Тарихы терең Исфиджаб

Вторник, 02 Апрель 2024 06:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 147 раз

Көне Сайрам – Қазақстанның ең байырғы мекендерінің бірі. Жергілікті аңыз әңгімелер бұл қаланың негізін Ыдырыс пайғамбар қалаған деп санайды. «Сияри Шариф» дейтін кітап бойынша Ыдырыс пайғамбардың өткеніне 7200 жыл болған. Күнге табынушылардың киелі кітабы «Авесто»-да Сайрам туралы жазылған. Бұл кітапқа 3000 жыл болды. Ғұлама, тарихшы Бахадырхан Абдулғази өзінің «Шажараи таракима» дейтін кітабына осыдан 5800 жыл бұрын Сайрам үшін үлкен соғыс болғанын жазады.

 

Сайрам өңіріндегі тұрақты мекен жайлардың біздің эрамыздан бұрын пайда болған деп жорамалдауға негіз береді. Сайрам төңірегіндегі бір төбенің «Шахи-қанха» деп аталуының өзі біздің эрамыздан бұрын ІІІ-ІІ ғасырларда Оңтүстік Қазақстан жерінде пайда болған кангюи мемлекеті дәуіріне жетелейді.Сайрам қаласы Ұлы Жібек жолында орналасқан бай елді мекен «Жібек жолы» жүретін сан ғасырлар бойы жол тынымсыз өзгеріп отырған, оның бір аймақтары жабылып ондағы қалалар мен сауда бекеттері қаңырап бос қалған.
Қытай монахы Сюань-Цзяннның сапарнамасында /629/ Сайрам –Ақ өзендегі бай қала деп атанған. Оның Исфиджаб болып аталуы Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Исфиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. 15-18 ғасырларда қазақ хандықтары кезінде Сайрам ірі сауда, қолөнер және діни орталық болған. Исфиджаб –Сайрам халқы ең жиі қоныстанған аймақ. VI-VIII ғасырларда қоныс аудардаған соғдылардың түркілерге сіңіп кеткені туралы мәліметтер жазылған. Қала тұрғындары соғдыша және түрікше сөйлеген.
1221 жылы моңғолдар Сайрам қамалына шабуылдап, катапульта қолданылғаны белгілі. Яқұт Хамауидың «Муджамал булдан» атты географиялық еңбегінде былайша суреттейді: «Исфиджаб жазмыштың тәлкегіне тап болды. Тамаша баулар мен әсем қамалдардан қираған қабырғалардан басқа ештеңе қалған жоқ».
Тарихшы Шарафиддин Әлі Яздидың «Зафернама» (Жеңіс кітабы) еңбегінде 1366 жылы Әмір Темір Сайрамға келіп, зиярат жасайды. Сол жылы Сайрамды жаулап алып, моңғолдарды қысымға алады. Ұлы Жібек жолындағы сауданы аяққа тұрғызып, жаңа құрылыстар салады. Әбдел әзіз бап, Бибіғияс ана кесенелерін салуға бұйрық береді.
М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде Сайрам басшылары мен Қаттабектен келіп, Сайрам кілтін Қасым ханға сыйға тартқаны жазылған.
Археологиялық зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.Иванов, 1925 жылдары М.Массон, 1947 жылдары Н.Бернштам басқарған. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстар барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған, көлемі 28 гектар жерді алып жатқан қала орны анықталған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған. Ең көнесі – Падишаһ Мәлік баба мазары.
Сайрамның басты төрт қақпасы және әр қақпаның өз атауы болған. Солтүстік қақпа Белдарбаза, оңтүстік қақпа Базар дарбаза, шығыс қақпа Қарамұрт-дарбаза, батыс қақпа Шымкент-дарбаза деп аталған.
Жібек Жолының үстінде тұрған қаланың дамуына сауда мен кәсіпкерліктің ықпалы зор болды. Онда ірі бай, іскер адамдар тұрды. Қалада әкімшілік басқа ру жүйесінің құрылуы қаржыларды қорландыруға, қазынаны мақсатты бағыттарға жұмсауға, экономиканы жүйелі дамытуға, оған бай адамдарды тартуға мүмкіндік берді. Жергілікті сақ тайпаларының саяси кеңістігі, рыногы, тауар алмасу шарттары, кәсіптері, мәдениеті, дүниетанымы, тілі, діні, әдет-ғұрыптары ортақ болған. Олар бір-бірімен тығыз байланыста күн кешкен, үздіксіз алыс-беріс жасап тұрған, ішкі-сыртқы мәселелерді ортақтасып шешкен. Кейінгі кездері табылған деректерді негізге ала отырып, қазіргі тарихшылар Сайрам жерін осы ұланғайыр кеңістікті мекендеген тайпалардың еркін араласу аймағы, яғни экономикалық орталығы болды деген болжамдар айтуда.

Ф.ЭРМЕТОВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.