Желідегі өмір

Вторник, 07 Февраль 2023 06:18 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1703 раз

Күнделікті тіршілігімізді виртуальді өмірмен қабыстырып тастағанымыз соншалық, етене жақын қарым-қатынасқа толы шынайы өмірімізден алшақтап кеткендейміз. Тіптен, ағайын-туған, дос-жаранды айтпағанда, отбасы мүшелерінің өзі ортақ чат арқылы байланысатын күйге түстік. Әлемжелі болмай тұрғанда емен-жарқын дидарғайыптасып, «Көз көрсе, жүз ұялады» дейтін адамзаттың ғұмыры алақандай телефонның ішіне кісенделді.

8200

 

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында Алмас Шымалиевтің режиссерлігімен Айнұр Кәрімнің «WHATSAPP 5Б» комедиясының премьерасы өтті. Шаниндіктер қоян жылын осылайша бала мен ересекке ортақ тақырыптағы көңілді премьерамен бастады.
Оқиға 5 Б сыныптың ата-аналар чатындағы қым-қуыт қақтығыстан бастау алған. Сахнада төрткүл дүниені дөңгелетіп отырған WHATSAPP-тың таңбасының үстіне ілінген құмсағатты көргенде (қоюшы- суретші Мұхаммед - Қанапия Жайлау) үйреншікті жайттың сахнадан шыққанына анау айтты мән бермейсің. Алайда, сахна ашылғанда көрген қалыпты жайт тағдырлар қақтығысының қан майданына айналғанда, комедияға бірте-бірте ендей түсесіз. Күлесің. Бірақ, қойылымның оқиғасына сүңгігенде, кейіпкерлермен бірге мұңаясың, жылайсың, қуанасың.
Шынында, бүгінгі қоғамда оқушының бар мәселесін неге ата-аналар көтереді?.. Үйге берілген тапсырмадан бастап, мерекелік костюмге дейін ата-аналардың басы қатып жатқаны. Бұл, қоғамның келбеті ме, әлде, ата-аналардың баласына ерекше өбектеуінен туған мәселе ме?..
Бүгінде WHATSAPP – кәдімгі отбасының мүшесіне айналды. Қызығы, соңғы кезде телефонмен сөйлесуге де ерінеміз. Ең жеңіл жолы — ватсапқа хат немесе дыбыстық хабарлама жолдай салу. Кейде тіптен, бір бөлме отырып, екінші бөлмедегі балаңа ватсапқа хабарлама жолдайтын заман туды. Аяғы не болмақ?..
Қойылымдағы бірнеше ата-ана арқылы қоғам келбеті айшықталған. Біреуі – өзін сүйетін кербез болса, енді бірі «табиғаты ерекше баласын» қызғыштай қорғаған Ана. Жансыз WHATSAPP-тағы жанды тағдырларды біріктірген ортақ мүдде – қайтсем балама жақсы өмір сыйлаймын?..
Ұрыс-керіс те осында, жанжал да осында. Аяғында WHATSAPP-сыз тіршілік тұйыққа тірелгенін көргенде, жаһанданудың желкеден төнбек түгілі тұлабойымызға ендеп кеткенін көресіз. Әлбетте, WHATSAPP тіршілігіміздің діңгегіне айналды. Одан қашып құтылмаймыз. Әйтсе де, көзбен көз түйіскенде жылулық сыйлайтын шынайы қарым–-қатынасты ұмытпағанымыз жөн.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ
драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.