Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаевтың қатысуымен қаладағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Рустам Қуанышбекұлы қаладағы эпидемиологиялық жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Шымкент қаласында қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу үшін төсек-орындар саны қосымша көбейтілуде. Төсек-орындар саны 650-ден 3129-ға жетті. Сондай-ақ жансақтау бөліміндегі орындар санын да көбейтіп, бүгінде 141 жансақтау орны бар. Олар №2 қалалық аурухана, Асар шағынауданындағы 200 төсек-орындық инфекциялық аурухана жəне қалалық кардиологиялық орталықтың базасында орналастырылған. Бұл бағытта реаниматолог-мамандар тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуде. Шымкент қаласында өткен жылмен салыстырғанда бүгінге дейін жедел жәрдем қызметін шақыртушылар саны 2 есеге өскен еді. Қазіргі таңда жағдай қалыпқа келе бастады. Сонымен қатар, келесі аптада тәжірибе алмасу әрі көмек беру үшін Ресейден 5 дәрігер, Түркия елінен 10 маман келеді деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, қалада дəрілердің бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған 4 мониторингтік топ бүгінге дейін 50 заң бұзушылық фактісін анықтап, оларға тиісті әкімшілік шара көрілген. Одан бөлек, дәріханада жоқ дәрілердің орнына баламаларын ұсыну ескертілген.