Тәжірибе мен тың жоба: еріктілер жазғы мектепте бас қосты

Пятница, 16 Июнь 2023 07:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 826 раз

volonter

Волонтерлер Шымкент қаласындағы жаaзғы мектепте басқосты. Қаланың жоғары және орта оқу орнынан келген 100-ге жуық ерікті екі күнге ұласқан іс-шарада белгілі тренерлердің қатысуымен «Soft skills» тұлғалық қабілетті дамыту, мобилография шеберлігі мен «Еріктілердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырды. Еріктілер өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларымен бөлісті.

Бұл іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен биыл үшінші рет өтіп отыр. Волонтерлер осы мектепте алған білімдерін практикалық тұрғыда шыңдайды. Бүгінде қаламызда 15 мыңға жуық волонтер, 12 волонтерлік және қайырымдылық ұйым жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі —жоғары оқу орындарының жастары.

— Мемлекет басшысы «Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер» деп атап өтті. Қазіргі таңда ерікті жастардың атқарып жүрген игілікті істері өте көп. Кез келген жұмысын алып қарасақ, мемлекеттік қызметті атқарғанмен пара-пар. Сіздердің ел дамуы жолында атқарған қызметтеріңізге алғыс білдіремін, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы.

Волонтерлер жазғы мектептің бірінші күні «Soft skills» тұлғалық қабілеттерін дамытып, өздерінің шешендік қабілетін шыңдады. Екінші күні мобилография саласын меңгеріп, «Еріктілердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аталған іс-шарада белсенділігімен көзге түскен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 2-курс студенті Наурызбек Қамбарбековтың пікірін білген едік.

—Бізді қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтіп отырған «Волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған жазғы мектепке» шақырғанына қуаныштымыз. Еріктілердің қатарында жүргеніме екі жыл болса да, бұл жобаға бірінші рет қатысып отырмын. Мұнда жаңа дос, керемет орта таптым. Бұл іс-шара барлық еріктілерге керемет көңіл-күймен, ерекше атмосфера сыйлады. Таңнан бері қызықты ойындар ойнап, түрлі жаттығу жасап, сергіп қалдық. Біз үшін қызыққа толы күн болды. Шымкент қаласының жалынды жастарының басын бірге қосқан орталыққа алғыс айтамын, — дейді Н.Қамбарбеков.

Жазғы мектепке қатысушылар арасында спорттық сайыстармен қатар тауға серуен ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кешке Шымкент каласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы жастармен еркін форматта отты алау жанында кездесіп, пікір алмасты.