Өнерлі елдің оты сөнбес Избранное

Среда, 17 Март 2021 05:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1142 раз

Дәстүрлі ұлттық өнер мектебі ашылды

Шымкентте өнер мектептерінің қатары тағы бір мекемемен толықты. Наурыз мерекесі қарсаңында «Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі ашылды. Салтанатты iс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов және зиялы қауым өкілдері қатысты.

320

 

Дәстүрлi ұлттық өнер мектебін ашудағы негізгі мақсат – еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару және дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттау.
Мектептің ашылу рәсiмiне қатысқан қала әкімі қобыз, айтыс, шертпе күй тартуды үйретуге арналған бiрқатар кабинеттi аралап, танысып шықты. Алғашында саз мектебі үшін жоспарланып салынғанымен, кейіннен қала әкімінің тапсырмасы бойынша дәстүрлі ұлттық өнер мектебі болып қайта жасақталған өнер мектебi 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, ақындық, әншілік, күйшілік, шешендік, актерлық, би, қолөнер, бейнелеу өнерлері және вокал, мультипликация бөлімдері бар. Мұнда мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер қабылданады.
– Халықтың дәстүрлі өнері – біздің мәдени мұрамыз. Ұлттық өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойына қазақтың дәстүрі мен тұрмысын, адамдық мінезін сіңдіре аламыз. Ата-бабадан мирас болған ұлттық болмыс пен ұлттық өнерді ұмыт қалдырмаудың бір жолы – оны жастарға үйрету. Біз бүгін екі тарихтың ортасында тұрмыз. Бұл мектептен кешегі Майлықожа, Мәделідей ақындар, Сүгір мен Төлегендей күйшілер, Тәушен мен Әселхан апаларымыздай айтыскер қыздар шығады деп үміттенеміз. Осындай үлкен үмітпен сенім артып, жас келсе іске деп, мектептің тізгінін өнердің ыстық-суығында әбден шыңдалған, өткір тілді айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуовқа тапсырғалы отырмын. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ескі өнерді тірілтіп, жаңа заманға алып шығатын, Қаратау өнерін жаңғыртатын, Шымкенттің ғана емес, қазақтың атын әлемге шығаратын шәкірттер шығуына тілектеспін, – дедi Мұрат Әйтенов.
Іс-шара барысында қала әкімі бүлдіршіннің тұсауын кесіп, тілек дәптеріне жазба қалдырды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.