КАРТАНЫ БІЛЕЗІККЕ АЛМАСТЫРЫҢЫЗ Избранное

Пятница, 02 Декабрь 2022 05:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 614 раз

Келер жылдың басында Tolem картасының білезік түріндегі баламасы ұсынылмақ. Tolem карталарымен қатар жүретін бұл білезіктің алғашқы 5000 данасы 2023 жылдың қаңтар айында сатылымға шығады. Ескеретін жәйт, бұл бұйым арнайы оқушылар үшін өндіріліп отыр.

28

 

Балама білезіктің шығуына оқушылардың ата-анасы түрткі болыпты. Себебі, мектеп оқушылары арасында Tolem картасын жоғалту мен қайта тапсырыс беру жиілеп кеткен. Біреулері қоғамдық көлікте төлем жасап, сөмкесіне дұрыс салмай, түсіріп алса, енді бірі мектеп асханаларында ұмытып кетеді екен. Үнемі бейджик ретінде мойнына салып жүру де оқушыларға қолайсыздық тудырған. Міне, осы себептерді ескере отырып, оқушылар үшін арнайы төлем білезіктері ойластырылып отыр.
«QazSmartTrans» ЖШС-нің бас директоры Сержан Ақылбаевтың айтуынша, мұндай төлем білезіктерін өндіру бұрыннан бар. Яғни, білезіктерді өндіру барысында NFS (Near Field Communication — жақын өрісті коммуникация) картасының технологиясындағыдай кішкентай чип қойылады. Сондықтан да ата-аналардың ұсынысын жүзеге асыру аса бір қиындық тудырмаған.
— Tolem картасының баламасы ретінде білезік шығару — ата-аналардың идеясы. Яғни, оқушылардың картаны жиі жоғалтуына шағымданған ата-аналар жаңа дүниені ойлап табуға түрткі болды. Картаны жиі жоғалтатын оқушылар үшін оңтайлы, қолайлы бұйым ретінде білезік шығаруды қолға алдық. Яғни, сұраныс қоғамдағы қажеттілік деңгейін көрсетіп отыр. Алғашқы тапсырысқа сай 10 мың дана білезік шығарылмақ. Оның тең жартысы — 5 мың данасы Шымкентке жолданады. Ары қарай да сұраныс артып жатса, қажетті мөлшерде өндіруге мүмкіндік бар. Оқушылар бұл білезіктің көмегімен қоғамдық көлікте жолақысын, мектепте бірреттік ыстық тамақ үшін төлем жасай алады, - дейді С.Ақылбаев.
Білезік суға төзімді резина материалынан жасалып жатыр. Алайда, онда Tolem картасындағы секілді оқушылардың фотосы болмайды. Бірақ, жаңа жылдан бастап кондукторларды алмастыратын қоғамдық көлік бақылаушылары білезік чипіндегі ақпаратты оқитын арнайы құрылғымен тексере алады. Яғни, чипке білезіктің иесі туралы толық ақпарат енгізіледі.
— Келер жылдың басында қоғамдық көліктердегі кондуктор қызметін толығымен алынады. Енді қоғамдық көлік билетін кондукторлардың орнына бақылаушылар тексереді. Алайда, бақылаушыларға жолақысын төлемеген жолаушыға айыппұл салу құқы берілмеген. Сондықтан учаскелік полицейлер бақылаушылармен бірге арнайы рейдке шығады. Туындауы мүмкін мұндай мәселелер құқық қорғау органдарымен бірлікте шешімін таппақ, - дейді Сержан Ақылбаев.
Айта кетейік, білезіктерді келер жылдың қаңтарынан бастап Tolem карталары сияқты фронт-офистерден сатып ала аласыз. Егер де балаңыз картаның орнына білезік қолдануды қаласа, карта теңгеріміндегі қаражатты Tolem қосымшасы арқылы аудару мүмкіндігі қарастырылған. Алайда, әзірге білезік құны нақты бекітілмеген.

Дайындаған
З.АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.