түзді. Рысқұлов көшесіндегі «Алтын қазына» демалыс кешенінде де 100-ге жуық адам жиналған құдалық өтіп жатыр екен. Бір таңқаларлығы, мұнда да карантинді ескеріп жатқан не мейрамхана иесі, не тұрғындар байқалмайды. Белгілі әншінің бірі той көрігін хит әндерімен қыздыруда. Той иесі арнайы топтың ескертуіне қарамастан жан-жақтан көмек сұрап, тынымсыз қоңырау соғумен болды.
Жалпы Әл-Фараби ауданы әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Берік Жанаевтың айтуынша, аудан аумағында 15 тойхана бар.
–Жыл басынан бері жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде шектеу шараларын сақтамаған 407 жеке және заңды тұлға анықталды. Оның 4-уі заңды тұлға, 7-уі кәсіпкер, 12 лауазымды және 380 жеке тұлғаға хаттама толтырылып, 26 9557 905 теңге айыппұл салынды, - дейді Берік Жанаев.
Кәсіпкерлердің жауапсыздығы алаңдатарлық жағдай. Қаншама рейд жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, айыппұлдар салынғанымен тойға «тосқауыл» болар емес.
«Той – халық қазынасы». Тойда қуанышымызды бөлісеміз, жиған-тергенімізді шашамыз. Десек те, былтырдан бері адамзатты алаңдатқан індеттің беті қайтар емес. Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілікті танытудың қаншалықты маңызды екенін түсіну керек. Бұл – қазіргі уақыттың талабы. Індетті жеңу әр азаматтың қолында. Бұл тәртіпке бағынудан басталады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.