РЕСПУБЛИКА КҮНІН ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ РЕТІНДЕ ТОЙЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ? Избранное

Пятница, 21 Октябрь 2022 05:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 832 раз

Биыл 25 қазан Республика күні мерекесіне Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйек күні тиісті заңға қол қойды. Араға бір мүшел уақыт салып, қазаққа қайта оралған мереке жайлы қоғам белсенділерінің пікірін сұрадық. Расында, Республика күнін ұлттық мереке ретінде тойлаудың маңызы қандай?

321

 

Сабира БАЙЗАҚОВА,
«Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

610

— Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгіленуін құптаймын. Алайда, айтулы күннің мәні мен мазмұнын өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, халық санасына ұқтырғанымыз жөн. Бұл күн Республика күні деген сылтаумен мемлекет қазынасынан түрлі шараға қаражат жұмсау емес, халықтың рухани толысып, егемендігімізді, елдігімізді дәріптейтін мереке ретінде қалыптасуы қажет. Еліміздің Тәуелсіздігін әлемге паш етіп, шекарамызды шегендеуге негіз болған құжат 1990 жылы 25 қазанда қабылданғанын ескерсек, бұл Қазақ елі үшін тарихи күн. Яғни, тарихта алтын әріптермен белгіленген күннің мемлекеттік деңгейде тойланғаны өте маңызды. Ал, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «... тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деп есептеймін. 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастары азаттық алуға алғашқы қадам жасаса, 25 қазан Тәуелсіздікке ресми қол жеткізген күн. Ұлттығымызды ұлықтайтын мереке құтты болсын!

Гүлмира ЕЛТАЕВА,

№88 жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәні мұғалімі:

612

— Еліміздегі әр мерекенің түбірі, мазмұнды негізі бар. Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды. Қазақ КСР-нің егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Декларацияның негізінде Қазақстан кеңестік заңдардың күшін жойып, өз заңдарын жариялады. Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Міне, осындай тарихи мәні терең айтулы күнге Ұлттық мереке мәртебесінің берілуін қолдаймын. Педагог ретінде біз әрбір өскелең ұрпаққа мерекенің мәнін түсіндіріп, оның Қазақстан халқы үшін ең басты мереке екенін ұғындыра білуіміз қажет.
Ел ішінде бұған дейін «Тәуелсіздік күні жаңа жылдың тасасында қалды» деген алып қашпа әңгімелер жүрсе, бүгінде «Республика күні Тәуелсіздік күнін екінші кезекке сырды» деген кереғар пікір бар. Алайда, бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Республика күні — ол мемлекетіміздің басты мейрамы. Ал, 16 желтоқсан Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің тәуелсіздігін жақындатқан батырларымыздың ерлігін дәріптеп, құрбан болғандарды еске алып, аза тұтатын күн ретінде сақталады деген сенімдемін. Араға 13 жыл салып, ел тарихын¬дағы айшықты күн, Республика күні халықпен қайта қауышып отыр. Мереке құтты болсын!

Сауалнаманы жүргізген Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР ФУТБОЛДАН САЙЫСТЫ »