Еңбек қауіпсіздігі – ерекше назарда Избранное

Пятница, 01 Декабрь 2023 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 192 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек жағдайын жақсарту және өндірістегі жарақатты төмендету бойынша кезекті Жолдауында арнайы тоқталып, бұл бағытта жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бастысы, жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алу және жою үшін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының қабылдануын жеделдетуді тапсырды. Шымкент қаласында өндірістердегі қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында қолға алынған жобалардың орындалуы, еңбек заңнамасының сақталуы жайында Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.

804

 

Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуы бойынша жеке және заңды тұлғалардан түскен 1360 арыз-шағымды қарап, 277 тексеру жүргізген. Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, тексеру барысында 538 құқықбұзушылық анықталған.
–Анықталған құқықбұзушылықтың 491-і жойылып, заңға сәйкестендірілді. Кәсіпорындарға 162 нұсқама енгізіліп, 14,2 млн.теңге айыппұл салынды. Еңбек қатынастары саласындағы маңызды мәселелердің бірі – еңбекақының уақтылы төленуі. Бұл азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуы болып есептелгендіктен, есепті кезеңде 60 кәсіпорындағы 978 жұмысшыға 460,3 млн.теңге көлеміндегі жалақы қарызы төленді, – деді басқарма басшысы.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау еңбек процесінде кездесетін зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері қала аумағында 17 жазатайым оқиға орын алып, 20 адам зардап шеккен. Оқиға орнында тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, іс ішкі істер органдарына жолданған. Бүгінде еңбек қауіпсіздігі сақталуын жақсарту мақсатында елімізде бірнеше жоба іске асырылып отыр.
— Елімізде өндірістердегі жарақаттанудың алдын алып, қауіпсіз орта қалыптастыру үшін «Халықтық бақылау», «Тік бақылау» және «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасы қолға алынған. Мәселен, «Халықтық бақылау» жобасының жүзеге асуына Шымкент қаласынан 18 кәсіпорын атсалысып жатыр. «Халықтық бақылау» жобасы аясында өндірістік қауіпсіздікті күшейтуде ірі кәсіпорында жұмыс істеген, сол жерден зейнетке шыққан немесе сол өндірісте өзінің денсаулығына зақым келтіріп алған мүгедек жандар, кезінде сол жерде жұмыс істеп жүріп өндірістік жарақат алып, жұмыстан шығып қалған азаматтарды қайта жұмысқа алып, олар онлайн режимде өндіріске бақылау жасайды. Ал, «Тік бақылау» жобасында кәсіпорындар өндіріс процесінің әрбір циклін тікелей бақылайды. Бұл жобаға қаланың 12 кәсіпорыны қосылды. Халықаралық ынтымақтастық меморандумы жасалған «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасына бізден 71 кәсіпорын қатысуда, – деді басқарма басшысы.
Бауыржан Ахметәліұлы қалада 1452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңес берілгенін атап өтті. 2112 жұмыс орны зиянды және қауіпті өндірістік процестерге байланысты аттестациядан өтіп, әрбір өндірістің өзінің өндіріс циклі қауіпсіздік мақсатында сертификатталған. Ал, 144 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістегі іс-әрекеттерін стандарттаған.
–Халықаралық және қазақстандық компанияларда бес кәсіпорынның қызметі декларацияланып, сенім сертификаты тапсырылды. Сенім сертификаты – еңбек заңнамасын мүлтіксіз орындайтын, сонымен қатар, өзінің еңбек ұжымына жағдай жасайтын компанияларға табысталады. Онда кәсіпорындар алты бағыт бойынша жұмыс істейді және үш дәрежелі жүйе енгізілген, – деді Б.Қалжанов.
Басқарма басшысы кәсіпорындарда сақтандыру тарифін кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша саралау қолға алынғанын мәлімдеді. Яғни, экономикалық қызмет түріне, мамандық қызмет түріне, әлеуметтік кепілдік түрі мен көлеміне байланысты жалақы қорының 0,12 ден 2,96-ға дейінгі көрсеткіште жыл сайын қызметкерлерін сақтандырып отыру керек. Ол 22 санатты қамтиды. Мамандар бүгінде сақтандыру тарифтерін енгізуді қолға алған.
–Сақтандыру 15 жылдың көлемінде іске асырылып келе жатыр. Бірақ арнайы тексерулерде компаниялар өзінің қызметкерлерінің өмірін сақтандырмайтыны анықталды. Қаламызда жалпы 7558 компания бар. Жыл басынан бері осы компаниялардың 28 пайызы ғана өз қызметкерлерін сақтандырған, – деді.
Атап кетейік, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің қаулысымен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланған болатын. Қызметкерлер арасында қауіпсіз еңбек ортасын құруда биыл ауқымды жұмыстар қолға алынды.