Созақтың уранын өндіру өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан басталды. Алғашқыда жұрт қатты үрейленді. Уранның адам баласына зардабы туралы әңгімелер желдей есіп, халық қатты қауіптенді. Кейінірек түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кеніш орталықтарында үлкен кездесулер өткізілді. Жер астында сілтімен өңделетін уранның экологияға зиянсыз екеніне көзі жеткен халық осындағы жұмыс орындарына орналаса бастады. Аудан әкімі кезімде «баламды уран кенішіне орналастырып берші» деп алдыма көп адам келді. Мүмкіндігінше, өтініштерін қанағаттандырдым.
Халықтың қара жұмысшы ғана емес, жетекші саласының маманы болуын қаладық. Ек мыңыншы жылдардың басында Оңтүстікте облыс әкімі болған Бердібек Сапарбаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-ы басшылығымен келісе отырып, Созақ ауданынан тоқсан оқушыға есептелген училище ашуға мұрындық болды. Оңтүстіктегі жетекші оқу орны М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінде факультет ашылды. Мұның бәрін неге айттық?
Бүгінде мемлекет қажеттілігі үшін АЭС салу күн тәртібінде тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізіп, халық талқысына салып отыр. Расында, жағдай күрделі. Қазақстанда энергияға тапшылық жыл сайын қатты сезіліп келеді. Қоңсы Ресейден 100 млрд. теңгеге энергия алып отырмыз. Оңтүстікке газ Өзбекстаннан келеді. Яғни, АЭС салу – уақыт күттірмейтін іс. Ғылыми жетістіктердің нәтижесімен салынатын атом реакторы барынша қауіпсіздендірілген.
Өзімізде мамандар бар. Әйтсе де оларды АҚШ, Франция, Канада сияқты озық мемлекеттердің оқу орталықтарынан қайта даярлықтан өткізіп алуға болады.
Талантты жастарымыз көп. Мәселен, менің бір немерем ҚазМУ-індегі физика-атом өндірісі факультетін таңдады. Жақсы бітірді. Бүгінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясында жұмыс істеп жатыр. Бір кездесуде шетелдік мамандар «неге бұл мамандықты таңдадың?» дегенде, «Бұл сала – еліміздің келешегі, сондықтан, қазақ жастары жұмыс істемесе, басқа кімнің жаны ашиды» дегендей ой айтыпты. Расы керек, қуанып қалдым. Бүгінде әлемде 400-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Алпысқа жуығы жаңадан салынып жатыр. Бәрі қажеттіліктен. Сондықтан, бейбіт атомнан еш қорқуға негіз жоқ.
Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет»
орденінің иегері