БІЛІМДІНІҢ КҮНІ ЖАРЫҚ Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:52 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3926 раз

Шымкентте өткен халықаралық білім көрмесіне әлемнің 60 елінің университеттері қатысты

Шымкентте «International Educational Fair 2023» Халықаралық білім көрмесі өтті. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арнайы келіп, болашақ студенттер мен жас мамандарға сәттілік тілеп қолдау көрсетті.

507

 

– Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономика салаларындағы кадр тапшылығын, сондай-ақ, білім беру жүйесін өзгерту қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме жастарымыздың дамуына үлкен мүмкіндік береді. Осынау ауқымды іс-шараға әлемнің 60 елінен түрлі университеттер қатысып отыр. Бүгінде көптеген дамыған елдерде тегін білім алу жолдары қарастырлған. Оған қоса жастардың шет елде жоғары білім алуына мемлекет тарапынан да қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жас мамандардың осы мүмкіндікті пайдаланып, заман талабына сай сапалы білім алуына тілектестік білдіремін. Еліміздің болашағы жастардың қолында десек, осындай іс-шаралар арқылы еліміздің кадрлық әлеуеті мықты да білікті мамандармен толысатындығына сенімім мол, –деді Қ.Асылов.
Биыл «International Educational Fair 2023» білім көрмесіне әлемнің 60-тан астам елдерінің оқу орындары қатысты. Оның ішінде жастардың қызығушылығын Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің университеттері мен білім гранттары қызықтырып отыр. Көрмеге қаламыздың оқу орындары мен мектептерден 1 мыңға жуық талапкерлер қатысты.
–Мен Мармара университетінің мүмкіндіктерін таныстырып отырмын. Түркия елінінен бес университеттің өкілдері келді. Біз бұл көрмеге жыл сайын қатысуға тырысамыз. Көріп отырғанымыздай, Шымкентте де, Астана мен Алматы қалалаларында да біздің елдің медицинасына қызығушылық жоғары. Медицина мамандығына сұраныс көп. Бұл көрменің жастардың дұрыс таңдау жасауына, шынайы ақпарат алуына да септігі мол. Ғаламторда ақпарат жеткілікті болғанымен, шет елдерге алдап шақыратындар да кездеседі. Сондықтан да көрмеге келіп шынайы ақпарат алып, таңдау жасау сенімді қадам болмақ. Бұл көрменің артықшылығы да сонда, яғни, талапкерлер университет өкілдерімен бетпе-бет отырып сұхбаттасып, сұрақтарын қоя алады, – дейді Мармара университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ильяс Кемальоғлу.

509


Көрмеге қатысқан университеттердің талаптары мен ұсынылған жағдайлары сан түрлі. Кейбір университеттерде оқу ақылы, ал, кейбірінде тек тіл білсе болғаны грант арқылы оқуға түсіп кету мүмкіндіктері бар. Біздің елде жоғары сұранысқа ие IT, робототехника, медицина мамандықтары көрінеді. Ал, көрмеге қатысушылар өте көп мамандықтардың арасынан өзіне лайықтысын таңдап ала алады. Мысалы, Литва мемлекетіндегі Klaipeda Universitу атты жоғары оқу орны теңіз инженериясы саласында озық тәжірибеге ие. Сонымен қатар бұл университет «Барса» академиясымен бірігіп, футбол жаттықтырушыларын да дайындайды екен. Тарихы терең Клайпеда қаласында орналасқан бұл университетте қазірдің өзінде қазақстандық он шақты студент білім алып жатыр.
–Клайпеда – теңіз жағалауындағы қала. Сондықтан да біздің университет теңіз істері мен биотехнологияға басымдық береді. Ал, футбол жаттықтырушыларын «Барса» академиясының бағдарламасымен оқытамыз. Университетті тәмамдаған кезде студент дипломмен қоса «Барса» академиясының «жаттықтырушы» сертификатын қоса алады. Біздің университет Еуропа университеттері альянсының мүшесі. Университетке грантқа да түсуге болады. Бірақ мүмкіндік аз. Ағылшын тілін жоғары деңгейде білу қажет, – дейді Клайпеда университетінің вице-ректоры Бенедиктас Петраукас.

510


Көрмеге қаламыздың оқу орындары мен мектептерден 1000-ға жуық талапкерлер қатысты. Студенттер мен талапкерлердің шет елде білім алуға деген ынта-ықыласы жоғары екендіктері байқалады.
–Мен Авицена медициналық колледжде оқимын. Туркияда білімімді жалғастырғым келеді. Ол елдің медицинасы дамыған. Профессор-ғалымдары көптеген аурулардың емін табуда. Сондықтан осы елде оқуды жоспарлап отырмын, - дейді студент Аяулым Мыңжасар.
Қазан айының 7-сіне дейін жалғасатын көрменің жабылу салтанаты Ташкент қаласында өтпек. «Аіі Group» білім және мәдениет, медиа компаниясы, «Віlіm» ЖШС-інің бастамасымен өткен көрме қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік білімнің қолжетімділігі мен таңдау ауқымын көрсету, жастардың жан-жақты дамуы мен білімді, дарынды жастарға тәжірбие алмасуына қолдау білдіру мақсатында жеті жыл бойы ұйымдастырылып келеді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.