ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:24 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 680 раз

Кейінгі кезде туа бітті мүгедек, даун, аутизм синдромы сияқты денсаулық ақауымен туылып жатқан сәбилер көп. Нәресте кезінен-ақ ми қысымының науқасына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі мен қан айналымы бұзылған, дамуында тежеу бар балаларға елімізде қандай жағдайлар қарастырылған? Арнайы оңалту орталықтары балаларға қаншалықты көмегін тиігізіп жатыр? Міне, осы сынды маңызы бар сауалдар көптің көкейін толғандырары анық. Біз де осы сауалмен Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Аялы алақан» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, жұмысымен танысып қайттық.

erekshe

 

Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға толық стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызмет көрсетіледі. Орталықта бүгінгі таңда 116 бала ем қабылдауда. Дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік, оңалту шараларын жасайды. ЛФК, монтесори кабинеті, сенсорлық кабинет, балалардың ерекшелігіне сәйкес арнайы спорт алаңшасы да бар.
Жоғарыда айтқандай, орталықта 116 бала бар. Олардың жартысынан көбі жүре алмайды, көпшілігі сөйлей де алмайды. Мұндағы мамандардың айтуынша, науқастарды мән бермеу, қарсылық көрсету және мақтау әдістері арқылы оңалтады. Өзін қоярға жер таппай, мазасызданып кеткен балаларға мән бермеу аутист баланы сабырға шақырудың ең тиімді тәсілі көрінеді. Ал қарсылық көрсету шарасы науқастың өз-өзіне залал келтіру немесе қоршаған ортаға қауіп төндіргенде жасалады. Егер бала нәтижелі жұмыс істеп, тапсырмаларды үздік орындаса, мақтап, қошемет көрсетіледі.
– Ерекше балалар физикалық жағынан әлсіз келеді. Сондықтан оларды үнемі салауатты өмір салтын сақтауға үйретеміз. Егер жасағысы келмесе, өзіміз жасап, үлгі боламыз. Сосын ол сенің әрекетіңді міндетті түрде қайталай бастайды. Оның аз еңбегінің өзін мақтап-мадақтаймыз. Кез келген адамды мақтау өсіреді дегендей, балалар да бұл жасаған әрекеті жақсы екенін түсінуі керек, – дейді орталық маманы.
Балаларды өмірге бейімдеуге, сәл де болса қатарға қосуға бағыттылған ем-дом шараларының маңызы зор. Осы орайда педагог-психолог, дефектолог, логопед мамандарының қарқынды жұмысы оң нәтижесін берері анық.

erekshe-1


– Балалардың тілін шығарып, оларды сөйлеу, оқу деңгейіне жеткізу ең үлкен міндет. Біз алғашында балаға ашық дыбыстарды айтқызамыз. Кейіннен қатаң дыбыстарды айтқызамыз. Солай сөздер, сөйлемдерге ауысамыз. Сөздік қоры көбейген балалардың ұсақ қол моторикасы реттеледі. Яғни, тұрақты түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде балалардың музыка ырғағын сезуі, әуенге қосылып ән салуы, ыңылдауы, жаңа дыбыстарды шығаруында оң көрсеткіштер бар. Жалпы, нәтиже жаман емес. – дейді орталықтың дефектологы.
Сондай-ақ, орталықта қызмет алушылардың ата-аналарымен кері байланысты орнату мақсатында жоспарлы түрде тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Ол балалардың сауығуы үшін ата-ана және мамандар болып, бірігіп, шыдамдылықпен қолдау көрсету, күресу үшін маңызды.
– Ерекше балалар да қоғамда өздерін еркін сезінуі қажет. Сондықтан біз де балалардың бәрі бірдей, бейкүнә екенін ұмытпауымыз қажет. Олардың ерекше болуы – тағдыры деп қабылдап, сәбилердің бақыты үшін қоғам болып қол созғанымыз жөн-ақ. Біздің орталыққа келетін әр бала өзінше ерекше. Баламен көңіл-күйіне қарай жұмыс істейміз. Бір нәрсені жаса деп қинамаймыз. Әрдайым мейірім мен қолдау көрсету мен қамқорлықты сезінген бала да үйреткеніңді қайталағысы келіп талпынады. Дегенмен біздің сабақ өтетін 40 минутымыз ештеңені шешпейді. Үйлеріне барғанда ата-ана да үздіксіз баламен айналысуы керек. Балалар таңертең орталыққа қуана келеді, ішкі сезімдерінің тұнықтығы ғой, үйге қайтатын уақыттары жақындағанда аналарын күтіп тыпыршып кетеді, – дейді орталықтың психологы Раушан Сақбаева.
Қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына тиесілі 17 орталық бар. Оның ішінде 11 орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, яғни, психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға қызмет көретіледі. Осыған орай, даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе – инклюзивтік білім беру. Айта кетейік, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға даму ерекшеліктеріне, мінез-құлық және эмоциялық жағдайларына байланысты тиісті деңгейде білім алуда тұрақты, уақытша қиындықтары бар балалар жатады. Ерекше білімді қажет ететін балалар денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алатын, мектеп партасында барлық балалармен теңдей білім алуға мүмкіндігі бар балалар деп денсаулық жағдайларына қарай бөлінеді. Балалардан бөлек, елімізде оқушылар мен ата-аналарына психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, қолдау жұмыстары басты назарға алынған. Осындай қолдаулар арқылы ерекше білім алатын балалар назардан тыс қалмай, қатарынан кем болмай өсетініне бар жағдай жасалынып келеді. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар кішкентайының қатардан қалмай, дүниетанымы, өмірге бейімделу дағдысы қажетті деңгейде қалыптасқанын қалайтыны анық. Осы санаттағы отбасылардың қасынан табылып, жан-жақты қолдау көрсететін орталықтардың қатары көбейіп жатқаны қуантады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.