ТОТЫҚҰС, КАНАРЕЙКА, КОРЕЛЛА, АМАДИН өсіретін Сырлан Избранное

Среда, 09 Декабрь 2020 04:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2875 раз

53

Ол бала кезінен құстарды жақсы көрді. Кеңестік кезеңнің әнебір мультфильміндегі «Кеша» деген бұзық тотықұсты көгілдір экран арқылы таныған еді. Алайда, өзінің жекеменшік құс шаруашылығы болады деп әсте ойламаған. Алты жасында әкесі оған Қырғы базардан кішкентай екі тотықұс сатып әпереді. Сол екі попугайдан басталған құс өсіруге деген әуесқойлық шымкенттік Сырлан Тәшімбетовті табысты кәсіпкерге айналдырады деп кім ойлапты?!.

51Иә, оның кәсібі өзгелердікіне ұқсамайды. Негізгі мамандығы – есепші. Басты жұмысымен қатар ол 30 жылдан бері тотықұс, канарейка, корелла, амадин құстарын өсіріп, күтіп, баптап, көбейтеді. Соның бәрін көзбен көруді әрі сұхбат жасауға Сырланның үйін бетке алғанбыз. Шүлдірлеген бала-шаға алдымыздан жүгіріп шықты. Одан бөлек, бізді осы шаңырақтың «көңілді тұрғындары» шықылықтап қарсы алды. Үйдің кіреберісін бүтін бір құстардың мекені дерсіз. Бір бұрышқа арнайы бірнеше қабатқа бөлінген үлкен тор істеліпті. Соның іші толған құс. Қайсысы сайрап, қайсысының үнсіз тұрғанын айыру қиын. Шиқ-шиқ-шиқ етіп, жамырай дауыс шығаруда.
– Қайбір құстың сайрау-сайрамауы баптаушыға байланысты. Егер құстардың да қарны тоқ, көңілі жәйланса ғана сайрайды. Қарны аш, жағдайы болмаса қайдан сайрасын?! – деді үй егесі біздің құстардан көз алмай қарағанымызды аңғарып.
Сөйтсек, бұл құстардың бәрі бірдей сайрай бермейді екен. «Бұлардың ішінде канарейкалар – сирек сайрайтын тотықұс түрі. Өте жылдам қозғалады. Адамның көңіл-күйін сезеді. Канар аралдарынан шыққан, тіктұмсықтыға жататын құсты кейде сары шымшық деп те жатады. Тотықұс болса – ілмектұмсықтыға жатады. Ал корелла құсының негізгі табиғи түсі – сұр, гибридтелген түсі – сары-сұрланған. Яғни, мутацияға ұшыраған. Ала амадин, амадин гульда өте нәзік әрі сезімтал құстардың бірі. Балапандарын тастап кететіндері де болады. Сондай балапандарды қолмен тамақтандырамыз».
Құс өсіруші Сырланның әрбір сөзін мұқият тыңдап тұрмыз. «Қарға баласын әппағым дер» деген сөз де заман ағымына сай мән-мағынасын жоғалтқан ба, қалай? Құстардың арасында да баласын бауырына баспайтындары бар болып шықты.
Құсшы канарейканың балапандарына үш апта бойы әр қырық минут сайын шприцпен тамақ беріп отыратынын айтты. Басқа жолы болмапты. Жасанды жолмен өсіретін инкубаторы да жоқ. Кешке қарай анасының қасына қояды. Азанда қайтадан өзі тамақтандырады. Біздің көзімізше құйттай құстың қызылшақа балапанының аузына нәрестелерге беретін дайын ботқаларды шприцпен бергенін көріп, жүрек елжіреп кетпесі бар ма?! Сол бір тым кішкентай балапанды қолмен тамақтандырған картинаны көзіңізбен елестететіп көріңізші. Қандай әсерлі сәт еді!.. Әне, үй жағдайында құс өсіру де оңай емес екен. «Ыстығына да, суығына да төзбесең, қайсыбір кәсіптің алға басуы екіталай», – дейді сөз арасында Сырлан.
Ол құстарын үй ішіне қарашаның ортасында кіргізіпті. Оған дейін жылдың қалған үш мезгілінде тотықұстар мен канарейкаларды ауласындағы қаумалда (вольер) ұстап келіпті.
– Қыста қар жауған боранды күндері құстарымның қасына келіп, сайраған үнін естісем күн шығып, көк жайқалып, көктем келгендей жылынып сала беремін. Бұлар бізге әрдайым көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Таңертең оятқыш қойып әуре болмаймыз. Таң қылаң берісімен өздері-ақ шиқылық атып, сайрай жөнеледі. Құстардың сыбыр-сыбыр үнімен көзімізді ашамыз. Сондай жағымды эмоция сыйлайды, - деді құсшы құстарының жағымды жақтарына да тоқталып.

 

55

 

ҚҰСТАР ДА ДИЕТА ҰСТАЙДЫ

– Канарейканың балапанын қайтіп тамақтандырғаныңызды көрдік.
Жалпы, құстарыңыздың тамақтану рационына не кіреді? Режимі қандай?
– Құстарда да диета деген болады. Бейуақыт тамақ берсе семіріп кетеді, ол да ауыр тиеді. Қазір қыс болғандықтан далада шөп-шалам жоқ. Сондықтан дәріханадан түймедақ, қалақай, қайың, т.б. ұнтақталған
дайын шөп түрлерін, фитошайларды контейнерге салып беремін. Өзінің жемі бар. Әр үш күн сайын күріш, қарақұмық, тарыны шикі пісіріп, оған шекер, алма, сәбіз араластырып беремін. Сәбізді күн сайын үккіштен өткізіп беруге болады. Құстардың бір нашар жері, уақытылы тамағын бермесең, ішіндегі әлсізін талап жеп қояды екен.
Жылда көктемде шөп жинап қоятын едім. Биыл пандемия болып, көп жерлерге дезинфекция жасалғаннан кейін шөп жинамадым. Құстарымның уланып қалуынан қорықтым. Әрбір құс сайрап тұруы үшін қарны тоқ болуы керек. Одан соң аптасына 2-3 рет ұшырып тұру керек. Ал бос кеңістікке жіберу үшін кішкентайынан ас-суын беріп үйрету қажет. Сонда міндетті түрде ұшқан ұясына қайта оралады. Құстардың миы үш жасар баланың миымен бірдей жұмыс істейді.
– Тотықұстың адамша сөйлеуі де сондықтан екен ғой.
– Негізі попугайды сөйлетіп үйрету үшін кішкентайынан бір өзін бөлек асырау керек. Содан зеріккенінен адамша сөйлеп кетеді. Ал қасында басқа құстар болса, өзінің тотықұс екенін біліп қояды да, біздің тілімізде сөйлеуі екіталай болады. Жан-жануарлардың ортасына түсіп, еріксіз солардың тұрмыс-тіршілігін кешкен Маугли сияқты ғой бұлар да.
– Қызық екен. Құстарыңызға тамағынан бөлек қандай күтім жасайсыз?
– Қайбір құс болмасын өкпек желде қалмауын қадағалау керек. Терезенің алдына қоюға болмайды. Күн сәулесі көп түссе де зиян. Күндізгі сағат 10 мен 11-дің арасында күнге шығарып, тордың жартысы көлеңкеде, жартысы күнде тұрса жеткілікті. Тырнағы мен тұмсығын да егеп отырамын. Егер өсіп кетсе, құстың мазасы қашады. Астын күніне бір рет шаңсорғышпен тазалаймын. Ол үшін «Bosh» фирмасының қымбат маркасын сатып алғанмын. Басқасы жарамайды.
Бұлардың да үстін кене, бит басып кететін кездер болады. Ондайда марганцовка қосып шомылдырамыз. Кейбірі туберкулезбен ауырып жатады. Сондықтан оны да абайлау керек. Мәселен, бір үйде бес баланың бірінің құстарға аллергиясы болуы мүмкін. Сондықтан «үй ішіндегілердің аллергиясы бар ма, жоқ па?» екенін біліп, зерделеп алу керек, – дейді кәсібінің қыр-сырымен бөліскен құсшы.
Ал үй құстарының бір ерекшелігі десек пе екен, үйде бір адам ауырса, құстардың біреуі өліп қалатын көрінеді. Себепсізден себепсіз. Бірде Сырланның қос ұлы қатты тұмауратып қалғанда құстарының ішіндегі ең сүйкімдісі топ етіп құлап, содан тұрмапты. Бұдан сәндік құстар мен үй егелерінің арасындағы көзге көрінбейтін тылсым байланыстың барын ұққандайсыз.
Үй жануарлары мен құстарының баланы мейірімділік пен жауапкершілікке үйрететіні бұрыннан айтылады. Әсіресе, аутизммен ауыратын балаларға жақсы делінеді. Сырланның балалары да әкесіне еріп, құс баптауға қызығады екен. Бала демекші, карантинде сәндік құстарды сұраушылар саны күрт өсіпті. #Үйден_шықпа, #үйде_бол! деп жаппай үйге таңылған өтпелі кезеңде сайрағыш, сөйлегіш құстарды жеткізе алмапты. «Бұрын-соңды мұндай гегабайтты сұраныс болмаған. Тіпті, күніне 100 құс сұраушылар болды. Оған жағдай болмады. Себебі, менде оншалық үлкен сұранысты қанағаттандыратын жағдай қарастырылмаған. Ол үшін кең аумақты ғимарат керек», – дейді ол.
Иә, әлемді әбігерге салған карантиннің керісінен бүкіл әлем елдері шекарасын қымтап жауып алуға мәжбүр болды. Бұған дейін көрші Ташкенттен келетін құстар келмей қалды. Сөйтіп, Сырланның құс саудасы қыза түсті. Дегенмен, шекараның жабылуы көп нәрсеге салқынын тигізді. Құс ұстайтын тор Қытайдан келетін еді. Енді келмей қалды. Ал қолдан істелгені онша келіңкіремейді. Сәндік құс болғандықтан, мыстан жасалған мықты торымен бірге алу керек. Ал жәй темір тот басып кетеді. Ол құстың асқазанына түссе, шаруа бітті дей беріңіз. Әп-сәтте үп-сүффен өсірген құсыңыздан айырылып қалуыңыз кәдік.
Кейіпкеріміздің әңгіме ауанымен карантинде құс саудасы қыза түсті дедік қой. Көптеген компаниялар есепшінің қызметінен уақытша бас тартқанда, С.Тәшімбетовтың отбасын осы құстар асырапты. Ол хоббиін кәсіпке айналдыру үшін былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы оқу курсынан өтіп, сертификат алған. 505 мың теңгелік гранттың қаржысына канарейка мен ала амадиннің түрлерін көбейткен. Биіктігі төрт метрлік қаумалдың құрылысына жұмсаған. Бірақ сұраныстың көбеюі құс өсіретін аумақты да кеңейтуді талап етіп отыр. Сырлан тағы ізденіп, мемлекеттен берілетін 5 миллион теңгелік грантқа құс өсіруді үйрететін орталық пен оның жанынан зоодүкен ашқысы келетінін айтады.
– Балалар қызығып ата-анасына алдыртып жатады. Баланың аты бала, бір аптадан кейін ыстығы басылады. Әке-шешесінің құсқа қарауға жұмыстан қолы тимейді. Ақыр аяғы OLX-та саудаға салынады. Мұндай әурешілік болмас үшін әуелі алушыны құс өсіру туралы курсқа оқыту керек. Өзі оқып, үйренсін. Қасында құс сататын зоодүкен ашсақ, ұнатқан құсын да, оны ұстайтын торын да таңдап алып кетер еді. Грант алып жатсам, аумағы үлкен ғимарат алар едім. Сонда құстарды көбейтуге де ыңғайлы болар еді. Жылы еден істеп, жылу
жүйесін қосып қойсаң, құстар тез көбейеді. Әсілі, көзін тапсаң, өте табысты бизнес, – дейді Сырлан.
Жалпы бұл салада бәсеке жоқ деуге келмейді. Шымкентте Сырланнан да өткен мықты құс өсіретіндер бар. Жалпы Украина, Германия, Бразилия, Иран, АҚШ, Австралия, Араб елдері құсшыларының халықаралық қауымдастықтары бар көрінеді. Олардың әлеуметтік желіде арнайы чаттарында құсқа қатыстының бәрі бүк-шік демей талқыланып жатады.
«Тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» дейтін Шеге ақынның термесінде кездесетін жыр жолдары халқымызға экзотикалық құстардың жат емес екенін меңзейді.
Қазақтар аң аулау үшін қыран бүркіт пен жыртқыш қырғи сияқты құстарды баптаған. Сырланға «Біздің тұқымымызда жоқ кәсіпке қайдан келдің?» деп айтатындар бар көрінеді. Шынтуайтында қайсыбір құс түрін өсіру ата кәсіп екенін мойындауға тиіспіз. Тек заман талабына сәйкес өсіру, көбейту технологиясы мен әдіс-тәсілдері жаңарып отырғаны болмаса... Міне, кәсіпкерлік көкжиегінде ерекше қызық кәсіппен көзге түскен Сырлан Тәшімбетовтің бизнесінің тарихы, қыр-сыры осындай.

Последнее изменение Среда, 09 Декабрь 2020 05:02
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.