Жиында сөз алған қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Ә.Шегебаев жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
– Әскер – жас жігіттің өміріндегі маңызды кезең. Әрбір ер азамат қауіп төнген сәтте өз отбасы мен Отанын қорғауға дайын болуы керек. Ал болашақ жауынгерлердің әскери дайындығын ширатып, Отан қорғайтын батыр, рухы мықты сарбаздарды дайындау — бізге жүктелген міндет, - деді полковник Ә.Шегебаев.
Қарулы күштер сапында қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұны жете түсінген жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге сақадай сай. Салтанатты жиында өнерпаздар әннен шашу шашты. Ал, 35748 әскери бөлімінің оркестрі бірнеше музыкалық шығарманы орындап, қару қолданудың түрлі әдіс-тәсілін көрсетті.
Айта кетейік, көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен ҚР ҰҚК шекара қызметінің қатарына 18- 27 жас аралығындағы 200-ге жуық азамат шақырылған.