ҚАНДАСТАРҒА ҚАМҚОР БОЛҒАН ОРТАЛЫҚ Избранное

Среда, 13 Декабрь 2023 04:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 494 раз

Биыл Шымкентте 1 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды

Биыл Шымкентте 766 отбасы тарихи отанына оралып, 1 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алған. Алты айға мәртебесін ұзартқандар саны 47 отбасынан 62 адамды құрады. Қандас мәртебесін алған азаматтардың 612-сі ер, 584 әйел, 400-ге жуығы 18 жасқа дейінгі балалар, 93-і зейнеткер және қалған 712 адам еңбекке қабілетті. Оның ішінде 121 адам жоғары, 328 арнайы орта, 226 азаматтың жалпы орта білімі бар. Елге келгеннен кейін оларды бейімдеп, жұмыспен қамтуда қол ұшын созу мақсатында «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы жұмыс істейді. Оларға мұнда 10 түрлі қызмет тегін көрсетіледі. Орталықтың жұмысымен арнайы танысып қайттық.

dvor-1

 

Елімізде биылдан бастап Әлеуметік Кодекс аясында қандас мәртебесін берудің жаңа тәсілі енгізіліп отыр. Құжаттар Қазақстан Республикасының шет елдердегі өкілдігі арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Сондай-ақ тарихи отанымен байланысты нығайтуда шет елде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы енгізілді. Аталған картаның иесіне елге кіру – ұзақ мерзімді виза алу құқығымен беріледі. Өз кезегінде «Ата жолы» картасын ұсыну туралы өтінішті Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің мобильдік қосымшасы арқылы бере алады. «Ата жолы» картасының қолданылу мерзімі – 10 жыл.
Орталыққа келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Көрші елден 1166 адам келсе, Қытайдан – 16, Ресейден –8, Қырғызстаннан – 1 және Ауғанстаннан –2, Тәжікстаннан –1 және Түркиядан –2 адам қоныс аударған. Қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда-саттықпен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысып жатыр.

dvor


– Қандастарға қолдау көрсету мақсатында 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Сала мамандары ҚР Заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына алты ай бойы бейімдеу және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Биыл қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 86 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарына, жастар практикасы және әлеуметтік, алғашкы және қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. 46 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алды. Орталықта тегін тұратын қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне ақпараттық-анықтамалық қызметтерді ұсыну, мемлекеттік тілді, қалауы бойынша орыс тілін үйрету, еліміздің тарихын, мәдениетін және дәстүрін танып-білуге қолдау жасаймыз. Сондай-ақ заңнамалық негіздерге және шағын бизнес ашу курстарын, әр түрлі мәдени шаралар өткізу, құқықтық көмек көрсету (кеңестер, консультациялар және тіркелуге көмектесу, оралмандардың көшіп келу квотасына енуге, азаматтық алуға, әлеуметтік жәрдемақылар алуға өтініштер беруге) аударма бойынша қызмет ұсыну, жұмысқа орналастыруда, кәсіби даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда көмек көрсету сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға, Қазақстан азаматтығын алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу бойынша да қызмет көрсетіледі. Казіргі таңда, орталықтағы орындар 55 адамға арналған. Отанына оралған қандастарымыз осында алдымен 6 ай тұрып, тегін қызмет түрлерін пайдалана алады. Онда арнайы асхана, демалатын бөлмелері бар. Отбасы санына қарай арнайы бөлмелер ұсынылып, құрал-жабдықтармен қоса төсек-орындармен қамтылады. Сонымен қатар кіші кәсіптік мамандықтарға оқытып, алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруға атсалысамыз. Құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек түрлерін ұсынып, мектепке, емханаға кедергісіз орналастырылады. 2023 жылдың басынан бастап қандастар орталығында 23 отбасы 55 адам қызмет түрлерін алды. Қазіргі таңда орталықта 18 отбасы 45 қандасымыз қызмет алып жатыр. Оның 24-і ересек, 11-і мектеп жасындағы бала, 10-ы мектепке дейінгі балалар. Орталыққа қандас мәртебесіндегі яғни, қандас куәлігі бар тұлғалар орналасады, – дейді орталықтың басшысы Бақытжан Сұлтанбеков.
Мекеме басшысының айтуынша, орталыққа орналасу үшін «Қандас» куәлігі және Қазақстан Республикасы азаматтығына құжат тапсырған болуы шарт екен.
– Осы екі құжат болған жағдайда, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының көші-қон және қандастармен жұмыс бөліміне қандастар орталығына орналасуға өтініш білдіреді. Басқарма құжаттарды қарап шығып, дұрыс болған жағдайда жолдама ұсынады. Осы жолдама арқылы орталыққа орналасады. Қазіргі таңда 10 қандас азаматтығын алып, 35 қандастарымыздың азаматтық алуға құжаттары қаралуда. Мекемеде қандастарға психологиялық көмектер ұсынылып, қалалық №2 емханаға тұрақты тіркеуге қойылады. Мектеп жасындағы балалар мекеме аумағына жақын жерде орналасқан № 21, №26 жалпы білім беретін орта мектептерге толық орналастырылған. Қызмет алушы қандастардың мектепте білім алатын балалары ыстық тамақпен толық қамтылған. Мектеп жасына дейінгі балалар ата-аналарының қалауымен балабақшаға орналастырылады. Шымкент қалалық білім басқармасының «Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығымен» ынтымақтастық меморандумы жасалып, орталықта қызмет алушы қандас балаларымызға бос уақытын тиімді пайдалану, ұлттық өнер, самбо, жас мерген, дебат клубы, футбол, волейбол, таэквандо, шахмат, шашка, құқықтық сауат ашу, қаржылық сауат ашу, қазақ тілі, ағылшын тілі, қазақша күрес, сурет салу, домбыра, дзюдо, би, көркем сөйлеу бойынша тегін үйірмелері ашылған,–деді мекеме басшысы.
Бұл жерге қыркүйек айында Өзбекстан Республикасынан келген жас ана Салтанат Сәдуақасова екі баланың анасы. Ол құжаттарын тапсырып, өзіне ұнайтын мамандықты да меңгеріп алыпты.
–Ата жұртқа отбасымызбен қоныс аудардық. «Құжаттарды қалай тапсырамыз, қай мекемеге барамыз», деп уайымдап келгенде осы орталық жайында естіп-білдік. Орталықта барлық жағдай жасалған. Тұратын жеріміз тегін. Дәл қазір пәтер жалдасақ қиналып қалатын едік. Өйткені жолдасым құрылыспен айналысып, азын-аулақ табыс табады. Мен балалар кішкентай болғандықтан ешқайда шыға алмаймын. Осы орталықтың көмегімен «балалар массажы» мамандығын меңгеріп алдым. Енді осы сала бойынша жұмысқа орналасатын ниетім бар. – деді
С.Сәдуақасова.
Қандастарға кіші кәсіптік мамандық кондитер, тігінші, балалар массажы, аспазшы, маникюр, шаштараз, газэлектродәнекерлеуші, электрик және қазақ тілі, орыс тілі, ҚР Заңнамасы, еліміздің тарихы, этно-педагогикасы әдет-ғұрып, халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие, шағын бизнес ашу бойынша сабақтар оқытылады. Тарихымызды таныту мақсатында мәдени, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, атажұртына оралған қандастар оған белсенді қатысады. Солардың бірі – Зәуре Өскенбаева.

dvor-2


–Мен Өзбекстанның Бостандық ауданы Абай ауылынан көшіп келдім. Жасым 52-де. Күйеуім екеуміз қыздарымызды өз елімізге ұзаттық. Сосын екеумізде елге қайтуды ұйғардық. Басында «тұратын жер жоқ», деген қорқынышпен келген едік. Бірақ осы орталық бізді жайғастырып, құжаттармызды тапсыруға көмектесті. Мен өзіме ұнайтын тігінші мамандығын оқып-меңгердім. Қазір ұлттық киімдер, қазақша шапандар тігіп жатырмын. Орталықтың іс-шараларына белсенді қатысып, түрлі сый-сияпаттар алдым. Бізге барлық қолдауды көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтамын, – дейді З.Өскенбаева.
Сонымен қатар, қызмет алушы қандастардың жұмысқа орналасуы мен кіші кәсіптік мамандықтарын оқытуға жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығымен жасалған меморандум негізінде қыз-келіншектерді тігінші, кондитер, аспаз, шаштараз, әсемдік курстары, балалар массажы, ер азаматтар үшін электрик, дәнекерлеуші, автомеханик мамандықтары бойынша кәсіптік біліктілігін арттыруға оқытылып, жұмысқа орналастыруда мүмкіндіктер жасалған. Орталықта қызмет алушы қандастарымызға, ҚР «Отандастар қоры» мен жеке кәсіпкерлер, қайырымдылық қорлар тарапынан әлеуметтік-материалдық көмектер ұсынылады екен. Мұндай көмекке қандастарымыз ризашылығын айтып, алғыстарын жаудырды.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.