ҚҰС ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ Избранное

Среда, 03 Апрель 2024 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 212 раз

Шымкентте ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қалада 5500-ден астам шаруа қожалығы, 50-ге жуық қайта өңдеуші кәсіпорындар 50,0 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірді.

KuSfab

 

Солардың бірі – мегаполистегі Еңбекші ауданы «Базарқақпа» тұрғын алабында жақында ғана іске қосылған «АйМар Құс» құс фабрикасы. Фабриканың ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Қала басшысы бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саланы дамытуда Мемлекет басшысының Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктегеніне тоқталды. Халықаралық биоқауіпсіздік стандарттары бойынша құрылған кәсіпорын жылына 72 миллион дана жұмыртқа шығаруға қауқарлы. Бұл мегаполистегі жалпы жұмыртқа өніміне деген қажеттіліктің 42 пайызын құрайды. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, аумағы 5 га құрайтын құс фабрикасының құрылысы 2023 жылы басталып, өндіріс орнын ашуға кеткен 4,8 млрд теңге «Даму» қоры арқылы 4 пайыздық несиемен алынған.
– Өндіріс орнын барлық стандарттарға сай жасадық. Мақсатымыз – халыққа сапалы, жоғары сұрыпты өнім ұсыну. Бүгінде балапан өсіретін 2 цех, тауыққа арналған 4 цех, жұмыртқа сұрыптайтын цех жұмыс істеп тұр. Фабрикадағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Кәсіпорын ең озық, заманауи технологиямен жабдықталған. Климат қалыптылығы, жем-су тарту тетігі автоматтандырылған. Құрама жемді өзіміздің жем зауытымызда өндіреміз. Қоспаларын Ресей Федерациясынан, Алматы қаласынан алдыртамыз. Алдағы уақытта фабрикамызды үлкейтіп, тауық санын 660 мыңға өсіріп, сәйкесінше өнім санын да арттырсақ деген ниеттеміз, – дейді кәсіпорынның қаржы директоры Жандос Сәбиұлы.
«АйМар Құс» фабрикасының жұмыртқалары тауықтың «СуперНик» элиталық тұқымдарынан алынады. Кәсіпорын 100-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.
– Құс фабрикасы ашылған күннен бастап осы жерде жұмыс істеймін. Жұмыс аса ауыр емес. Бәрі автоматтандырылған. Ауылымызда осындай өндіріс орнының ашылғанына, үйімізге жақын жерден жұмыс табылғанына қуандық. Жұмысты өздері үйретті, – дейді Шарбан Есенбекова.
Аталған құс фабрикасы елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған.
– Құс фермасының іске қосылуы азық-түлік белдеуінің қалыптасуына оң әсер етіп қана қоймай, қала тұрғындарын жергілікті өніммен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 1-санаттағы жұмыртқалардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылған «АйМар Құс» ЖШС-мен айналым схемасы тетігі шеңберінде шарт жасалды. Шарт аясында серіктестік 1-санаттағы жұмыртқаларды қала аумағындағы сауда нүктелеріне халыққа 50 теңгеден жұмыртқа ұсынады. Осыған дейін қалада жұмыс істеп тұрған 3 ірі құс фабрикасы нарықтың 50 пайызын қамтыса, жаңа кәсіпорынның қуатымен 70 пайызға жетеді деп күтілуде, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков.
Құс фабрикасы алдағы уақытта жұмыртқа өндірумен ғана шектелмей, тауық етін өндіріп, шұжық өндірісін де қолға алмақшы. Кәсіпорын 2026 жылға дейін өндірістің 2-кезеңін іске қосып, тауықтарға арналған 8 цех және оларды өсіруге арналған 1 цех салмақ. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай жұмыртқа салатын тауықтардың санын 660 мыңға жеткізу көзделуде. Бұл өндіріс көлемін жылына 220 млн.жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.