Толассыз еңбек тосқауылды жарып өтеді... «Shymkent INVEST» тың жобаларды қолдайды Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 582 раз

Шымкентте көшедегі жабайы сауданы ретке келтіріп, кәсібін жаңа бастаған бизнес өкілдерін аяққа тұрғызуға жәрдемдесетін тың жобалар қолға алынуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететін мекеме – «Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі.
«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту елдің басты стратегиялық мақсатына айналған бүгінгі қоғамда ойға алған жоспарды орындауға ешнәрсе де кедергі емес. Мемлекет бизнесті өркендетуге, оның жолындағы кедергілерді жоюға бар күшін салуда», – дейді ұйымның жетекшісі Саят Уалиев.

306

 

«Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисін кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық деп те атауға болады. Аталмыш мекеменің басты артықшылығы – кәсіпкерлерге қызмет көрсететін барлық мекеменің бір орталықтан табылуында. Олардың қатарында, мәселен, «Даму» қоры, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, сәулет, қала құрылысы және жер қатынасы, ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, тағы басқа ұйымдардың өкілдіктері бар. Келген адам әр мекемеге шапқыламай, «бір терезе» қағидасы бойынша бір орталықтан өзіне қажет барлық ақпаратты ала алады.

307


Фронт-офис арқылы кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының 4 бағыты бойынша көмекке жүгіне алады. Сонымен бірге осы бағдарламаның аясында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшілігімен арнайы гранттар қарастырылған. Яғни «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының 583 400 теңге грантын ұтып алуға мүмкіндік бар. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, сол мекеменің жолдамасымен палатаның «Бастау-бизнес» оқу курсынан өтіп, грант конкурсына құжат тапсырады.
Саят Уалиевтің айтуынша, фронт-офисте инвесторларға да үлкен қолдау бар. Атап айтқанда, оларды негізінен қызықтыратыны – әлеуметтік нысандар құрылысы. Әуелі өз қаражаттарына мектеп, аурухана салып, сосын оны мемлекет қарамағына өткізетін арнайы бағдарламаға қатысқанды қалайды. Фронт-офиске жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендердің кейбірі жобасын жүзеге асыруға жер сұрап келсе, енді бірі өз жобасын бастау үшін қаржылық қолдау мәселесімен келеді. Бұл ретте «Shymkent» ӘКК-нің «1000 сауда нүктесі» деп аталатын жобасы бар. Берілетін жердің аумағы – 16 шаршы метр. Ол жерге шағын дүңгіршек салуға болады. Кәсіпкер «Shymkent» ӘКК құзырындағы бұл учаскені конкурс арқылы ала алады.
– Қазір қалада әр бұрышта тауарын сатып отыратын саудагерлер көп. Олардың бұл кәсібі көбіне заңсыз да болуы мүмкін. Сондықтан, оларға саудасын жүзеге асыруға ресми түрде мүмкіндік беру мақсатында жоғарыда аталған «1000 сауда нүктесі» жобасы қолға алынып отыр. Бұл жобаның бір артықшылығы – жерді жалдау құнының арзандығында. 16 шаршы метр жерге ай сайын 28 мың теңге төлеп тұрады. Басқа жекеменшік учаскелерді жалға алу құны айына 100-300 мың теңге аралығында болуы мүмкіні. Дегенмен учаскеге түсетін нысанды кәсіпкер өз қалтасынан салуы тиіс, – деді Саян Нүркенұлы.
Сонымен, «Шымкент инвесттің» қызметін санамаласақ, біріншіден, консультациялық көмек көрсетеді. Екіншіден, «Атамекеннің» көмегімен жасалған бизнес-жоспарды жүзеге асыруға жәрдемдеседі, қаржы саласының тілімен айтқанда, бизнес жобаны сүйемелдейді. Үшіншіден, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының түзген арнайы жоспарына сәйкес 1 пайыздық жеңілдікпен кәсіп бастауға ден қойған кәсіпкерлерге несие береді. Дұрысы, несиені фронт-офистің өзі емес, екінші деңгейлі банк ұсынады. Дегенмен, оның өзіндік шарттары бар. Соның ішіндегі ең бастысы – үміткердің кепілмүлкі болуы керек. Әуелгіде банк 8,5 пайызбен несие берсе, оның 7,5 пайызын мемлекет өтейді, кәсіпкер сонда қалған 1 пайызды ғана төлейді. 1 пайыздық несие алу үшін үміткерлер тағы бір шартқа сәйкес келуі керек. Ол – жас ерекшелігі. Мәселен, былтыр жеңілдетілген несие 21-29 жастағы ер-азаматтарға және 21-58 жас аралығындағы қыз-келіншектерге берілді. Сонымен бірге бұл несиені алу үшін бастан-аяқ құжат жинаудың қажеті жоқ. Бастапқыда бұл арзан пайыздық несиелеу жоспары кәсіпкер әйелдерді қаржылай қолдау мақсатында құрылыпты. Биыл жаңа бағыт бойынша қаржылай көмектің жалғасатыны әлі қарастырылып жатыр.
Фронт-офис жетекшісінің мәліметінше, былтыр 1 пайыздық несиені 29 азамат алған. Биыл наурыз айында 15 адамға несиелеу жоспарына қатысуға рұқсат берілген. Айта кету керек, несиенің ең жоғары сомасы 10 млн теңгеге дейін ал мерзімі 7 жыл уақытты құрайды.
Фронт-офистің көмегімен несие алған кәсіпкер әйелдің бірі – Мәншүк Оспанбекқызы. Өткен жылдың тамыз айында «Бизнеске арналған үкімет» мекемесіне келіп, құжаттарын өткізеді. Нәтижесінде 1 пайызбен 6 млн теңге несие алған. Ол қаржыға тоқыма және мақта зауыттарынан шикізат сатып алып, одан жұқа, қалың көрпешелерге дайын мақта шығарады. Кәсіпкер келіншек бұл кәсібін әлі де жалғастыруда. Осы бизнесінің көмегімен ол өзімен қатар қосымша 4 отбасыны жұмыспен қамтып отыр.
– Мекемеге көмек пен кеңес сұрап келген кез келген азаматтың өтінішін аяқсыз қалдырмаймыз. Қолдан келгенше орындауға, көмегімізді аямауға тырысамыз. Мәселен, фронт-офиске бір азамат қаржылау қолдау көрсетсеңіздер деген өтінішпен келеді. «Қолыңыздан не келеді» деген сауалымызға «Менде арнайы қондырғы бар, соның көмегімен сымды қоршау тоқимын» деді. Біз оған «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 пайыз жеңілдікпен несие алуды ұсындық. Ол «Менің несие төлеуге шамам келмейді» деген уәж айтты. «Онда кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұйымдастыратын грант конкурсына қатысуға ұсыныс жасадық. Бұл жерде кәсіппен айналыссам деген әр жанға қолдау, сүйемелдеу бар екенін жеткізгіміз келеді. Өйткені шағын және орта кәсіпкерлік экономиканы алға сүйреуші күш болғандықтан, оны дамытуға барынша көңіл бөлу мемлекеттің басты міндеті саналады, – деді Саят Нүркенұлы.
«Шымкент инвест» ұйымының жетекшісі алдағы уақытта жүзеге асыратын бірнеше жоспарымен бөлісті. Атап айтқанда, фронт-офис өнеркәсіп паркін құру идеясын қолға алмақ. Мұнда бұрыннан келе жатқан ескі кәсіпорындардың, мекемелердің ғимараты шағын цехтар немесе кеңселер ашуға жалға берілетін болады. Мәселен, мың шаршы метрлік ғимарат болса, соның әр жүз шаршы метрі кәсіпкерлерге уақытша пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде мегаполистегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына кең жол ашады. Қаладағы индустриалды аймақтар ірі бизнес жобаларды жүзеге асыруға арналса, өнеркәсіп парктері шағын және орта кәсіпкерлік бағытындағы жобаларды іске асыратын орынға айналмақ.
Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы тауарларын ортадағы делдалсыз саудалайтын арнайы дүкендер ашу идеясы да қарастырылып жатыр. «Мұндай сауда орындарының әлеуметтік дүкендерден айырмашылығы – онда әлеуметтік маңызды тауарлар мен шаруалардың тікелей жеткізген өнімдері ғана арзан бағада сатылса, қалған тауарлар нарықтық құны бойынша саудаланады. Өйткені нарықтық қатынас экономикасында тауарды өзінің нақты бағасынан арзан етіп сату кәсіпкерді түбінде шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан мұндай дүкендерде негізгі азық өнімдері ғана арзан бағада саудаланады. Бұлар – әзірге ойда жүрген жоспарларымыз бен идеяларымыз. Олар іске асқан жағдайда кәсіпкерлік саласы қазіргіден де жандана түседі деген ойдамын», – деді фронт-офис жетекшісі.
Бизнеске арналған үкіметтің «Шымкент инвест» фронт-офисі бүгінгі таңда кәсіпкерлерге кең ауқымда қызмет көрсете алатын шын мәніндегі маңызды әрі қажет мекемеге айналып үлгерді. Ендеше, келешекте республиканың үшінші мегаполисі кәсіпкерліктің даму қарқыны мен нәтижесі жағынан үлкен жетістіктерге жетеді деген сенімдеміз.