Оңтүстік өңірдің өндірістік биотехнология салаларын дамытудың заманауи бағыттары

Вторник, 11 Апрель 2023 11:31 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4164 раз

WhatsApp Image 2023-04-11 at 16.37.14Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңыздылығын сараптай келіп «Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек» - деп нақты атап өтті.

Инновация мен жоғары технология саласындағы басымдылыққа ұмтылу барысында Қазақстан өз экономикасының дамуындағы ерекшеліктері мен заманауи талаптарын ескере отырып,  өндірістік-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық проблемаларды шешуді жолға қою қажет.

Қазіргі замандағы ғылыми-техникалық прогрестің басымды бағыттарының бірі биотехнология болып саналады. Оның дамуы биотехнологиялық өнімдердің дербес тауар нарығының қалыптасуына әкелді. Бұл саланың тиімділігінің экономика үшін орасан зор маңыздылығын ескере отырып, әлемнің барлық дамыған елдерінде мемлекеттік және жеке капитал есебінен қаржыландырылатын ұлттық және халықаралық биотехнологиялық бағдарламалар әзірленіп, орасан зор жұмыстар атқарылуда.

Биотехнологияның даму тенденциялары Қазақстанның оңтүстік өңірінің экономикалық ресурстарының әлеуеті мен оның бәсекелестігін жоғарылату мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарын жаңғыртуды, өндіріс сегменттеріне сәйкес тұрақты дамытуды қажет етеді.

Осыған орай, «М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» «Жаратылыстану-техникалық ғылымдары» ғылыми-зерттеу институтының Биотехнология орталығының ауыл шаруашылығы, тамақ және өнеркәсіптік биотехнология салалары бойынша ғылыми-зерттеу   жұмыстарының биоиндустрияны дамытудың өңірлік бәсекеге қабілетті қысқа мерзімді 2021-2025 жылдарға арналған жоспары жүзеге асырылуда және Орталықтың 2025-2030 жылдарға ұзақ мерзімге жаңғырту жоспары әзірленіп бекітілген.

Биотехнология орталығының мақсаты – ауыл шаруашылығы, тамақ және өнеркәсіптік биотехнология салаларында жаңа білімдерді қалыптастыру, ғылыми-техникалық прогрестің заманауи талаптарына жауап беретін биотехнология ғылыми-зерттеу базасын құру мен бірге, отандық және халықаралық білім мен өндіріс жүйесіне интеграциялау.

Биотехнологиялық орталықтың негізгі қызмет атқару жүйесі - ғылымның, техниканың және әлемдік жетістіктердің дамуының басым бағыттары мен тенденцияларына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, университеттің ғылыми және білім беру әлеуетін арттыруды қамтамасыз ету, биотехнология саласындағы ғылыми әзірлемелерді ауыл шаруашылығы, тамақ және өнеркәсіп өндірісіне енгізу, жетекші рейтингтік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған аккредиттелген ғылыми зертханалар жасақтау.

Биотехнология орталығы құрамында ауылшаруашылық биотехнологиясы, тамақ биотехнологиясы және өндірістік биотехнология ғылыми-зерттеу зертханалары жасақталынып, тиімді қызмет атқаруда.

«Ауылшаруашылық биотехнологиясы» ғылыми-зерттеу зертханасы мал шаруашылығында малдарды азықтандыру, күтіп бағу, көбею технологияларында мультипликативтік әсері бар биологиялық препараттарды өндірудің тиімді биотехнологиясын әзірлеп, өндіріске енгізілген. Жануарлардың ақпараттық базасын құру үшін ДНК технологиясын пайдалана отырып, мал шаруашылығында генетикалық қорларды сәйкестендіру және сертификаттау мәселесі бастама алып, іске асыру жоспарланған. Ғылыми жұмыстардың жетекшілері: а.ш.ғ.д., профессор Орынбек Бекетауов, а.ш.ғ.к., Оралбек Алиханов.

«Тамақ биотехнологиясы» ғылыми-зерттеу зертханасы әртүрлі салаларда қолдану үшін биологиялық белсенді агенттерді және нанокапсуляциалау жүйелерін әзірлеу мен қатар тамақ өнеркәсібінің дамуын қамтамасыз ету мақсатында қоспалар, ферменттер, ашытқылар, крахмал және майлар өндірудің заманауи технологияларын жасақтау жолға қойылып, «Зерде Фито», «PHYTO APIPARM», «Барыс 2007», «Ақтоты и К», «Рахат-Шымкент» кәсіпорындарымен тығыз байланыста.

Ғылыми-зерттеу зертхананың ғалымдары Азирет Шингисовтың жетекшілігімен «Тамақ өнеркәсібінде пайдалану үшін биологиялық белсенді заттар мен жеміс-жидек ұнтақтарын алу мақсатында отандық селекциялық жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің перспективалы сорттарын өңдеу технологиясын әзірлеу», Айдана Утебаеваның жетекшілігімен   «Пробиотиктер мен антиоксиданттар қосылған инновациялық функционалды био ашытылған сүт өнімдерін өндіру технологиясын жасау» және Раушанбек Әлібековтың басқаруымен «Жануарлар мен өсімдік тектес ауыл шаруашылығы шикізатын қалдықсыз кешенді өңдеу» тақырыптары бойынша жалпы сомасы 385 млн тенге құрайтын ғылыми зерттеу жобалары іске асырылуда.

«Өнеркәсіптік биотехнология» ғылыми-зерттеу зертханасы кәсіпорындар мен өндірістердің әртүрлі қалдықтарынан экожүйені қалпына келтіру және тазарту үшін микроорганизмдер негізінде биологиялық препараттарды жасауға негізделген. Зертхана меңгерушісі т.ғ.д., профессор Бахытжан Кедельбаевтың жетекшілігімен «Түркістан облысының шөлейт аймағындағы ауылдық жайылымдарды пайдаланудың экономикалық және экологиялық аспектілерін зерттеу» тақырыбындағы сомасы 78 млн тенге құрайтын гранттық жоба жүзеге асырылуда.

«Жас Ғалым» жобасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы бойынша Жақсылық Махатов «Өсімдік шикізатынан алынатын азықтық протеин биотехнологиясын дамыту» тақырыбында жоба орындалуда.

Ташкент мемлекеттік техникалық университетімен бірге «Құрамында O- және N бар кейбір органикалық қосылыстардың мақсатты синтезінің ғылыми негіздерін жасау» тақырыбындағы сомасы 120 млн тенге құрайтын халықаралық іргелі жобасы іске асырылуда.

Биотехнология орталығының ғылыми-зерттеу зертханаларында қалыптасқан жаңа қолданбалы білім биотехнология саласындағы аймақтық мәселелерді тиімдірек шешу үшін ғылыми жетістіктерді, өнімдер мен қызметтерді түрлендіру негізінде тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу болып саналады.

Ғылыми-техникалық нәтижелерді қарқынды тарату мен енгізу және нарыққа жаңа білім мен технологияларды құру мақсатында, өңірдің бизнес құрылымдарымен ынтымақтастық құқықтық және стратегиялық тетіктері үздіксіз жетілдіруде.

Биотехнология орталығының инновациялық әлеуетін нығайту және бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, білім мен технологияларды тиімді трансферттеуге және өндіріске практикалық енгізуге кедергілерді азайту міндеті тұр.

Биотехнологиялық орталықтың инновациялық жетістіктерін өндіріске тікелей енгізіп, оларды коммерцияландыру және кең көлемде тарату мақсатында технологиялық парктерді заманауи талаптарға сай құру өзекті мәселе.

Оңтүстік өңірдегі өндіріс саласындағы биотехнология дамуын қаматамасыз ететін заманауи технологиялық парк құру нәтижесі ғылым мен бизнестің өзара тығыз әрекеттестігін, инновациялық даму саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде бірлескен зерттеулерді; ғылыми-техникалық қызметтерді; тиімді білімді құру және пайдалануды; өндірістің экономикалық тиімділігі мен кәсіпорын бәсекелестігін арттыруды, кадрларды үздіксіз оқыту және кадрларды кәсіби қайта даярлауды нығайтып, қамтамасыз етеді.

Нурадин ӘЛІБАЕВ, М. Әуезов атындағы ОҚУ,
Жаратылыстану-техникалық ғылымдары
ғылыми-зерттеу институтының
Биотехнология орталығының басшысы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы,
а.ш.ғ.д., профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.