Жиында партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева атқарылған жұмыстарды баяндады. Жанар Әлібекқызының айтуынша, өткен жылы қоғамдық қабылдау бөлмесіне 25 242 өтініш түскен. Оның 70 пайызға жуығы оң шешімін тауып, қалғаны бойынша заңға сәйкес түсінік берілді. Атап айтар болсақ, «Birgemiz» қоры арқылы қаржылай және азық-түлік себеттерімен 13 мыңға жуық азамат көмек алған. Тағы 3 мыңдай адамға демеушілер есебінен әлеуметтік, қаржылай, материалдық көмек көрсетілгені айтылды.
Кездесуде Водопьянов көшесіндегі №1 а үй, Таскен, Азат тұрғын алабтары тұрғындарының оң шешілген мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов партиялық бақылау комиссиясы атқарған жұмыс көп екенін, бірақ мониторинг жұмыстарын әлі де күшейту қажет екенін айтып, партия филиалының ұжымына бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, жиында шаһардағы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі өз мерзімінде жүргізген «Отау Строй» ЖШС-нің президенті Қайрат Молдасейтов, «Арт Құрылыс» ЖШС-нің директоры Ануар Төлендиев, «Ақ Ордасы» ЖШС-нің директоры Сайдулла Қалыбековке қала әкімінің алғыс хаты табысталды.
Қала әкімі жиынды «Біздің басты мақсатымыз – халықтың тұрмысын жақсарту және елдігімізді нығайта беру. Ел болып біріге білсек, алынбайтын асу жоқ. Басымызға түскен қиындықтарды біз әрдайым бірге еңсеріп, жетістіктерге бірлесе жетеміз», – деп қорытындылады.