Ғани Іләйұлы кім болған? Избранное

Пятница, 09 Апрель 2021 03:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1794 раз

(Жалғасы. Басы өткен санда)

... Бір күні суретшінің үйіне «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Әділбай Омарұлы келеді. Төрт баламен қиналып отырған суретшінің жұбайын көріп ұн, сарымай, ет, қант жеткізіп береді. Біраз уақыт аралығында суретшіні үйіне қонаққа шақырып, әйелі Нүриямен таныстырды. Әділбай аға дастархан басында Ажарға қарап: – Шырағым, сен көп қамыға берме. Мен де жас шағымда көп қиыншылық көріп өстім, бұл қиыншылықтың арты жақсылық болады, – дейді. Сосын әйеліне бұрылып былай деп айтады: – Ғанидың болашағы зор, ол ұлы суретші болайын деп тұр. Біз бұларға көмектесеміз.

593

 

Осылайша еш туыстығы жоқ болса да екі жанұя ағайын адамдардай араласып кетті.
Ажар апа айтады: – Кейде ою іздеген сапарларына мені де ертетін. 1950-жылдары атақты Майлықожа ақынның немере қызының үйінде қонақта болдық. Бізді «Дәрмене» совхозының директоры
Бижан Әділқожев ертіп апарды. Атасының өлеңдерін керемет оқығаны сонша, таңның қалай атқанын сезбей қалғанымыз әлі есімде.
1956 жылы Шымкент қаласының Крегер көшесінің (қазір ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы атында – Б.О.) бойындағы Мұғалімдер үйінде алғаш рет суретшілер көрмесі ұйымдастырылып, сонда Ғани Іләйевтің суреттері бірінші орынға ие болады.
Бір күні суретшінің үйінде телефон қоңырауы шалынады. Облыстық партия комитетінің қызметшісі Алматыдан суретші Әбілхан Қастейұлының келгенін,
Ғ.Іләйевпен кездескісі келетінін айтады. Бірақ суретші үйінде жоқ еді. Ол әдеттегідей ою түрлерін іздеп кеткен болатын. Содан суретшінің жұбайы Алғабас ауданының прокуроры Масановқа телефон шалып, күйеуінің сол ауданда жүргенін біліп болған жайды хабарлайды.
Ажар апа айтады: – Масанов «Ғани сол жақта, бірақ дәл қай жерде екенін білмеймін», деді. Содан өзім барып, іздеп тауып, Қастейұлының келгенін айттым.
Қалаға қайтып келіп, бір қой сойып, Қастейұлын қонаққа шақырдық, келді. Үстінде жұпыны киім, аяғында керзі етік. Дастархан басында ол Ғаниға: – Әттең, сен сияқты білімім жоқ. Мен сенің орныңда болсам, академик болар едім, – деді. Қайтарында Ғаниды Алматыда өтетін Октябрь мерекесіне арналған сурет көрмесіне қатысуға шақырды. Ғани ағаң Алматыға мені де ала барды. Суреттері бірінші орын алды. Сосын 1958 жылы бірден Суретшілер одағына мүше болды. Бірнеше суреттері сатып алынды. Сұлтан Қожықұлы бізді киноға түсірді.
Ажар апаның әңгімелерін тағы бірде тыңдап отырып: «Сонымен, қиыншылықтар артта қалды дейсіз ғой», деп сұрақ қойдым. Ажар апай сәл-кем ойланып алды да: – Қалай десем болады? Әрине, бірден оңалып кеткеніміз жоқ. Үй таршылығы әбден қинады. Әсіресе, Ғани ағаңа жұмыс істейтін жеке бөлме керек болды. Сондай жағдайда жүрсе де жас суретшілерге көмектесетін. Олардың біразы біздің үйде тұрды да. Бәрін өз балаларымдай көріп, тамағын дайындап, кірін жудым. Тоғысбаев деген жігіт үйімізде үш ай жүрді. Қазір ол мұның бірін де есіне алмайды, бәрін ұмытты. Ал шындығына келер болсақ, оны Ғани ағаң Алматыға апарып, Сахи Романовпен таныстырмағанда жолы болар ма еді, болмас па еді, кім білсін... Мақұл, оның қайсыбірін айтайын. Жамандықты да, жақсылықты да көрдік қой. Ақыры Әдекеңнің, Әділбай Омарұлының араласуымен кең пәтер алдық. Балалар өсіп жетілді, үйленді, немере сүйдік. Ғани ағаң көптеген көрмелерге қатысты, жеке көрмелері де болды. Шет елдерге де барды. Өте еңбекқор еді ғой ағаң. Газет-журналдарға мақалалар жазатын. Қазақстандағы тұңғыш балалар көркемсурет мектебін ашқанында қуанғанын көрсең ғой!
Ғани ағаңды осы үйден мәңгілік сапарға шығарып салдым. Осылай өмір сүрдік, айналайын.

ҒАНИ АҒАЙМЕН ЕКІНШІ КЕЗДЕСУ

Бірнеше жыл бұрын облыстың барлық суретшілерінің есімдері мен суреттері енген «Өнерлі өлке суретшілері» атты көркем безендірілген кітап жарық көрді. Кітап Ғани ағаның суреттерімен басталады. Бұл кітапқа аттары енген суретшілердің барлығы дерлік Ғани ағаның шәкірттері. Оның ішінде інім Ералы екеуміздің де салған суреттеріміз бар.
Ұлы суретші ұстазымды бір адамдай білемін деп жүруші едім. Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының айтқанынан ұстазымның ағасы Әбілдің журналист болғанынан да хабардар едім. Біраз уақыт бұрын ол кісінің өз ағасы Әбіл туралы жазған естелігімен таныстым. Онда қазақтың белгілі тұлғалары туралы жаңа деректер білдім. Қолжазба Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайының қорында сақтаулы тұр.

594


Сырдария губерниясының орталығы Ташкент қаласының белгілі ұстасы Ілә мен оның жұбайы Ханымның ұлдарының үлкені Әбіл 1904 жылы дүниеге келген. 1917 жылы гимназияның 8 сыныбын бітірген Әбіл Қазақ ағарту институтына түсіп, 1922 оқуын бітірген соң Түркістан республикасының басшысы Тұрар Рысқұл-
ұлының көмекшісі болып қызмет атқарады. Содан соң Шымкентке көшірілген «Ақжол» (қазіргі «Оңтүстік Қазақстан») газетіне Т.Рысқұлұлының ұсынуымен тілші болады. 1925 жылдың күзінде Қызылорда қаласында шығатын «Еңбекші Қазақ» газетіне шақырылады.
Жұмысын жақсы істеумен қатар Алматы және Шымкент аймағының арнайы тілшісі бола жүріп Ә.Іләйұлы халық ауыз әдебиетін жинап, 5 қолжазба қалдырыпты. Әбіл аға сол бір жылдары бүгінде ауызға жиі алынатын қазақтың арыстары Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлы, Шамғали Сарыбайұлы, Халел Досмұхамедұлымен үзеңгілес, дос болған.
Ұста Іләнің үйінде Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Қоңырқожа Қожықұлы сынды аяулы азаматтар жиі қонақ болады екен. Ал атақты әдебиет майталмандары Сәкен Сейфоллаұлы, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлы мен Мұхтар Әуезұлы Әбіл Іләйұлын өз інілеріндей жақсы көріп, сыйласқан.
Сол бір жаңа Қазақстанның аяғынан тік тұрып келе жатқан кезіне дөп келген ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңді Ғани аға өзінің балалық шағын еске ала отырып, орыс тілінде баяндаған екен.
«Бір күні әрдайым көңілі жадырап жүретін Тұрар Рысқұлұлы ағай маған қарап былай деді: – Ал, қане, Ғани, мына сұрағыма жауап берші. Бір пұт тас ауыр ма, әлде бір пұт мақта ауыр ма?
Мен ойланбастан: – Тұрар ағай, әрине, тас ауыр. – дедім. Тұрар ағайым: – Екеуінің де салмағы бірдей емес пе, бір пұттан деді. Мен өз дегенімді дәлелдемек болып, «Бірақ мақта жұмсақ қой, көтеруге жеңіл», деп едім, Тұрар ағай риза кейіппен жымиды да әкеме қарап: – Мына балаңыздан бірдеме шығатын түрі бар, – деді.
Жазғы демалыс кезінде анаммен Қызылордаға жиі баратынмын. «Еңбекші Қазақ» газетінің шығарушы редакторы болып істейтін ағам Бейімбет Майлин екеуі бірге тұратын. Редакция ғимаратының жанындағы саябақтың арғы жағында орналасқан баспаханаға ағамның жазған мақалаларын жиі апарушы едім. Күніне бірнеше рет редакция мен баспахана арасында жүгіріп жүретінмін.
Жаздың ыстық аптап бір күнінде, әдеттегідей, Қызылорданың көшесінің шаңын бұрқырата жүгіріп келе жатқанымда алдымнан
Сәкен Сейфоллаұлы көрінді. Үстінде әдемі жаздық костюм, қолында ұстаған таяғы бар. Жақындай бергенде жүрісімді баяулаттым. Осынымды байқаған Сәкен ағай мені тоқтатып: – Жарайсың, Ғани, – деді де бір сомдық күміс теңге ұстатты. Киімі шаң болмасын дегенімді түсінгені ғой.
Сәкен аға біздің үйде жиі болатын. Әр келген сайын маған өзінің өлеңдерін жатқа айтқызатын. Бірде редакцияға барғанда Сәкен ағаның өлеңдерін Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлы, Мұхтар Әуезұлы және Сәбит Мұқанұлы ағалардың алдында оқығаным бар. Бәрі де дән риза болды. Ал Сәкен ағам маған қалтасындағы бар тиын-тебенін берді де: – Ертең пионерлік киіміңді киіп кел, жақын жердегі казармада қызыл әскерлер тұрып жатыр. Солардың алдында өлең оқисың, – деді. Шынымен-ақ ертеңіне түстен кейін біздің үйге бір қызыләскер келді. Бейімбет Майлиннің ұлы Әукен екеуміз соған еріп, қызыләскерлер тұратын жерге бардық. Сарбаздардың клубы қазақ жауынгерлерге лық толы екен.
Абай атындағы №5 мектептің көркемөнерпаздары үлкен концерт қойды. Мен жеке шықтым. Мұншама көп адамның алдында бірінші рет өнер көрсетуім. Сондықтан, қатты қобалжыдым. Бірақ Сәкен ағайдың көңілінен шықпақ болып, бар даусыммен өлеңін жатқа оқыдым. Қызыләскерлерге ұнаған болуы керек, сартылдата қол шапалақтап жатты.
Сол күні Сәкен Сейфуллин өзінің фаэтонымен біздің үйге келіп, мені мақтап, анам мен ағамды құттықтап кетті.
1928 жылдың жазында Мәскеуден Ілияс Жансүгірұлы келді. Пәтер тапқанша жұбайы және бала-шағасымен екі ай біздің үйде тұрды. Ол кісі сондай ақкөңіл, кез келген адаммен шүйіркелесе кететін. Өкімет мүшелерімен де, журналистермен де жақын дос болатын.
Он бір жастағы кезім. Бір күні терезенің алдында тұрып, саябақтың суретін салып жатыр едім, Ілияс аға жақындап келіп, біраз қарап тұрды да ағам Әбілге: – Қазақ халқында өнердің бұл түрімен айналысқан Шоқан Уәлиханұлынан басқа ешкім болмап еді. Ғани өскен соң суретші болса, халқымыздың мәдени өміріндегі бір жаңалық болар еді, – деді де әңгімесін былай деп жалғастырды, – Әбіл, інің бастауыш мектепті бітірген соң суретшілік оқуға түсуіне көмектес.
Ағам Ілияс Жансүгіровтен он жас кіші болатын және ағасындай құрметтеп, ұстаз тұтатын. Содан ағамның қолдауымен 1929 жылы мен екі оқу орнына – педагогикалық техникумға және болашақ суретшілер оқитын оқу орнына түсіп, екі жерде бірдей оқыдым.»
Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік үлкен орны бар суретші Ғани аға бұл естелігін 1984 жылдың мамыр айының 25 жұлдызында жазған екен. Естелігін «Биыл «Оңтүстік Қазақстан» газетіне – 60 жыл. Сондықтан ағамның осы газеттің алғашқы қызметкері болғанын мақтан етемін» деп жазыпты.
Сағымдай бұлдыраған сол бір кездер енді тарих еншісінде. Еліміздің әрбір көзі ашық азаматы пір тұтатын осынау қазақтың арыс ұлдары сол жылдары қаршадай баланың қабілетін танып, болашағынан үміт күткені үлкен көрегендік. Уақыт сол тұлғалардың ойының дұрыс екенін дәлелдеді. Ғани Іләйев талмай, қажымай, ауыл-ауылды аралап, қазақ оюының түрлерін жинап, олардың суретін салып, дүние жүзіне туған елінің өнерін таныта білді.
Кезінде Ғани ағаның үйінде жиі болатынмын. Бірде бір кеш бойы ағай мен жұбайы Ажар апаның айтқан естеліктерін жазып та алғанмын. Бірақ ол кезде ұстазымның өзінің балалық шағы туралы тіс жармағанына мән бермеппін. Енді ойлап қарасам, Ғани ағай өткен ғасырдың бірінші жартысында белең алған саясаттың құрбаны, «халық жауы» деген нақақ жаламен ұсталып кеткен ағасы, алғашқы қазақ әдебиетшілерінің бірі Әбіл Іләйев туралы айта алмапты...
Мектеп дәптерінің он екі бетіне 1984 жылдың мамыр айының 25 жұлдызында жазылған қазақ халқының арыстары туралы сыр шерткен осы бір естелігін оқып болып, бұл ұстазыммен екінші кездесуім екенін түсіндім...

Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы, есімтанушы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.