«Жаңару» күні — көпшілікті ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге, ынтымақта болуға үндейді. Бұл күн ел өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
Қала аумағында егілетін жаңа көшеттер – жаңа идеялар, мемлекет дамуындағы жаңа кезеңімен ерекшеленеді. Елімізде жаңару символдарының бірі – «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы. Тұжырымдама аясында ел өмірінің түрлі салаларында оң өзгерістерді жүзеге асырып келеді. Осынау игі шараның өтуіне Ассамблея белсенділері ерекше үлес қосты.
— Ассамблея мүшелері де игі істен шет қалмай, ағаш егуге атсалысуда. Дендросаябақ аумағында 80 үйіңкі (клен) көшетін егу жоспарлануда. Ағаш егу іс-шарасына қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 17 этномәдени бірлестіктің төрағалары, өкілдері, 7 қоғамдық құрылым —ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» ұйымы, медиация кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, кәсіпкерлер ұйымы мүшелері қатысып отыр, — деді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов.
Ағаш егу акциясына этномәдени бірлестіктердің мүшелері ұлттық киіммен келді.
Жалпы Шымкент қаласында 6 миллионға жуық жасыл желек бар. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілген болатын. Жоспар бойынша 6,5 млн түп көшет егіледі. Осылайша, қаладағы ағаш қоры екі есеге артпақ.
Г.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ