ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2024 05:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 493 раз

немесе жылыту маусымына дайындығымыз қалай?

Қыр астында қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Енді бірер ай уақыттан кейін қысқы жылыту маусымы басталады. Жылу беру маусымына жақындаған тұста әлеуметтік нысандарда ғана емес, тұрғын үйлерде де коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау – аса маңызды міндет. Бұл тұрғыда қыс мезгілінен қысылмай шығу үшін тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізу қажет.

kisotop-1

 

Осы орайда, Шымкент қаласының 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының іс-шара жоспары бекітілген. Соған сай дайындық жұмыстары атқарылуда. Жалпы, шаһарда жылу беру аяқталғаннан бастап келесі маусымға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Жұмысты сапалы әрі өз мерзімінде орындау – басты талап. Табиғи монополия субьектілерінде атқарылған жұмыстармен танысу үшін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турлары ұйымдастырылуда.

1952 көпқабатты тұрғын үй дайын тұр

Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, қаланың бөлек орналасқан 26 жылу қазандығының 24-і және орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының 15-і дайын жағдайға келтірілген. Дайындық жұмыстары жалғасуда.
Қалада жалпы жылу желілерінің ұзындығы – 838,6 шақырым, оның тозығы жеткені – 37 пайыз. Магистралдық жылу желілері – 152 шақырым, ішкі орамдық жылу желілері – 686,6 шақырым.
Бүгінде барлық жылу желілеріне гидравликалық қысыммен тексеру жұмыстары толық жүргізіліп, 136 ақау анықталған (14 магистралдық, 122 ішкі орамдық). Оның 105-і ретке келтірілсе, қалған ақаулар қазан айының 1-іне дейін толық жөндеуден өтеді.

kisotop


Сонымен қатар, жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жергілікті және республикалық бюджеттен 4 млрд. теңгеге жөндеу, жаңарту жұмыстарын атқару жоспарланған. Атап айтқанда, 2,5 млрд. теңгеге 29,4 шақырым жылу жүйелеріне мердігер мекеме «ТаразСтрой - 2004» ЖШС-і ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда 25 шақырым демонтаж, 16 шақырым монтаж жұмыстары жүргізілген. Жұмыстар жалғасын табуда. Сондай-ақ, 311 млн. теңгеге «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстары атақрылуда.
Қала аумағындағы 2107 көпқабатты тұрғын үйлердің 1952-і (92,6%) және 463 бюджеттік мекеменің барлығы жылу маусымына дайын жағдайда тұр. Білім саласында 256 мекеме (100 %), денсаулық сақтау саласында 100 мекеме (100 %), спорт саласында 29 мекеме (100 %), мәдениет саласында 61 мекеме (100 %), әлеуметтік салада 17 мекеме (100 %) дайындалған.
Жалпы, қаланың 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қала әкімінің бақылауына алынып, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Жылу орталығында жаңғырту жұмыстары атқарылды

Таяуда «3-Энергоорталық» АҚ-да жылу маусымына дайындық бойынша БАҚ өкілдеріне баспасөз туры өткен болатын. Жылу орталығы қысқы жылыту маусымына дайын. Табиғи монополияларды реттеу департаментімен бірлесе ұйымдастырылған баспасөз турында кәсіпорын өкілдері инвестициялық бағдарламалардың орындалуы, құрылғыларды жөндеу жұмыстарының барысымен таныстырды.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті қала әкімдігімен бірлесе 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткен еді. 2024 жылға бағытталған жалпы инвестиция көлемі 864 877 мың теңге болса, оның ішінде жылу энергиясына 200 216 мың теңге (23,35 %) қарастырылған.
– Қалада баспасөз турлары тұрақты түрде өткізіліп келеді. БАҚ өкілдері және тұрғындар, белсенділер инвестиция қаржысы қайда жұмсалып жатқанына куә болу үшін осындай іс-шаралар ұйымдастырылуда. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру сапаны көтеруді және тиімділікті арттыруды, отын шығынын азайтуды, тұтынушыларды жылу энергиясымен қамтамасыз ету сапасын тұтастай жақсартуды көздейді, – дейді департамент басшысы Кенжеболат Көшекбаев.
«3-Энергоорталық» АҚ – шаһардағы басты жылу өндіретін мекеме. 2018 жылы кәсіпорын Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кірген болатын. Eurasian Resources Group –табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеуді жүзеге асыратын әлемдегі үздік компаниялардың бірі. Сондықтан да жұмыстың жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады. Бас инженер
Жансерік Ерботаев станциядағы қондырғыларды кезең-кезеңімен жаңарту, электр қуатын өндіру мен қаланы жылумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен таныстырды. Турбогенератор жаңғыртылып, жылу қазандықтарында жөндеу жұмыстары атқарылған. Қажетті материалдармен қамтамасыз етілген.
– Қазіргі басты мәселе – 2024-2025 жылғы қысқы жылыту маусымына дайындық. Бүгінде №2 турбогенератордың күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. №3 қазандық агрегаты да күрделі жөндеуден өтті. Жүргізілген жұмыстар табиғи газды артық тұтынуды 0,5-1 пайызға төмендетуге, газды жағу сапасын жақсарту және қазандықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша мазут та дайындалды. Біз оны өзіміздің мұнай өңдеу зауытынан аламыз. Өткен жылы бізге газ жеткізу қысқартылғандықтан мазутты да пайдаландық. Бізге ҚР Энергетика министрлігінен биыл да газдың қысқаруы мүмкін екендігі туралы хат келді. Қалай болғанда да біз маусымға дайынбыз және қаланы жылусыз қалдырмаймыз. Жалпы айтқанда барлық негізгі жұмыстар аяқталды. Біздің станция алдағы жылу маусымына 95 пайыз дайын, – дейді «3-Энергоорталық» АҚ-ның бас инженері Жансерік Ерботаев.
Кәсіпорын өкілдері жылу беру басталғанға дейін жылу орталығы жүз пайыз дайындыққа келтірілетінін айтады. Өткен жылы «3-Энергоорталық» АҚ-ның қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 1 255,8 млн теңге қаржы қарастырылған еді. Мекеме бүгінде жылына орта есеппен сағатына 700 млн кВТ электр қуатын өндіреді. 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Шымкент қаласының алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындығын және тұрақты өтуін қамтамасыз ету басты назарда тұр. Осы орайда стратегиялық маңызды нысандардағы жұмыстардың барысы қала әкімдігі, белсенді азаматтар және БАҚ өкілдері тарапынан тұрақты қадағалануда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.