СЫН БОЛСЫН, БІРАҚ ШЫН БОЛСЫН Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 117 раз

Халық аузында осындай сөз бар. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере келіп, басқармадағы елеулі кемшіліктерді сын садағына алды.

4BET1

 

Ой елегінен өткізсек, басқарманың пайдасына шығатын орынды сын. «Сын түзелмей, мін түзілмейді».
Тырнақ астынан кір іздеген біреулер үшін кейбірі ұсақтау болып көрінер, шын мәнінде кемшіліктердің ұсақ-түйегі болмайды.
Алдымен алқа мәжілісінің өткізілу тәртібіне тоқталайық. Бұрын жиын қаржылық және істелген жұмыстарға есеп беру түрінде өтетін. Брифинг түрінде. Шағын топ қана шақырылып, шағын офисте берілетін. Көп сұрақтарға, мәселен, құқық қорғау саласынан қойылған сұрақтарға жауап берілмейтін. Енді айтайық.
Сәрсен Абайұлы өзіне қарасты алты басқарманың жұмысын халық алдына шығаруды ұйғарыпты. Барлық саланың қызметкерлері шақырылған. Бұл ел ауызында көп айта беретін «Еститін Үкіметтің» ашық жұмысы.
Мәселен, халқы миллионнан мол асатын Шымкенттің маңдайға басқан 6 театры бар. Осы театрлардың ғимараты, акустикасы, керек-жарағы жөнінен талапқа сайы – орыс драма театры ғана. 1967 жылы салынған ғимаратта бәрі ескірген. Қалғаны көп керегінен ақсап жатыр.
Халқы көп мегаполисте әлі де мәдениет ошақтары жетіспейді. Мәселен, Шымкент іріленгенде 41 елді мекен қосылды. Соның төртеуінде ғана мәдениет ошағы салынып бітуге жақын. Ал, қалған елді мекендер тоқалдан туғанның кебін кешіп отыр. Қала әкімінің орынбасары осы мәселені шешу жайын айтты.
Музей-мұражай. Мегаполисте оның саны біреу ғана. Ғалымдар 2200 жылдық тарихы барын дәлелдеген Шымкент шаһары үшін бір тамшыдай ғана дүние. Яғни, басқарма өз есебінде театр, музей жөнінен даму динамикасын ұсына алмаған.
Осы ретте Сәрсен Абайұлы жаға ұстататын дерек айтты.
Бұрын мәдениет тізгінін ұстаған басшыға бір кездескенде Жұмат Шаниннің кім болғанын сұрапты. Мандытып жауап бере алмаған. Онымен тұрмай «сіз де білмейсіз» ғой деген. Қазақтың алғашқы театр режиссері туралы толық мағлұмат беруіне тура келген.
Мәдениетті басқарған азаматтың артынан ауыр сөз айтпай-ақ қоялық, бірақ бұл осы саладағы барлық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы көтеріп жүруіне сеп болса екен.
Осы тұрғыда Сәрсен Абайұлы ұлы әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» туындысын соңына дейін зерделеп оқығандығын, еңбекті әрбір азамат білуге тиістігін ескертті.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Алаңда дүбірлеп мерекелік концерт өтіп жатыр. Қала әкімі орынбасарының қырағы көзі бір тұста гәуілдеп тұрған азаматтардың темекі шегіп болып, тұқылын жерге тастағанын, айналасына былш-былш түкіріп тұрғанын шалған. Былай қарасаң ұсақ-түйек сияқты. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» деген еңбегінен үзіңді алып, қаланың әр жерінде жарнама етіп жазып қойған Шымкенттің мәдениет қызметкерлеріне жарасар қылық па бұл?!
Өнер тарландары сөзінің «бісмілләсын» Станиславскидің «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөзімен бастайды.
Сәрсен Құранбек бұған «Мәдениет үйдегі киім ілгіштен басталады» деп қосты. Келісеміз.
Қаржылық есеп-қисапта да мақсатсыз жұмсалып жатқан тұстар бар.
Мәселен, жаһанға жар салып салған «Шымқала» этнокешенінде 2 млрд. 700 мың теңгенің есебі дұрыс шықпай жатыр. Этноауылға қанша қаржы бөлінгенін басқармадағылар тап басып айта алмай отыр.
Қала әкімінің орынбасары «Шымқала» этнокешенінің есеп-қисабын тексеру Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл егенттігіне тапсырылғанын айтты. «Бал ұстаған бармағын жалайды» дегендей, күні кешегі су тасқынына мемлекет бөлген мол қаржының 1 млрд. теңгесі қолды болғаны айтылып жатыр. Қолында билігі барлар осылай опырып жей берсе, қара халықтың соры да.
Жиында кітапханалар жүйесінің орталықтандырылатыны жайлы да айтылды.
Алқа мәжілісінде Түркістан облысы құрылуына байланысты мәдениет саласында туындаған мәселелер көтерілді. Бұрын Шәмші Қалдаяқов атындағы филормония, Орталық музей және Салт-дәстүр орталығы сияқты ірі мекемелер облыс балансында болған. Облыс ғимараттарымен бірге өзіне өткізіп алып жатыр. Құқықтық жағынан заңды. Енді олардың Шымкенттегі жағдайы қалай болады?!
Түркістан, Шымкент бір-бірімен көріспейтін жат емес. Біздің нысан деп ғимараттарды қопара көшіріп әкете алмайды. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков екі жаққа да пайдалы біраз келісімге келіпті.
Сәрсен Абайұлы бұл мәселеде де шешілмеген түйін бар екенін айтты. Мәселен, филармонияның әнші-күйшілері облыс пен қалаға бірдей қызмет етуді ұсыныпты. Бұл облыс пен қаланы көншітпейді. Яғни, ансамбль қайта жасақталады. Сонымен қатар, театрдың құрамына тіркеліп, ешқандай репертуарға қатыспай айлық алатын актерлардың әрекетіне өз ойын айтты. Яғни, шөп басын сындырмай пайда табатын әрекет тоқтатылады. Ең қызығы, Шымкенттің маңдайына басқан «Түркістан» сарайы филармонияның меншігінде екен. Қыстың күні қырауда іші азынап кететін «Түркістан» сарайын жылыта алмай отырған басқармаға ауыр сын айтылды.
Ономастика саласында да шетін мәселелер бар. Республикаға берілген мәліметте қалада 4190 көше бар деп көрсетілген. Қайта зерделеу бағытында 3513 көше болып шыққан. Яғни, әр мекеменің өз есебі бар. Көшеге ат беруде де «атамның аты, апамның аты» деген пиғылдар сезіліп қалады. Осының бәріне тоқтам керек. Осы мәселе қала ішіндегі кейбір ескерткіштерге де қатысты.
Тура осындай кемшіліктер мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына қарай қаржыландыру жағдайында да кездесіп жатыр екен. Балабақша жасындағы балалар мен мектеп оқушыларының есебі дұрыс алынбаған. Мақсатсыз жұмсалып жатқан қаржыға қатысты тексеру жүргізіледі.
Өз мініңді жасырсаң, біреу сырттан келіп жөндеп бермейді. Басқарма басшысы Бауыржан Орынтаев қала әкімінің орынбасары тарапынан айтылған барлық сын-ескертпелерді жазып алғанын, осы мәселелердің орындалуы бойынша кезең-кезеңімен есеп беретінін айтты.
– Бұл біз істейтін шаруаның басы ғана. Қала біздікі. Мұнда ұсақ-түйек деген мәселе болмайды. Кемшіліктермен көп болып күресейік. Олқылықтардың орнын түгендейік. Ынтымақ, бірлік бар жерде, бақ бар,– деді Сәрсен Абайұлы.