Бүлдіршінді құтқарған жасақ

Пятница, 23 Июнь 2017 08:05 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4752 раз

Шымкенттік құтқарушылар баланы аман алып қалды. Оқиға бірнеше күн бұрын қаладағы Тельман бөлімшесінде болған. Үй ауласында ойнап жүрген Нұрсұлтан абайсызда шұңқырға түсіп кетеді.

DSC 2054

Кәріз жүйесіне құлаған баланы ата-анасы шығара алмайды. Сонан соң, төтенше жағдайлар департаментіне хабарласады. 

20 маусым күні сағат 18.19-да құтқарушылар жасағына жедел шақырту түсті. Сол күні жасақ құрамында 5 жігіт кезекшілікте болған еді. Олар №2 құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан Бекенбаев, бас құтқарушылар Өмір Шегенов, Нұралы Абенов, құтқарушылар Мейіржан Сыдықов, Алмас Жандәулетов және кезекші диспетчер Ілияс Мейірбеков. Тәжірибелі мамандар келе сала Нұрсұлтанды құтқаруға кірісті. Жігіттердің ептілігінің арқасында балаға дер кезінде көмек көрсетілді. 

– Бала құйылған бетон мен дуал арасына түсіп кеткен. Біз бетонды гидравикалық құралдың көмегімен бұзып, арасын кеңейтіп шұңқырға түстік. Нұрсұлтан анда-санда ғана тыныс алады. 2 жасқа толмаған балақайдың көрер жарығы бар екен. Қатты қорыққандықтан жылауға шамасы жоқ. Жасақ тобындағы жігіттер баланы анасына аман табыстады, – дейді №2 құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан Бекенбаев. 

Нұрсұлтанды алып шыққанда отбасының қуанышында шек болған жоқ. Анасы көзіне жас алып, құтқарушыларға алғысын жаудырды. Бұған дейін жігіттер газ құрылғысының жарылысынан құлаған екіқабатты үйдің үйінділерінің арасынан бір отбасы және бесіктегі сәбиді шығарып алған болатын. Құтқарушылардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олардың арқалаған жүгі ауыр, бейбіт заманда ең қиын жағдайда қалған адамзатты құтқарады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.