Шымкентте «Бизнеске арналған Үкімет» жобасының тұсаукесері өтті. Жобаның мақсаты – бизнесті «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау мен дамытудың барлық іс-шараларын орталықтандыру. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы болады.
Мұнда қалалық Кәсіпкерлер палатасының менеджерлері, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Даму» қоры, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ және мемлекеттік органдардың өкілдері қызмет көрсетеді.
Жоба алты негізгі бағытты қамтиды: мемлекеттік қызмет, қаржыландыру, өткізу, сандық қызметтер, Кәсіпкерлер палатасының менеджерлері жүзеге асыратын құқықтық сүйемелдеу және құзыреттер, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «ДАМУ» Қоры, ХҚКО менеджерлері және мемлекеттік органдардың қызметкерлері жүзеге асыратын құзыреттер кіреді.
– «Бизнеске арналған Үкіметте» кәсіпкерлерге қажет барлық кеңестер мен өз жобаларын сүйемелдеуге қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, бәрі ашық және қолжетімді. Палатаның, мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының өкілдері қызметтің барлығын ұсынады.
Енді бизнес үшін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ұсынылатын қызметтер онлайн режимде де қолжетімді. «Бизнеске арналған Үкіметтің» көмегімен біз кәсіпкерлер үшін бірыңғай хаб құрамыз. Бұл жалпы ел экономикасына оң әсер етеді, – деді Олжас Ордабаев.
Қала әкімінің орынбасары Данат Есболұлының айтуынша, Бизнеске арналған Үкімет қала кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болмақ. Қалада бұған дейін Бизнес-Супермаркет ашылып, жұмысын бастаған еді. Ал енді жаңа жоба арқылы қызметтер көрсету, қолдау аймағы кеңейе түсті.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев қызметтер аймағын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жиынға қатысушылар, кәсіпкерлер жобаның жұмыс істеу барысымен танысып, ғимаратты аралап көрді.