Ахмет Байтұрсынұлы – феномендік тұлға Избранное

Среда, 20 Апрель 2022 03:57 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2037 раз

Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатыр. Наурыз айында Түркияның Стамбул мен Анкара қалаларында Түрксой ұйымының ұйымдастыруымен халықаралық жиын өтсе, сәуір айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы ұлттық кітапханада А.Байтұрсынұлына арналған көрме өткізілді. Дегенмен, ұлт ұстазының мол мұрасы әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының феномендік тұлғасы оның еңбектерін егжей-тегжейлі зерттегенде ғана ашыла түспек. Бұл бүгінгі ахметтанушылардың алдында тұрған зор міндет. Осы тақырыпты жуырда ОҚМПУ-да өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жиналған ғалымдар өзара талқылады.

40

 

«Ахмет Байтұрсынұлы феномені және қазіргі гуманитарлық ғылым көкжиегі» деп аталатын конференцияға Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде А.Байтұрсынұлы мұрасын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар қатысты. Конференция жұмысын ашып берген университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз қазіргі таңда еліміз үшін де, ұрпағымыз үшін де аса жауапты кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Қазақтың дəстүрлі өмірінде елге, халыққа, салт-санаға, дінге, ділге жауапты тұлғалар, тіпті қоғамдық лауазым-қызметтер болған. Елімізді бүгінгі күнге жеткізген, тереземізді өзгелермен теңестіріп, тәуелсіз мемлекет еткен де солар болатын. Өкінішке орай, біз сол жүйеден көз жазып қалдық. Оның себебін бәріміз жақсы білеміз. Өткен ғасыр басында тəуелсіз мемлекет құруды көздеген алаш зиялылары ұлттық бірегейлікті сақтауды, азаттықты мақсат етті. Сол жолда өздерін құрбан етті. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың басында жазған еңбектерінің ХХІ ғасырдағы қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттармен, инновациялық парадигмалармен, жаңа педагогикалық технологиялармен сабақтастығының анықталып отырғаны көп жайды аңғартады. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының біздің ғасырдың ғана емес, келер ғасырлардың да жасампаз жаршысы, ұлы ұстазы бола береді дегенді білдірсе керек,- деді ол.
Иә, мемлекет жəне қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, əдебиет зерттеуші, түркітанушы, ақын, публицист, педагог, аудармашы А.Байтұрсынұлының еңбектерін зерттеу елімізде 1988 жылдан бастап қолға алынды. Биыл ұлт тұлғасының 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуі – қазақ елі үшін үлкен мәртебе.
«Жалпы адамзаттың құндылықтар жүйесінде қазақ халқының ойып тұрып орын алуында А.Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі зор». Конференцияда сөз алған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова осылай дейді.

41


– Біздің зерттеуімізше, ол өзінің қоғамдық-саяси өмірінде әлеуметтік 34 функция атқарған. Халық ағарту комисариатының ең алғашқы комиссары болды, яғни қазіргі білім және ғылым министрі. Ол қазақтың ұлттық жазуының негізін жасап, қазақтың тұңғыш әліпбиін жазып шықты. Сол кездегі қазақ балаларын әліпбимен оқытатын өте сауатты әліппе шығарды. Қазақ тіл білімінің негізін қалады. Алаш қозғалысының рухани көсемі болды. Осы ретте мына бір мәліметті айта кетейін. Ресейлік Андронов деген ғалым әлем бойынша әліпби жасаған тұлғаларды зерттеген. Ал солардың ішіндегі бірегейі Ахмет
Байтұрсынұлы екенін анықтапты. Сондықтан, бүгінгі таңда ресейлік ғалымдар Ахаңның еңбектерін ерекше феномен ретінде қарап жатыр екен. Егер бүгінгі таңда қазақтың ұлттық ғылымы бар болса, бұл ұлы ұстаздың еңбегінің арқасы деп ауыз толтырып айтуға болады. А.Байтұрсынұлының бай мұрасынан әрбір ұрпақ өзіне керегін алады, - деді Анар Мұратқызы.
Анкара қаласындағы Хажы Байрам университетінің профессоры Хүлия Касапоглы Ченгелдің айтуынша, Түркияда Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері 1990 жылдары қолға алына бастапты.
– Ахмет Байтұрсынұлы тек қазақ халқына емес, түрік халықтарына ортақ тұлға. Бүгінде ғалым еңбектері университеттің түрік халықтарының жаңа әдебиеті бөлімі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының магистранттары, доктаранттарының ғылыми жұмыстарына арқау болуда, - деген ол Түркияда ахметтанумен айналысқан алғашқы ғалымдар туралы баяндап өтті.
Сөз жоқ, Ахмет Байтұрсынұлы Ыбырай Алтынсариннен кейінгі ұлы ұстаз. Ы.Алтынсарин қазақ балаларына алғаш рет мектеп ашып оқытса,
А.Байтұрсынұлы – қазақ тілін жан-жақты зерттеп, оның ғылыми негізін жасаған тұңғыш ғалым. Тәуелсіздік алғанға дейін ұлы ұстаздың атын естімеген ұрпақ,
30 жыл бойы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазір оның мол мұрасына ие болып отыр. Әсіресе, терминология саласына сіңірген еңбегі орасан. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шерубай Құрманбайұлы А.Байтұрсынұлының терминология бойынша еңбектеріне ерекше тоқталып өтті.
– Жалпы, Ахаңның қазақтың ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі ахметтанушылар оның еңбектерін бүге-шегесіне дейін зерттесе, көп жаңалық ашар еді. Терминология ғылымы да ауқымды іс. Мәселен, Ахаң жасаған 318 терминнің бүгінде 118-і қазақ тілінде тірек термині ретінде қолданылады.
1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде Ахаң терминология ғылымының даму бағытын, принцптерін белгілеп берді. Одан кейін Бакуде өткен жиында өз тәжірибесін ұсынды. «Терминді жасауда оны әркім өз ұлтының ішінде жасау керек. Ал ондай сөздер табылмай жатса, түбі бір түркі халықтарының тілінен алу керек. Біз Орынборда өткен съезде қазақ оқығандары осындай бір тоқтамға келіп едік. Сонда біздің тіліміз бір-бірінен алшақтамас еді» деген болатын. Сондықтан терминдер ұғынықты, оқығанда бірден түсінетіндей болу керек дейтініміз осыдан, -деді Ш.Құрманбайұлы.
Конференция барысында онлайн қатысқан Ресей, Өзбекстан ғалымдары тақырыпқа орай өз пікірлерін білдіріп, бүгінгі гуманитарлық ғылымының жай-күйін талқылады. Жиын соңында ғалымдар түрлі секцияларға бөлініп, баяндамалар оқып, өзара пікір алмасты.
Расында, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімі ғылымның дамуына орасан еңбек сіңірген ұлт тұлғасы. «Тіл құрал», «Оқу құралы», «Әдебиет танытқыш» басқа да еңбектері қазақты қайтіп көркейтемін, қазақ баласын қалай сауаттандырамын деген ұлттық мәселелерден туындаған. Егер өзін ұлтқа қызмет етемін, жас ұрпақты тәрбиелеймін, жас буынның санасына білім ұрығын егемін дейтін жан болса, онда ол Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасынан айналып өтпеген болар еді.

Раушан ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.