Көкжөтел

Вторник, 21 Ноябрь 2023 04:51 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 693 раз

Көкжөтел – циклді ағым ұстамасымен білінетін спазмды жөтел, қоздырғышы таяқша тектес бактерия, ауа-тамшылы және байланыс арқылы берілетін инфекциялық ауру.  

Шымкент қаласында көкжөтел кеселі ағымдағы жылы тіркелмеді, эпидемиологиялық ахуал қалыпты.

Инфекцияның көзі – науқас немесе бактерия тасымалдаушы. Бактерия қоршаған ортада төзімсіз. Бактериялар науқастың тыныс алу жолында өсіп-өнеді. Инкубациялық кезеңнің соңы мен спазмды жөтелде ауру қоздырғышты ауаға демі және жөтелгенде түкірік тамшысымен бөлгеннен айналасындағыларға жұқтыруымен қауіпті болады.

Бір рет ауырған қайталап ауырмайды, ағзада өмірлік иммунитет қалыптасады.

Клиникасы.

Науқаста көкжөтелдің клиникасы 4 кезеңмен өтеді: инкубациялық, катаралды, спазмды жөтел және шешілу кезеңі. Класификациясы бойынша типті және атипті. Өз кезегінде атипті түрі абортивті, жасырын, симптомсыз, транзиторлы бактерия тасымалдаушы болып бөлінеді.

Инкубациялық (аурудың білінбейтін) кезеңі 4-6 (көбінесе 5-8) күннен 3 аптаға дейін созылады. Ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаннан кейін бір немесе екі аптадан кейін аурудың клиникасы басталады. Алғашқы кезде суықтаған белгілермен бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5-39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), 2-3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады, қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, тілі аузына симай, құсады, кейде кіші дәретін де ұстай алмайды. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптадан кейде 2 айға созылады, кейде 3 ай немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Көкжөтел, әсіресе, бір жасқа дейінгі емшектегі балалар үшін қауіпті, сондықтан көкжөтелге қарсы екпені мүмкіндігінше ерте жасаған дұрыс. Жөтел ұстамаған аралықта баланың дені сау болып көрінеді. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2-3 апта «жай» жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады.

Алдын алу.

Көкжөтел 20 вакцинамен басқарылатын және бұғатталатын инфекциялар қатарына жатады. Қоғамда вакцинадан бас тартушылар көбейсе және көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы жоспарлы егуді алмағанда ұжымдық иммунитет төмендейді, сондай-ақ қоршаған ортада көкжөтелдің қоздырғышы күшейіп, ауру өрши бастайды. Осыған орай қырағылық танытып, халық арасында көкжөтелдің алдын вакинациялаумен алған жөн!

ҚР Үкіметінің 24.09.2020 жылғы «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» №612 қаулысының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға емханаларда 2, 3, 4, 18 айлығында және 6 жаста мезгіл-мезгіл дені сау кезінде көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы біріктірілген вакцина тегін салынады.

Маңызды!

-Қоршаған ортаға жұқпаны таратпау үшін науқасты дер кезінде оқшаулап, диагнозды анықтау үшін дер кезінде дәрігерді шақыртумен тексеріп-қарап, тиісті анализді тапсырып, тағайындалған дәрімен емдеу керек;

-Бөлменің ішін жиі желдету, дезинфекциялық құралдарды қолданумен ылғалды жуу мен жинау;

-Жеке бастың гигенасын сақтау, қолды жиі жуу немесе антисептикпен өңдеу.

Аурумен байланыста болған балаларға басқалардан оқшаулап 14 күн бойы медициналық бақылау жүргізеді.

Мұндай инфекцияны өз бетімен емдеуге болмайды.

Сақ болайық, жақынымызды сақтайық!

 Шымкент қ. СЭБД басшы орынбасары А. Тұрымбетова 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.