«Рамазан қоржыны» мешіттің, қала, аудан әкімдіктері мен партиялардың әлеуметтік осал топтар тізімінде тұрған тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға үлестірілді. Қоржынның ішінде ұн, күріш, шай, май, қант, томат, макарон өнімдері, сабын, т.б. азық-түлік пен тұрмыстық заттар бар.
– Рамазан – қайырымдылық айы, бұл айда игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз сауапқа еселенетіні белгілі. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Рамазанның берекесі – мейірімділік көрсету мен ізгі амалдар жасаумен арта түспек. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласу мұсылманның мерейін үстем қылады. Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін көмек қолын созған кісі Алла жолында жиһад жасағанмен, әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты» деп айтылған. Мұсылмандар осы айда жақсы амалдар жасауға асығады. Міне, бүгін соның бір көрінісіне куә болып отырсыздар. Қаладағы тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, жетім-жесір, жоқ-жітікке көмектесіп жатқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.
Бас имамның айтуынша, «Рамазан қоржынын» әзірлеуге Шымкент қаласының әкімдігі қолдау білдірген. Өткен жылы үшінші мегаполисте 33 мыңға жуық қоржын таратылған. Қазір қаланың бес ауданындағы бес үлкен мешітте және орталық мешітте – барлығы 6 жерде осындай қоржындар таратылуда.
Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ