Өмірі өрнектелген кітап Избранное

Пятница, 17 Февраль 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1605 раз

оқырманға жол тартты

Қаламыздың әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында журналист, жас жазушы Жәмиля Бахтиярқызымен кездесу кеші өткізіліп, автордың өз өмірі өзек етілген «Бәйшешек» кітабы қалың оқырман қауымға таныстырылды.

15

 

Әлемдік әдебиеттің алыбы Эрнест Хэмингуей «жазушыға бақытсыз балалық шақ керек» десе, әдебиет әлемінің «Қылмыс патшайымы» Агата Кристи «жазушы болу үшін ең әуелі бақытты балалық шақ керек» деген екен. Демек, әр адамның, әсіресе, қарымы мол қаламгердің қалыптасуы үшін қызық пен шаттыққа толы ханбазар бақытты балалық шақ немесе толқымалы тұстары көп талайлы тағдырдың керек болғаны ғой. Әрине. Дегенмен, осы орайда сананың терең бір қалтарысынан жылт етіп, көмескілене қылаң берген бір сұрақты және айтпай кете алмаймыз. «...Көрген түстей зымырап, зулап өте шығар аз күндік балалық шақта қызықты да, шыжықты да молынан көрген жас өскін ше? Ол қандай болмақ?» Шынында да, жиырманың желкенін көтеріп үлгермей жатып-ақ өмір желінің өтінде қалып, тағдыр теңізінің талай теперішін көріп үлгерсе де жұп-жұмыр нәзік жүрегі «өмір» деп соққан балаң болмыс иесі - ол қандай болмақ? Бүгінгі кеште біз осы сұрағымызға жауап таптық.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада болып өткен жүздесуде он жасынан бастап сирек кездесетін қатерлі дертке ұшырап, өмірінің оннан астам жылын сол дертпен күресуге арнаған, ақыр-аяғында өзінің өмірге деген құштарлығы мен сарқылмас ерік-жігерінің арқасында қатерлі дерттің «қасірет» құрсауын бұзып шығып, еркін өмір мен бақытты тұрмысқа қол жеткізген өр рух пен өмірге ғашық нәзік жүректің иесі Жәмиля Бахтиярқызы кітапхана оқырмандары мен қаламыздың бетке ұстар бірқатар зиялы тұлғаларымен кездесті. Елімізге белгілі жазушы-журналист Күлия Айдарбекова тізгінін ұстаған кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәркен Танабаев пен бірегей фантаст-жазушы Сарманбай Исақ арнайы сөз сөйлеп, жігер мен ізгіліктің ұясы болған нәзік жүрек иесі Жәмиляға ақеділ ағалық тілектері мен келешегіне деген мол үміт, зор сенімдерін білдірді. Риясыз сұхбатқа құрылған жүздесуде автордың өзінің өмір жолымен өрнектелген тырнақалды туындысы жайлы оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, түрлі пікірлер айтылды. ОҚМПУ-нің 3 курс студенті Тұрғанбек Самал «өмірдің өзінен өзек алған бұл туынды автордың өз қатарластарынан екшеліп шығып, танымның ең биік сатысы парасат биігіне көтерілгендігінің анық айғағы. Себебі, өмірдің ұзыннан-ұзақ сұлап, созылып жатқан сүрлеуінің жиырма деп аталар кішкене жотасына ғана аяқ тіреп үлгерген Жәмиляның «мен кіммін? Мен не үшін жаралдым?» деп өзіне-өзі сұрақ қоюы бүгінде біршама өмір белесін артқа тастаған аға буын, үлкендердің де бойынан табыла бермейтін ірілік...» деп, автор мен оның шығармашылығына көпшілік сүйсінген айрықша бағасын білдірді.
Балалықтың бал шырынын да, қайғының көңілге зіл орнатар запыранын да ерте жастан татып көрген, ата-ананың мейірімене малынып, нұр ұялаған жүздерінен бақыт тауып, қуанышқа кенелген, аурумен арпалысқан сәттерінде сол ата-анасының қайғыдан езілген еңсесін, шарасыздықтан төгілген жасын да көрген, бірақ уақыт өте барлық қиыншылықты еңсеріп шығып бүгінде ортамызға өзі айтқандай «аурудан айыққан журналист, сау жазушы, келешектегі аурудан ада, бақытты Жәмиля ана» болып оралған Жәмиля Бахтиярқызымен болып өткен жүздесудің ұзын-ырғасы осы. Біздің алғашқы жолдардағы сұрағымыздың жауабы айқындалар тұс та осы тұс секілді. Балалығынан бақыт пен қасіретті, қиыншылықты қатар көріп өскен бала жетіле келе қандай болмақ? Біздіңше, Жәмиляның әкесі мен анасындай әркезде арқа сүйер ата-анасы, қолдау білдірер қамқоршысы және өмірге ғашық жүрегі болса Жәмилядай алдағы жолы даңғыл, келешегі жарқын бақытқа лайық жан, өзгелердің жүрегінде сенім отын тұтататын айрықша талант, жазушы болмақ. Біз де жас жазушының осы жолда жігерінің сарқылмай, арман-мақсаттарына жете беруіне шын жүрекпен тілектестік білдіреміз.

ТҰРСЫНБАЙ ЕШІМОВ,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Бәйшешек – ғұмыр Талантқа тұсау жоқ »