САМАНДАР «Айбын» орденімен марапатталды

Среда, 13 Июль 2022 11:05 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2449 раз

samandar

Қаңтар оқиғасы. Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері мен полиция қызметкерлері 5 қаңтарда Шымкент қаласы әкімдігінің алдында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрады. Қатардағы жауынгер Самандар Ташкенбаев өз өміріне төнген қауіпті түсінсе де, бульдозер көлігімен ғимаратқа қарай беттеген тәртіп бұзушының жолын бөгейді. Салдарынан Самандар ауыр жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген.

Еліміздің ішкі тыныштығының қалқаны – Ұлттық ұлан жауынгерлері ел басына күн туған қиын кезеңде жауынгерлік қызметке сәйкес әрекет етті. Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері қарапайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қақтығыс орнының алдыңғы қатарында тұрды. Тәртіпсіздік аяқталған соң, қатардағы жауынгер Самандар Бахтиярұлының ерлігі еленіп, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталған-ды.

«Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Самандар қиын кезеңде нағыз Ұлттық ұлан жауынгеріне тән батылдық, ерлік танытып, оң шешім қабылдау арқылы қаншама адамды өміріне төнген қауіптен сақтап қалды. Жуырда 6506 әскери бөлімінің жауынгері Самандар Ташкенбаевтың ерлігі бағаланып, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «ІІІ дәрежелі Айбын» орденімен марапатталды.

Батыр ұл 2000 жылдың 8 қазанында Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қызыл су ауылында дүниеге келген. Әкесі Базарбаев Бахтияр Ташкенбайұлы ауыл шаруашылығымен айналысса, анасы Базарбаева Шоира Пардабекқызы — «Мейір» ардагерлер үйінде медицина қызметкері. Самандар тірлігі мен ынтымағы жарасқан кішкентай ғана отбасындағы 3 перзенттің екіншісі. Тіл алғыш, еңбекке ебі бар ол бала күнінен ата-анасының қолқанаты. Ол Шымкент қаласындағы индустриялды-техникалық колледжінің түлегі. Ер азаматтың парызы Отан қорғау екенін үнемі санасына сіңіріп өскен Самандар әскери борышын Алматы қаласындағы 2458 әскери бөлімінде өтейді. Әскери борышын атқарып келген соң, салмақты шешім қабылдап, әскери қызметке орналасуға кіріседі. Ұлттық ұланның тыныс-тіршілігімен танысқан соң, барлық сынақтардан мүдірмей өтіп, 6506 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальоны 8 ротасының бөлімше командирі болып қызметке тағайындалған. Бүгінде жары Муслима екеуі үлгілі шаңырақ иелері.

Қатардағы жауынгер Самандар Ташкенбаевтың қайсарлығы мен батылдығы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне ғана емес, өскелең буынға үлгі-өнеге.

М. ШЫНЖІГІТОВА,
6506 әскери бөлімінің лейтенанты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.