Су спорты – саулық кепілі Избранное

Пятница, 08 Июнь 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6717 раз

Шымкенттегі орталық су спорты кешені – су спортынан олимпиада резервін дайындайтын бірден бір нысан. Мұнда спортшылардың тыңғылықты жаттығуына қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар қала тұрғындарының да салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде шомылуына мүмкіндік бар.

DSC 0656

Орталық су спорты кешені 2012 жылы 1 маусым күні пайдалануға берілген. Қазір мұнда 156 спортшы кәсіби түрде жаттығады. Олардың арасында республикалық, әлемдік деңгейде жеңіске жетіп, рекорд жаңартып, Оңтүстіктің атын танытып жатқандар бар. Мәселен, Кирилл Колесников былтыр Бурабайда өткен жарыста 200 метр қашықтыққа жүзуден рекорд жаңартты. 12 жасар Кирилл жүзумен 6 жастан бастап шұғылданады. Ал биыл Максим Сказовцов алдына жан салмады. 50 метрді - 31,96 сеундта, 100 метрді 1 минут 14 секундта жүзіп өтіп, жаңа рекорд орнатты.
Кешенде 20-дан аса білікті жаттықтырушы қызмет етеді. Солардың бірі – 5 жылдан бері аға жаттықтырушы қызметін атқарып жүрген Виктория Ли. Оның айтуынша, су спорты орталығы олимпиадалық стандартқа толықтай сай келетін қаладағы бірегей нысан.
Кешенде суда жүзуді үйреніп жүргендердің қарасы көп. Ақылы түрде келушілердің саны бір айдың ішінде 2-3 мың адамға дейін жетеді дейді орталық өкілдері. Осы балалардың арасында 3 ай сайын жарыс өткізіліп тұрады. Егер олардың арасында жақсы нәтиже көрсеткендер болса, ақысыз үйірмеге қабылданады. Үйірмеге қабылдау 6 жастан басталады.
Спорт кешені өкілдерінің айтуынша, алғаш ашылғанда бассейнге толтырылатын судың текше метрінің бағасы 185 теңге болған. Қазір - 595 теңге. Дегенмен, сонда да мұндағы баға көтерілмепті. Бір айлық абонемент - 4000 теңге. Аптаның алты күнінде таңғы сағат 7:00-ден түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күні - демалыс. Келушілер суда шомылу талаптарына сәйкес өздерімен бірге суда жүзуге арналған спорттық киім ала келуі шарт.
Күніне талай адам шомылатын бассейннің түбінде хлораторлық тазартқыш бар. Су құрамы тәулігіне 2 рет тексеріледі. Арнайы лабороториядан, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлерінің зерттеуінен өтеді. Егер судың құрамында өзгеріс байқалса, бассендегі су бірден төгіліп, тазаланып, қайта толтырады. Ал судың температурасы қысы-жазы бір деңгейде болады.
Айта кетейік, суда жүзу – ең қарапайым әрі өте пайдалы спорт түрі. Жүзу барысында адамның тыныс алу жүйесі мен қан айналым жақсарады. Жас кезден жүзуге машықтанған адамның миы кеш қартаяды. Омыртқа ауруларының алдын алып, дененің сымбатты қалыптасуына септігін тигізеді. Артық салмақтан арылудың тиімді жолы. Тұмаудың алдын алып, иммунитетіңізді арттырады. Жүйке жүйесіне, күйзеліске таптырмас ем. Ендеше, салауатты өмір салтын қалыптастырып, суға шомылыңыз!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.