Кездесуде туризм саласының білікті мамандары тәжірибесін бөлісіп, еркін форматта пікір алмасты. Жиын жастарды ішкі туризм, «Visit Shymkent» ТАО қызметімен таныстыру және студенттерді өндірістік тәжірибеге тарту, одан әрі жұмысқа орналастыруға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Форумға туризм саласында білім алып жүрген 400-ге жуық жас қатысты. Кездесуге «Қазақстан қолөнершілер одағы» Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өкілдігінің басшысы Болат Бейсбеков, Қазақстан Республикасының мейрамхана бизнесі жөніндегі сарапшысы Айгүл Телеубаева, «Paparazzi club», «Keremet Quiz» және «Квизиум» жобаларының негізін қалаушы Чингиз Жолымбеков, «FlyArystan» әуе компаниясының желілік инструктор-экзаменаторы Кира Соколова, nationalgeographic.kz сайтының фотографы және саяхатшы Артём Орлянский, туризм бойынша сарапшы, жобалық менеджмент саласындағы сертификатталған сарапшы, экономика ғылымдарының магистрі Азамат Қалқабаев қатысты. Сондай-ақ, АҚШ-тағы «Work and Travel USA» халықаралық студенттік алмасу бағдарламасы туралы «ABC Universe» ЖШС компаниясының үйлестірушісі Дамил Омаров таныстырып өтті.
– «Visit Shymkent» орталығының есігі қала қонақтары үшін әрқашан ашық. Жас мамандар кез келген уақытта мекеме жұмысымен танысып, орталықта өндірістік тәжірибеден өтуіне болады. Ұжымымызда студент ретінде тәжірибеден өтіп, бүгінде 2 жас маман әріптес атанды. Сондықтан жастарға бағыт-бағдар беріп, тіпті қолымыздан келсе, жұмыспен қамтуға әзірміз, – деді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.
Форумға жиылған жастар барлық спикерлерге ерекше қызығушылық білдірді. Жастар сарапшылардан мейрамхана бизнесін ашу жолы жайлы және фотограф, бортсерік маманы атану үшін қажетті біліктілік жөнінде сұрастырды.
Жансая СЫДЫҚБАЙ