БЕС МЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ Избранное

Среда, 15 Июнь 2022 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 635 раз

Қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада шаһардағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер тарапынан 5 мыңнан аса медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтар бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды.

14

 

Атап айтқанда, мекемелердің қатарында «Арт-құрылыс», «ҚазТрансАймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, балабақшалар бар.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жәрмеңкеге қатысып, жұмыс берушілердің мүмкіндіктерімен танысты. Шаһар басшысы осындай іс-шаралар жұмыссыздықты азайтуға өз септігін тигізетінін атап өтті.
Сондай-ақ, қала тұрғындарына 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» және т.б. бағдарламалар таныстырылды.
Жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша СҚО, Павлодар, ШҚО, Қарағанды облысы өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.
Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам қала тұрғыны жұмыспен қамту іс-шараларына қатысты. Оның ішінде 991 маман «Жастар практикасы» бағдарламасы, 160 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы жұмыспен қамтылып, 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Ал, 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.