БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ 4 ТИІМДІ ТЕТІГІ Избранное

Среда, 05 Июль 2023 05:11 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5696 раз

Халық саны жыл сайын өсіп отырған мегаполисте баспанаға сұраныс та өте жоғары. Мемлекеттен тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы бөлініп, баспана салу жыл сайын артса да, қалың кезектің алға жылжымай, халықты әбігерге түсіретіні тағы бар. Тұрғын үй кезегіне тіркелгендердің статистикасына назар салсақ, екі жылда 7,5 мың адамға көбейген. Мәселен, 2021 жылы тұрғын үй кезегінде – 42 269, 2022 жылы – 48 603 адам кезекке тұрған болса, биыл 49 752 тұрғын тіркелген екен. Кезектің жылжымай немесе кейінгі кезекте тұрғандардың алға шығып кету жағдайлары көбейгендіктен, пәтер беру бір терезе әдісімен жүзеге асып, екі кезек бойынша үлестірілетіндігін білеміз. Ал, үй алудың қандай тиімді бағдарламалары бар? Үй алу үшін жинақ шотыңызда қанша қаражат болуы тиіс? Тұрғындарды толғандырған осы және өзге де сауалдарына «Отбасы банк» менеджері Айнұр Құлтасова түсіндіріп берді.

407

 

–Айнұр ханым, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Отбасы банк» болып өзгергелі елімізде баспаналы болғандардың қатары көбейіп келе жатқан сияқты. Бүгінде мемлекеттен берілетін жеңілдетілген тұрғын үй заемдары тек «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады ма, әлде басқа да жолдары бар ма?

4085

–Меніңше банк атауының өзгергендігінде емес, мұны Мемлекет басшысының халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге басымдық беріп отырғандығының жемісі деп білемін. Қазіргі таңда тиімді бағдарламалардың пайда болуы, салынып жатқан тұрғын үйлердің шаршы метрінің жыл сайын көбеюі көңіл қуантатады. Институционалдық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 2020 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» «Отбасы банкіне» айналдыруды тапсырды. 2020 жылдың 20 желтоқсанында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы «Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы болып қайта тіркелді. Банк өзінің негізгі қызметін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде жалғастыруда және өз клиенттеріне қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары бойынша заемдар береді. Мекеменің даму мен қолдаудың толыққанды институты ретіндегі функциялары жылдан-жылға айтарлықтай кеңеюде. Банк тұрғын үй саясатын дамыту институты ретінде қазақстандықтар арасында тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып, жүзеге асырады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» «Отбасы банкіне» айналдырудың негізгі идеясы – баспанасы жоқ әрбір қазақстандыққа табыстарына сәйкес банкке жүгіну және қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін беру.

–Яғни, баспаналы болғысы келеген адам ең бірінші кезекте не істеуі керек? Көп адамдарда қалау бар, әрекет жоқ, немесе ақша жинап үй алу мүмкін еместей көрінеді...

–Үй алғысы келген адам белгілі санаттарға жататын болса, яғни көпбалалы, асыраушысынан айрылған, жалғызбасты деген сияқты категорияларға кіріп, атында үйі жоқ болған жағдайда тұрғын үй кезегіне тұрады. Содан кейін біздің банктен депозит шотын ашып, ақша жинақтайды. Әрі қарай түрлі бағдарламалардың конкурсы кезең-кезеңімен жарияланып отырады. Сол тиімді бағдарламаларға қатысып, ұтқан жағдайда 3-5 пайызбен пәтер иесі атана алады. Бастапқы уақыттарда банк бағдарламалары жиі сынға ұшырап, адамдар сенімсіздік танытқан шығар. Бірақ қазіргі кезде «Отбасы банк» тұрғын үймен қамтамасыз етуде көш ілгері екендігін дәлелдеп бақты. Қазір қаншама отбасылар бізге салымшы болғанының арқасында пәтерлі болды. Яғни депозит ашып ақша жинақтасаңыз еш ұтылмайсыз. Мемлекеттен берілетін сыйақы бар, банктың өзінің сыйақысы бар. Ол кәдімгідей үлкен көмегін тигізеді. Иә, кейбір клиенттер «жинақтау қиын», «табысым пәтерақы төлеуден артылмайды ғой» деген пікірлерін айтып жатады. «Қалауын тапсаң қар жанады» демекші, тұтынушылар арасында жәрдемақыдан да жырып, қаражатын жинап үй алғандар бар. Ең басыты нәрсе, ол қаражат жинаудан да бұрын ішкі ниет, ерік-жігер керек. «Отбасы банкте» төрт жылдан аса уақыт қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралағында менен кеңес алған жүздеген клиенттерім баспаналы болды. Үлкен жетістік кішкентай қадамдардан басталатындығының дәлелі осы болса керек-ті.

–Жақсы, тиімді бағдарламалар туралы толық ақпарат айтып өтсеңіз?

–Дәл қазіргі уақытта «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Бұл өте ауқымды және тиімді бағдарламалардың бірі десем болады. Себебі екі пайызбен беріледі, бастапқы жарна он пайыз. Бұл бағдарлама арқылы тұрғын үйге кезекке тұрғандар ала алады. Көпбалалы, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған бағдарлама. Бастапқы жарнаны өзі тұратын аймақтың әкімдігі берген тұрғын үй сертификаты есебінен өтеуге болады, тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санатын әкімдік анықтайды. Одан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы. Ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме -–жылдық 5 пайыз, бастапқы жарна – 20 пайыздан басталады. «Әскери өнім» бағдарламасы арқылы да біршама отбасылар үйлі болды. Ол – қорғаныс саласының қызметкерлеріне арналған. Тұрғын үйді сатып алу үшін мемлекеттен төленетін тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие беру бағдарламасы. Тағы бір ауқымды бағдарламаның бірі – «Өз үйім». Бұл – «Отбасы банкінің» жеке бағдарламасы. Ол банк салымшыларына бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Ең төменгі бастапқы жарна – үй құнының 20 пайызы. Бағалар нарықтағы үй құнынан төмен. Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады. Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес. Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Маңызды бағдарламалар туралы қысқаша айтып өттім. Бұдан бөлек, жыл сайын жаңарып, қабылданып отыратын бағдарлама түрлері бар. Үй алуға мүмкіндіктер көп.

–Кезекке байланысты айтып өтсек, бұрындары көпшілік тұрғын үй кезегінің жылжымайтындығына шағым айтатын. Қазіргі ахуал қалай?

–«Отбасы банктің» мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламаларына қатысу үшін тұрғын үй кезегіне тұру маңызды. Бірақ банктың баса назар аударатыны – ол сіздің төлем қабілетін растай алуыңыз. Жинақтау барысында ақшаны ай сайын үзбей, кешіктірмей салып жүретін болсаңыз балдық көрсеткішіңіз жоғары болады. Ол жоғарылаған сайын несие пайызы төмендейді. Жоғарыда айтқанымдай жинақтау кезек күтпей-ақ тезірек алуға мүмкіндік береді. Кеңес алуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бөлімшеге келмей-ақ банктың онлайн платформасы арқылы кезегіңізді көріп, конкурсқа да өтінім тастай аласыз.

–Әңгімеңізге рахмет!


Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

 

ҚАБЫЛДАУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкентте «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жалпы саны 116 пәтерге өтінімдер қабылдау жүріп жатыр. Конкурсқа өтініштерді қабылдау 2023 жылдың 18 шілдесіне дейін жүргізіледі.
Аталған конкурсқа 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасының конкурсына қатысып, негізгі тізіміне кірмеген, осы бағдарлама бойынша өте алмаған, яғни өткен жылдың резервтік тізімінде қалған қатысушылар өтінім бере алады. Дәл осы азаматтарға төлем қабілеттілігін растау қажеттілігі туралы ұялы телефондарына SMS хабарлама жіберілген. Яғни қатысушыға смс хабарлама келген жағдайда және төлем қабілеттілігін растап қойса, «Бақытты отбасы» бағдарламасының дәл осы конкурсына қатыса алады.
Конкурстық пәтерлер Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан 9 қабатты №13,14,15,16 тұрғын үйлерде орналасқан.
Ондағы 1 бөлмелі пәтер саны – 54 пәтер, 2 бөлмелі пәтер саны – 16 және 3 бөлмелі пәтер саны – 46.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.