Тұрмыстық өртке жол бермейік

Пятница, 09 Сентябрь 2022 08:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 811 раз

turmystyk-ort

Шымкентте 15 тамыздан бастап өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланды. Айлық аясында Еңбекші ауданының тұрғындары арасында өрттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Іс-шараға аудан әкімі, депутаттар, газ-техникалық қызмет өкілдері, төтенше жағдай басқармасының мамандары қатысып, елді мекен тұрғындарына өрттің алдын алу және жабдықтарды қолданудағы ережелерді қатаң сақтауды ескертті.

– Аудан тұрғындарын алдын ала өрт қауіпсіздігінен сақтандыру, пештердің жағдайын тексеріп, кеңес беру – біздің міндетіміз. Түсіндіру шаралары, ең алдымен, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүргізіледі, – деді аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы.

Жалпы, азаматтардың өздері өрт қауіпсіздігінің алдын алып, қадағалап отыруы тиіс, дейді мамандар. Іс-шара кезінде тұрғын үйлерге газ-анализатор құрылғысы орнатылды.

– Тұрмыста ас үйде газ баллонды қолданатындар көп. Оны пайдаланудың ережесін орындамағаннан адамдар улануы мүмкін. Улы газ иіссіз, түссіз болып келеді. Сондықтан оны иісін көпшілік сезбейді. Газ шыққан жағдайда осы құрал автоматты түрде сигнал береді. Бұл төтенше жағдайдың алдын алудың бірден бір жолы, – деді Еңбекші аудандық төтенше жағдай басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны
Ақмырза Бабаш. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары өрт тактикалық оқу-жаттығу жылына екі рет ұйымдастырылатынын айтып өтті.

– Бұл жолы Көксай-2, Көксай-3 көшелеріндегі жеке тұрғын үйлердің жалпы тығыз орналасуына байланысты өрт тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Жақын әрі қатар орналасқан үйлерде өрт тұтанған жағдайда тез ұлғайып кетуі мүмкін. Сондықтан, өрт бола қалған жағдайда қандай әрекет керегі жайында тұрғындарға кеңес те берілді, – деді Еңбекші аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Сәрсенбаев.

Шымкент газ инспекциясының мамандары да тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші орынға қояды.

– Біздің жұмысымыз – қауіпсіздікті қадағалау. Ең бірінші тұрғындар жауапты мекемелермен келісімшартқа отыру керек. Келісімшарт бойынша қызметкерлер айына екі рет тексереді. Егер бір ақау табылса, газ-техникалық инспекцияны шақырады, – деді газ-техникалық инспекциясының бас маманы Нұрлан
Көшкенбаев.

Айта кетейік, айлық аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің алдын алу туралы парақшалар таратылды.