Шымкентім Ұлы Жібек жолындағы, секілді гаухар жүзік жарқыраған Избранное

Среда, 24 Июнь 2020 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2661 раз

Открытие 2402 1 Страница 01

«Шымкент-2020 – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатын сәтімен жоғарғы деңгейде өткізіп алдық. Үйден шықпай, онлайн тамашаласақ та, туған қаламыздың төрінде шалқып жүргендей марқайып отырдық. Ең бастысы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мейманасы тасыған Шымқаланың шырайын арттыратын айтулы тұлғалар мен көрікті жерлерімізді кереметтей көрсете біліпті.

Бағдарлама  «Интро», «Ұлы мұраның бастауы», «Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс арасында» және «Шымкент – аңыздар қаласы», «Қазақ халқының ағартушылары», «Менің Елiм» деген бөлімдерден тұрады.

Көрсетілім алдында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бейнеүндеуі көрсетілді.
–Қазақстандағы мегаполистер қатарындағы шырайлы Шымкент мәдени астана ретінде бекер таңдалған жоқ. Шымкент еліміздегі ең үлкен үш қаланың бірі. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталық. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол сәттен бастап, жаңа мүмкіндіктер ашылып, биік белестердің дәуіріне жол салынды. Бұл тұрғыда қаламыздың көне Жібек жолының бойында орналасуы және географиялық ыңғайлылығы сауда мен бизнесті, мәдениетті өркендетуге үлкен мүмкіндіктер беруде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шымкенттің келешегі жарқын, жергілікті тұрғындардың үштен бір бөлігі жас буын өкілдері. Сондықтан шаһарды жастар қаласы деуге болады. Ерекше мәртебеге ие болған Шымкент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша рөл атқарады» деп атап өтті. Біз миллионды мегаполис тұрғындарымен бірге, сүйікті қаламыздың баянды болашағы үшін жұмыла жұмыс істейтін боламыз.
Шымкенттің тарихы тым тереңде жатыр. ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының шешіміне сәйкес шаһардың көне ғасырлар қойнауында жатқан 2200 жылдық тарихы анықталды. Шымқала меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен тартымды. Енді қонақжай, мәдени астанада күн сайын маңызды іс-шаралар мен түрлі форумдар өткізілетін болады,- деді ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Мұрат
Дүйсенбекұлы.
Көрсетілімдегі басты кейіпкер – Қыз, Шымкент қаласының тұрғыны, таңертеңгі күн сәулесімен далаға қарай жүгіріп, қолында іс-шара логотипі бар батпырауықты ұстап тұрады. Осылайша, өңірдің табиғи сұлулығы – оның жайлауы бар ландшафты, қар басқан таулар мен қаланың көрікті жерлерінің суреті Мәдениет астананың көркін ашты. Шығармада елдің ұлттық және мәдени ерекшеліктерінің шығу тегі, тамыры туралы айтылады. Ұлы тарих пен аңыздардан тұратын қазақ даласы басты образға айналады.
Оның ішінде 2014 жылдан бастап Шымкент тұрғын алабы болған, қазіргі уақытта Сайрам, ежелгі Исфиджаб - халықаралық магистральдағы ірі сауда және мәдени орталықтың тарихы көрсетілді. Сондай-ақ, қаланың 2200-жылдығы ЮНЕСКО-ның 2020 жылғы атаулы күндер халықаралық күнтізбесіне енгізілген Шымкенттің тарихы да көрсетілді.
Телевизиялық жобада ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев те Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекесінің салтанатты рәсімінде қуанышымызға ортақтасып, бейнеүндеу жолдапты.
–Қала тұрғындарын осынау айтулы мерекемен және негізі қаланғанына 2200 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атаулы мерекелер тізіміне енген. ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде бұған дейін де Қазақстанның екі қаласы, 2012 жылы – Нұр-Сұлтан, 2014 жылы – Алматы қалалары жарияланған еді. Бүгінде бұл құрметті эстафетаны Қазақ елінің тағы бір шуақты, жомарт Шымкент қаласы қабылдап алуда. Бұл көне қалада дала көшпенділері мен Шығыстың жергілікті отырықшы тұрғындарының өркениеті бағаланып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қаланың тарихы архитектуралық қасиетті жерлерде көрініс тапқан. Ғажайып қала айтулы тұлғалар мен көрнекті орындарды көше аттары арқылы көздің қарашығындай сақтауда. Сондай-ақ туристерді өзінің табиғатының таңғажайып сұлулығымен, саялы саябақтарымен, табиғи қорықтарымен, арайлы аумағымен, жануарлар мен өсімдіктер әлемінің алуандығымен таңғалдырып келеді. Қала қонақтарына театралды және опералық өнер конкурстары мен «Шымкент – қызғалдақтар отаны» атты суретшілер және фотографтар байқауы, «Ұлы Жібек жолы» қолөнершілер байқауы, эстрадалық орындаушылардың бірінші халықаралық «Душа Евразии» концерті және т.б. көптеген іс-шаралар ұсынылмақ. Мәдени астанаға орай өткізілетін іс-шаралардың барлығы да Қазақстанның мәдени деңгейінің өсуіне үлкен септігін тигізетініне күмәнім жоқ. Барлығыңызға денсаулық, жақсылық пен сәттілік тілеймін, - деп ағынан жарылды.
Жобаның теленұсқасында көрермендердің назарына ежелгі ұлы ойшылдар мен тұлғалар шықты: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Әйтеке би, Ұмай ана, Домалақ ана, Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов. Сонымен қатар, Шымкенттің ең әдемі орындары мен көрікті жерлері көрсетілді.
«Байтақ ел, жазира көк аспан, бастары қар жамылған асқар таулар – бәрі де бабамыздан қалған ұлы аманат. Ұлы дала – біздің ұлы дастанымыз. Осындай ұлы өлкеде туып, өмір сүру – бізге берілген бақ. Ата-баба дәстүр-салтын сақтаған мәңгі елдің ұландарына туған жерден артық қандай саябақ болсын?! Сол туған жердің мейірімін саялап, ғибратпен шежіресін ардақтап, жүрегімізде мәңгі аялап өтсек не арман?! Біздің басқан әрбір қадамымыз Шымқалаға аян. Жаңа дәуір, жаңа заман, жаңа күн туғанда, ғаламға даңқы кеткен анамыз да, панамыз да өзіңсің, Шымкент! Өзіңнен туған ұл-қыздарың аманда дидарыңа қылаудай мұң түсірмес». Түсіруші топ кішкентай қыздың образы арқылы жүректен шыққан осы шынайы лебізді жеткізгісі келіпті. Ойдағыдай жеткізіпті де.
Одан кейін Абыз ақсақалдың қобыз үні Көк Тәңірі мен Күн нұры боп таралады. «Қара қобыз Тәңірменен тілдескен, қара қобыз тіршілікпен үндескен.
Көк Түріктің көкжал туған ұлдары, Көк Тәңірдің алғауымен күн кешкен. Қожахмет, Қадырғали, Жалаири, Әл-Фараби, Баласағұн, Қашғари. Һәм данышпан дара тұлға Дулати, Алаш туған асыл ұлдар аспани. Ұрпақ үшін құрбан болған жандары. Қасиетті қайта тумас нар бәрі. Бәйдібек би, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әруақты қазағымның хандары. Арман қуып ақ қанатын талдырған, Ақ қанатын азап-мұңға малдырған. Ұлы дала ұлдарына мың рахмет. Ұрпақ үшін ұлы мұра қалдырған».
Ұлт беделін, ел намысын көтерген,
Шымкенттің биік әркез шоқтығы.
Басты кейіпкер – кішкентай қыз сценарий бойынша Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қалаға келеді. «Шымкент Ұлы Жібек жолындағы, адами парасаттың шаңырағы. Айта алмас бұл шаһардың нарқын адам, еңбекпен бой көтерген халқы әман. Шымкент Ұлы Жібек жолындағы, секілді гаухар жүзік жарқыраған».
Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев Шымкенттің 2200 жылдығын тойлау Мәдени астанамен тұспа-тұс келгендігін, көне қаланың б.з.д. ІІ ғасырда Ұлы Жібек жолының бойында пайда болғанын, археологтардың Қазақстандағы облыс орталығында тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қаладағы Цитадельді зерттеу барысында қайталанбайтын құнды материалдар тапқанын тілге тиек етті.
–2003 жылы қалашықты аршу жұмыстарынан кейін тарихшылар «Шымкенттің тарихи жасы 2200 жыл» деген байламға келді. Шымкенттің көне қала деген дәрежесі бар. Ол Ташкенттің құрдасы саналады. Ол кезде шекара болмаған, қос халық қоян-қолтық араласып тұрған. 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы, бұл да – заңды құбылыс. Шымкент мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан өзіндік мәдениеті бар, қайталанбайтын дара қала.
Шаһар Нуджикент немесе Навчекак деп те аталған қытайлық жазба әдебиеттерде Нуджицзян делінеді. Мұсылман әлемінің шығыс бастауында қорғаныс бекінісі болған. Бұл жерде сенім үшін соғыс жүрген. 1300 жыл бұрын қалыптасқан экономикалық зона болған. Шымкент отандық тарихымызда сипатталған, сипатталып үлгермеген қалалардың бірі, - деп 2200 жылдық тарихи жылнамамыздың қалай жазылғанына тоқталды.
...Ана – Жер бетіндегі ұрпақты таратушы. Ана – ұрпақ тәрбиесіндегі тәлімгер. Шығармашылық топ «Әр қазақ анасын ардақтасын!» деген ойды әсем әнмен ақ жаулықты ананың кейпінде береді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақыны Ақмарал Леубаева ақ жаулығын жамылып, шұрайлы, шырайлы елдің шаттығына айналған мекеніне ыстық ықыласын былайша білдірді.
– Шымкенттің Мәдени астана боп аталуының өзіндік астары бар. Тарихының тереңдігі бір басқа, тұрғындарының, Шымшаһар жұртының ерекшелігі бір басқа. Қазақ елінің қай бұрышында да қайманалы қазақилық, ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып сақталған. Ал біздің Шымкентте ол шынайы көрініс тапқан. Бұл қала ата-баба өсиетін, ақ жаулықты аналардың қасиетін жоғалтпаған жер дер едім. Қасиетті аналарымыздың осы көне шаһарда мекендеуінің өзі үлкен мән-мағына бермей ме?! Шымкент қаласының әрбір кірпішімен мақтанамыз. Оңтүстік өңірінің жұрты мәңгі жасай берсін!
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Әзірбайжан республикасының өкілі Полад Бюльбюльоглы өзінің видеожолдауында мұндай жобалар мәдениет саласындағы мәселелерге назар аударуға, жергілікті билік пен тұрғындардың, жалпы ТМД елдері халықтарының өзара байланысуына мүмкіндік беретінін алға тартты.
–Мәдениеттің үлкен мерекесімен құттықтаймын. «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атты тамаша жоба ел астанасы болып табылмайтын қалаларға арнап ойлап табылған. Себебі, жоба өткізілген ТМД елдерінің барлық дерлік қалаларында бұл тәжірибе оң нәтиже көрсеткен. Мәселен, Шымкент сияқты көне де жаңа, ірі инфрақұрылымы бар қала өзінің ежелгі тарихын, бүгінгі келісті келбетін, мәдени мәйегін осы жоба арқылы кеңінен көрсете алады.
Бұл айтулы мерекенің қазақ жеріне жеткеніне бек қуаныштымын. Қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай сіздерді алыстан видеоконференция арқылы құттықтауға мәжбүрміз. Біз осындай аса оңай емес кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мәдени жобалардың бәрі де жалғасуы тиіс. Мен сіздерге үлкен жетістіктер мен армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Жылдың соңына дейін коронавирус дерті жойылып, шырайлы Шымкентке ат басын бұрармыз деп үміттенеміз. Біздің жүрегіміз сіздермен бірге! – деп ыстық лебізін ақтарып жатты.
Ал ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіндегі Ресей Федерациясының өкілі Михаил Швыдкой Еуразия кеңістігінде үлкен рөл атқаратын, Қазақстандағы үшінші мегаполистің ірі инфраструктурасы мен экономикасының дамуына тоқталып өтті.
«Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына жіберілген оқ-дәрілердің үштен екісі Шымкент қорғасын зауытынан жөнелтілгені баршамызға мәлім. Фашизммен соғыста жеткен жеңісімізде сіздің қалаларыңыздың алар орны орасан. Шымқаланың бай тарихымен қатар сәулетті бүгіні де бар. Мәдениет саласында ғана емес, басқа бағыттарда да қадамдарыңыздың қарышты болатынына сенемін! - деді.
Абайдың «Көзімнің қарасы», Шәмшінің «Қайықта» әндері Шымкенттің мерейлі мерекесінің мәртебесін асқақтатып тұрды.
«Бұл қалада бүткіл балалығым өтті. Осы жерде спорттағы кәсіби қадамдарым басталды. Мен екі рет олимпиада ойындарында өнер көрсеткенімде, туған елімнің көк байрағын биік ұстауға тырыстым. Барлық көрермендер, әсіресе балалар Шымкентте де көркем гимнастиканың мықты мектебін қалыптастыруға болатынын білсін дедім. Дәл менің туған қаламда көркем гимнастикаға мамандандырылған бірден-бір мектептің бар екенін мақтан тұтамын». Көркем гимнастикадан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері, спорт шебері Әлия Юсупова Шымкентте туғанын мақтан тұтып, ойын осылай кестелепті.
Осы ауқымды іс-шаралардың бәрінің басы-қасында жаны тынбай шапқылап жүрген Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид
Мыңбаев тележобаның «Мир-24» халықаралық, республикалық, жергілікті телеарналарда және интернет желілерінде көрсетілгенін айтады.
–Бұл теленұсқа басқарманың жанынан құрылған комиссияның шешімімен іріктелген шығармашылық топтың біраз уақыттан бергі жанкешті жұмысының нәтижесі. Тау-тауды аралап, апталап киіз үй тігіп, сонда қонып қалған күндері де болды. Тележобадан бөлек, ТМД елдерінің және Қазақ елінің өнер жұлдыздары ақ жүректі видеоқұттықтауларын жолдады. 25-ке жуық бейнеүзікті әлеуметтік желілер мен жергілікті телеарналарда көрсеттік.
Сонымен қатар, қала күні мерекесі аясында жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде онлайн форматта көптеген танымдық, мәдени-сауықтық шаралар, поэзиялық сағаттар, фестиваль-байқаулар, көрмелер өтті. Атап айтқанда, Шымкент Мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен ТМД және еліміздің өнерпаздарының қатысуымен «Шуақ шашқан, Шымқалам!» атты мерекелік концерттік бағдарлама, «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі аясында «2200 жылдық шежірелі Шымкент» республикалық онлайн ақындар айтысы, жазба ақындар арасында «Ғажайып қала - Шымкент» онлайн мүшайра, фотографтар арасында «Ертегі қала - Шымкент» онлайн байқауы, жас суретшілер арасында «Балалар көзімен - Шымкент» сайыс, оқырмандар арасында «Қайырымды қала - Шымкент» онлайн оқулары өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. Оларға қаржылай сыйақы берілді, - дейді Рашид Мамытұлы.

 

Тобықтай түйін.

Шымкент – мен үшін анамның ыстық алақаны. Қуат алатын киелі мекен. Бұл ыстық тандыр нан мен көк шәй. Шымкент, ол – менің ең қонақжай достарым. Бала кезден естіп келе жатқан бесік жыры. Бұл – бақытты балалық шақ. Бұл – менің жүрегімнің көктемі. Көктемнің бастауы – Шымкентте Мәдени астана жылына орай 34 маңызды мәдени іс-шара өтуі жоспарланған еді. Бәрі де онлайн өтіп жатыр. Ең басты маңызды шара, ол – Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атану шарасының салтанатты ашылу рәсімі еді. Оны да ойдағыдай өткізіп алдық. Қалғанын уақыт көрсетер...

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.