Туған тілімізде дұрыс сөйлей алып жүрміз бе?

Среда, 29 Март 2023 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 494 раз

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері де отыз жылдан асты. Алғашқы жылдары жергілікті өңірлерде «Қазақ тілі қоғамдары» ашылып, өз алдына «Тіл басқармасы» деп аталатын арнайы басқарма құрылып, талай-талай тындырымды тірліктер жүзеге асты. Керісінше жылдар жылжып, егемендігіміз айқындалып, өз еркіміз өзімізде болған сайын біздің туған тілімізге деген құрметіміз, сауатты сөйлеуге деген ықыласымыз төмендеп бара жатқан сыңайлы. Бәлкім бұған «жаһандану» деп аталатын үздіксіз процестің де, «әлеуметтік желі» деп аталатын әлем-жәлем дүниенің де әсері бар шығар. Қалай болғанда да, осы мәселеленің түбіне тереңдеп барып, себебі мен салдарын анықтауға әрбіріміз міндеттіміз.

 

Осыдан отыз жыл бұрын «тұрмысты сана билейді» деген сөздің күші керемет қуатты болатын. Қазір де сол қуаты бір мысқал да кемімей тұр. Күнделікті күйбең тірлікте, адамдармен қарым-қатынаста да өз тіліміздегі өрескел қателерге көз жұма қараймыз, жол-жөнекей тыңдап, бейғам қабылдай береміз.
Шырайлы қаламызда күн өткен сайын жаңа ғимараттар көбейіп, көздің жауын алатын сан түрлі сәулетті сарайлар бой көтеруде. Өкінішке орай, сол жаңадан салынып жатқан нысандардың басым көпшілігінің атауы ағылшын тілінде айғайлап тұр. Тіпті, қазақ тілінде жазылған орталықтар, салтанат сарайлары мен сауда орындары болсын өрескел қателерімен көзге ұрады. «Дүкені Алтыншаш: Магазин Алтыншаш» деген сыңайдағы қате жазылған дүкен атауларынан көз сүрінеді. Тірлігін дөңгелетіп отырған кәсіп иелеріне «неге филолог емессің?» деп ешкім талап қоя алмайды, тек сол кәсібін жүргізбес бұрын «сауатты тіл мамандарынан ақыл-кеңес сұраса, ондай олқылықтар орын алмас еді-ау» деп қынжыласың. Бізде мықты кәсіп иелері де бар, мықты тіл мамандары да бар, тек «өз тілімізде дұрыс сөйлейік, өзгелерден де соны талап етейік» деген ниет жоқ. Әрине, оңтүстік өңірі, Шымкент қаласы өзге аймақтармен салыстырғанда ана тіліміздің жай-күйі көш ілгері. Дегенмен, олай ұзын арқан, кең тұсауға салынып отыратын кезден өтіп кеттік. Ұлысқа ұйытқы болған оңтүстік өңірі, Шымкент өлкесі ана тілін ардақтау, туған тілімізді төрге шығару ісінде көпке үлгі бола білгеніміз жөн.
«Тіл — халықтың қаруы» дейді, ақпарат пен цифрландыру алға озған заманда дамуға бет алған ел қаруын алып, қауқарына мініп отыруы тиіс. Ал, біздің қоғамда ше? Сөзіміз анық, жазуымыз қанық болып жүр ме? Көшедегі жарнамадан көзің сүрініп, тілің сынып, миың ауырып кетеді. Қарапайым дүкен мен магазин дегенді оқып жағаңды ұстайсың. Тағысын тағы. Бұлар сонда қазақша білмейді ме, әлде оларға бәрібір ме?
Жер бетіндегі адамзаттың уақытын аяусыз жаулап алып отырған қалта телефоны барлық байланыс түрін қамтамасыз етеді. Балабақшадан бастап құзырлы мекемелерге дейін түрлі чаттар арқылы тапсырма алып, тапсырма беріп отырады. Сол телефондағы хабарламалардың өзін өте асығыс жазу, қате жазу қалыпты жағдайға айналып кеткен. «Баратырм, кеватырм, жаксы, коремиз» деп телефон клавиатурасын қазақ тіліне аудармай-ақ, хабарлама жазуды үлкендердің өзі әдетке айналдырғалы қашан. Мұндай қате хабарламаларды, көше бойында ілініп тұрған атауларды, жарнамаларды көптеп келтіре беруге болады. Газет көлемі көтермейтіндіктен бірді-екілі ғана мысалдарды беріп отырмыз. Бұдан бөлек, айлық жалақы алатын сәтте немесе кез-келген қаржылық аударымдарды жасайтын кезде банкоматтан қызмет алу үшін қазақ тіліне қарағанда орыс тілін таңдағанды оңай көретіндердің қарасы басым. Тіптен, банктердің ұялы байланыстағы қосымша бағдарлдамаларын да өзге тілде қолдануды қолайлы санайды. Осының өзінен туған тіліміздің жай-күйінің қаншалықты деңгейде екендігін бағамдауымызға болады.
Ана тіліміздің абыройы, қазіргі жай-күйі туралы түрлі мінбелерде де айтылып, көтеріліп жүр. Біздің мақсат — сол айтылып, көтеріліп жүрген мәселелерге ары қарай қозғау салу. Ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса ағамыз да Парламент мәжілісінде тіл мәселесін бірнеше рет ортаға салды. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген сөзін тілге тиек ете отырып, жарылуға шақ тұрған сыздауық сияқты мәселелерді ашына жеткізді.
Қазақ жерін мекендеген әрбір азамат туған еліміздің тілінде дұрыс сөйлеуге, өзгенің де дұрыс сөйлеуін талап етуге міндеттіміз. Себебі, әр адам өз елінің, өз жерінің патриоты болуы тиіс. Ал, біз өз елімізде де, өзге елде де орыс тілінде сөйлеп, білсек те, білмесек те ағылшын тілінде амандасуға тырысамыз.
Қанша уақыт өтсе де ескірмейтін, керісінше уақыт өткен сайын таза алтын сияқты құны қымбаттай түсетін сөз бар.
«Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте».
Қазақтың Қадыры жазған өлең ақын өмір сүрген кезеңде де құнды болатын, ал қазір тіпті қымбатты қазынамызға айналды. ХХІ ғасырда көптілді білу – міндетіміз, ал туған тілімізде дұрыс сөйлеп, өзге адамның да дұрыс сөйлеуіне ықпал ету – парызымыз.

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың
директоры, ақын 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.