Таланттарды танытуға мол мүмкіндік Избранное

Пятница, 15 Октябрь 2021 06:23 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 485 раз

21d168e8-7232-4dc6-a6c8-e06a8dae9e7f

Шымкентте қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік құрдастары» атты жас суретшілер көрмесі ашылды. Кескіндеме өнеріндегі келісті туындылар топтастырылған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

Кештің ашылуында сөз алған кітапхана директоры Нұрила Жұманова аталған көрме жас суретшілердің туындыларын танытуға септігін тигізетінін жеткізді. Ал Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі директорының орынбасары Досжан Жұмабаев осындай көрмелер жас қылқалам шеберлерінің жаңа шығармаларды дүниеге әкелуіне ынталандыратынын тілге тиек етті.
– Мегаполис жастарының тәуелсіздіктің мерейтойына деген сый-таралғысын жасап жатыр. Жас қылқалам шеберлері он саусақтың құдыретімен еліміздің төл тарихын, бүгінгі жеткен жетістіктерін бейнелеп, көпке ұсынуға көшті. Іс-шараның негізгі мақсаты – іргелі еліміздің Тәуелсіздігін ұлықтау, Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан дарынды жастардың шығармашылық өнерін насихаттау, жаңа есімдерді қалың жұртшылыққа таныстыру және елдің мәдени дамуына қомақты үлес қосатын жас өнерпаздардың бастамаларына қолдау көрсету. Ұсынылған жұмыстар ұлттық көріністерді қамтып, мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттайды, - деді Н.Серікбайқызы.
Көрмеде С. Абдураимова, А. Бұхарбаева, А. Тасболатова, Ж. Абдалимова сынды жас қылқалам шеберлері өз шығармаларында тәуелсіздікті басты тақырып етіп алғанын айтып, өз ойларын ортаға салды. Жалпы, көрмеге 30-ға жуық картина ұсынылған. Мұнан бөлек, «Қазақ бейнелеу өнерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітап сөресі жасақталған. Онда Т.Батанов, Е.Төлебай, С.Алжан, Р.Юсуповтардың авторлық еңбектерімен танысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, кешке жиналғандарға «Ә.Қастеев – қазақтың тұңғыш суретшісі» деректі фильмі ұсынылды.
Айта кетейік, қала тұрғындары мен қонақтары жас суретшілердің туындыларын 31 қазанға дейін «Абай» атындағы орталық кітапханадан тамашалай алады.

А.ЖАППАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.