Жетістік кілті үштікте: ұстаз-оқушы-ата-ана

Среда, 09 Декабрь 2020 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2158 раз

школа

Шырайлы Шымқала Қазақстанның үшінші мегаполисіне айналды. Тарихи маңызы зор бұл оқиға қаламыздың одан әрі дамып-өркендеуіне жол ашып, тұрғындардың өміріне жаңа серпін берді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мұндай қалалар тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңартылған және мәдениеті жоғары болуы тиіс» деді. Бүгінде шаһарымыз жаңа жобалары және мәдениетімен, ауқымды жұмыстарымен және еңбекқор, қонақжай, қайырымды халқымен, сондай-ақ, жаңашылдыққа ұмтылуымен күн санап жаңғырып, дамып келеді. Соның жемісі ретінде Қаратау ауданына қарасты «Нұрсәт» шағынауданын айтуға болады.
Бүгінде шағынаудан үлкен қалашыққа айналып, тұрғындар саны өсіп, қажеттілікке қарай жыл сайын жаңа нысандар ашылуда.
Сондай нысанның бірі – 2017 жылы №130 мектеп салтанатты түрде ашылып, шәкірттеріміз білім ордасына қадам басты. Мектеп ұжымы «Ата-ана – оқушы – ұстаз» атты үштік одақ аясында бір мақсатта жұмыс істеп келеді. Үш одақтың ынтымағы мен бірлігі жарасып, ұрпағымыздың болашағы жарқын, қадамы нық болуы үшін аянбай еңбек етудеміз.
Орта білім беру мазмұнын жаңарту үшін ұйымдастырылған педагогикалық курстарда мұғалімдеріміз өз білік-білімдерін жетілдіріп, заман талабына сай жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, оқушыларды білім нәрімен сусындатуда.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігі айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу,
мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуының сөзсіз қажетті алғышарттары саналады. Сол себепті мектебімізде оқушылардың «Тілдік құзіреттілік» курстарын аяқтап, химия, биология, информатика пәндерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруіне үлкен көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің Білім беру факультеті бірлесіп дайындаған деңгейлік бағдарламалардың тиісті сертификатын алған, І, ІІ, ІІІ деңгейлі ұстаздар заманауи талаптарға сай білім беріп, мұғалімдермен коучинг, тренинг, шебер сабақтар өткізіліп, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады.
Қазіргі оқу үрдісінде жеке тұлғаны қалыптастырудағы сыныптан тыс жүргізілетін үйірменің рөлі зор. Оқушылардың шығармашылық қабілеті мен дербестіктерін жан-жақты дамыту, бос уақыттарын ұтымды ұйымдастыру мақсатында мектебіміздің оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бір бөлігі ретінде үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтсақ, баскетбол, волейбол, үстел тенисі, күрес, гандбол, дойбы, ұлдар мен қыздар футболы, би, домбыра т.б. үйірмелеріне шәкірттер қызыға қатысады. Түрлі спорт, өнер салалары бойынша да оқушыларымыздың халықаралық, республикалық және қалалық деңгейдегі жетістіктері жетерлік.
Биылғы оқу жылы әлемді жайлаған «COVID-19» короновирус инфекциясының салдарынан онлайн режимде өтуде. Ұстаздар қауымы мен оқушылар, ата-аналар оқу мен тәрбие саласындағы кедергілерге қарамастан, барлық жұмыстарды қашықтан өз дәрежесінде өткізуде.
Мектеп – келешек ел басқарар, ұлт мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де, қасиетті ұя. Сол мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті ұстаз. Қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім, спорт, өнер бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару – ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі. Осы орайда айтар болсақ, біздің мектебімізде білікті ұстаздар мен білімді оқушыларымыз жетерлік. Үш жылдың ішінде мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз жыл сайынғы өткізіліп жатқан халықаралық, республикалық, қалалық пән олимпиадаларына, ғылыми жобаларға, спорттық жарыстарға, түрлі байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып, көптеген жетістіктерге қол жетіп, мектебіміздің абыройын асқақтатты. Шәкірт жетістігі – мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», – деп мұғалімдер қауымына үлкен сенім, жауапкершілік артқан болатын. Олай болса, адамды ұлы мақсаттарға жеткізетін ұлы күш – білім, оны жас ұрпақтың бойына дарытушы ұстаздар қауымы екені даусыз.
Болашақта мектебіміздің ұстаздары бәсекеге қабілетті, білімді оқушылар тәрбиелеп, жағымды жаңалықтар мен алар асуларымыз, шығар белес, жетістіктеріміз мол болып, алдыңғы қатарлы білім ошақтары санатынан табылатынымызға кәміл сенімдіміз.

 

Ақгүл ДҮЙСЕНОВА,
№130 мектеп
директорының
оқу жұмысы жөніндегі орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.