ТҰРҒЫН ҮЙ РЕФОРМАСЫ ҚАРАЖАТ АШЫҚТЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ Избранное

Среда, 15 Июнь 2022 04:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 721 раз

2020 жылы 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Бұл заң тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығына қатысты көптеген мәселелерді шешуге арналған. Соның бірі – «Бір үй - бір бірлестік - бір есепшот» қағидаты бойынша «Мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымын құру арқылы үйді басқарудың қызметін реттеу.

12

 

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында елімізде мүлік иелерінің бірлестіктері немесе жай серіктестік институтын енгізу жөніндегі реформа жүзеге асып келеді.
Тұрғын үй қатынастарындағы қарқынды өзгерістерге көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы азаматтардың шағымдары түрткі болған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасын реформалау комитетінің Шымкент, Түркістан қалалары бойынша бекітілген маманы Жұмабек Исмаилов айтып берді.
Маман осы мәселеге орай көпшілікті толғандырып жүрген негізгі сауалдарға жауап беріп, ең алдымен, мүлік иелері бірлестігі (МИБ) мен жай серіктестіктің (ЖС) айырмашылығына тоқталып өтті.
– Мүлік иелері бірлестігі, жай серіктестік – көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа тәсілі. «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 42 бабына сәйкес, тұрғындар басқару үлгісінің бірін таңдауға міндетті. Қазіргі таңда нақты шектеу жоқ. Алайда, болашақта 30 пәтерден жоғары үйлер МИБ-ке бірігеді. Бір жарым жылдық тәжірибе, сала мамандарының жауабы осыны көрсетіп отыр. Үй басқару үлгісі осы бағытта дамиды. МИБ пен ЖС-те 3 адам үй кеңесіне сайланады. Тексеру комиссиясы немесе аудитор сайлау арқылы бекітіледі. МИБ- те төраға, ЖС-да сенім білдірілген адам болады. Екі басқару үлгісінде де жиналысқа меншік иелерінің 51 пайызы қатысу керек. Кворум болмаған жағдайда жазбаша дауыс берсе болады. МИБ құру үшін жиналыс хаттамасы, типтік жарна, 1 АЕК төлемі және ХҚКО арқылы тіркелу қажет. Ал ЖС-ға жиналыс хаттамасы, жүз пайыз тұрғын үй және тұрғын емес жайлардың меншік иелерінің сенім хаты, қол қойылған бірлескен қызмет туралы келісімшарт керек болады. Екі басқару үлгісінде де банктен ағымдағы және жинақтау есепшоттары ашылады, - деді Ж.Исмаилов.
Маман бұған дейін оңтүстік өңірде пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) немесе ауызша айтылып жүрген КСК болмағанын және заң аясында ол құрылым алдағы кезде де болмайтынын айтады. Мегаполисте сервистік қызмет көрсететін мекемелерді халық КСК деп атап кеткен. Бірақ іс жүзінде олай емес. ПИК бірнеше көпқабатты үйлерді басқарған, яғни қарамағында 50-100-ге дейін үй болған. Банктен бір ғана есепшот ашқан. Сондықтан қаражаттың жұмсалуында ашықтық болмай, көп үйлерге күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілмеген. Ал, МИБ пен ЖС «Бір үй - бір бірлестік - бір есепшот» қағидаты негізінде қызметін жүзеге асырады.
Ж.Исмаиловтың мәлімдеуінше, МИБ пен ЖС да әр үй бойынша ашылған ағымдағы шот қаражаты үйді күнделікті күтіп ұстауға кететін шығындарға, мәселен, кіреберіс тазалығы, жертөледегі сығымдау, дезинфекция, кәріз жүйесін тазалау, лифт, домофон, бейнебақылау, желдету, өртке қарсы дабыл тетігін орнату және тағы басқа сервистік қызметтерге жұмсалады. Жинақтау шотындағы қаражат болашақта үйді күрделі жөндеу үшін жиналады. Мәселен, үй жертөлесіндегі құбырларды ауыстыру, шатырды жаңалау, кіреберіске күрделі жөндеу жүргізу т.б. МИБ-те шот үйдің атынан, яғни заңды тұлға ретінде, ал, ЖС да сенім білдірілген жеке тұлғаның атынан ашылады. Кез келген меншік иесі МИБ төрағасынан немесе ЖС-ке сенім білдірілген адамынан шоттағы қаражаттың жағдайын білуге құқылы.
–Сондай-ақ МИБ немесе ЖС-ға пәтер саны сегізден кем үйлер кірмиді. Мұндай үйлер өзін-өзі қамтамасыз етеді деп заңда қарастырылған. Дегенмен, қарапайым тұрғындардың арасында әлі де үйді басқарудың жаңа тәсілдеріне қатысты түсінбеушіліктер бар. Ол жуырда қабылданатын тариф мәселесіне көбірек қатысты. Көпшілігі бұрынғы сервистік қызмет мекемесінде, КСК-да қалсақ, ескі тарифті төлей береміз деп ойлайды. Негізі олай емес. Біріншіден, ПИК, КСК деген қазір жоқ. Екіншіден, тариф МИБ пен ЖС еш қатыссыз, өз алдына бөлек дүние. Шымкент қаласының барлық көпқабатты үйлеріне бір тариф белгіленген. 2022 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшерін бекіту туралы ережеге сәйкес, Шымкент қалалық мәслихаты тариф құнының бір шаршы метрі 27,3 теңге сомасында бекітілсін деген шешім шығарды. Шешім БАҚ беттерінде ресми жарияланған соң күнтізбелік он күннен кейін қолданысқа енгізіледі, - деді Ж.Исмаилов.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, мамырдағы жағдай бойынша мегаполисте 2236 көпқабатты үйдің 124-і мүлік иелері бірлестігіне 1798-і жай серіктестікке өткен.
Жалпы, жоғарыда айтылғандай, «Бір үй - бір бірлестік - бір есепшот» қағидасына негізделген жаңа тұрғын үй реформасы жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығыстарды бақылау мен жалпы қаржылық операцияларды ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жөндеу жұмыстарын жоспарлауға талап етілетін ЖСҚ құжатын әзірлеу мен көпқабатты үйдің қасбетін әрлеу «Жаңғырту» бағдарламасына сәйкес мемлекет есебінен жүргізіледі.