Жұмыстар 5 жылдық жоспар бойынша жүргізіледі Избранное

Среда, 10 Февраль 2021 03:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2387 раз

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің және салалық басқарма басшылары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұловтің 2020 жылы атқарған жұмыстары бойынша қорытынды есебі тыңдалды. Карантинге байланысты есеп беру жиыны онлайн өтті.

70

 

Қаратау ауданының құрылғанына 5 жыл болған. Аудан әкімі баяндамасында жаңадан қосылған елдімекендерде негізінен инфрақұрылым проблемалары мазалайтынын жеткізді. А.Әліқұловтың айтуынша, халықтың 77 пайызы ауыз сумен қамтылса, 10,4 пайызы суды тасып ішеді. Былтыр Азат шағынауданына ауыз су берілген. Тассай тұрғын алабында ішкі су жүйелерін тарту жұмыстары аяқталған. Өтеміс ауылында ауыз суға байланысты жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Ендігі мәселе Асар-2, Бозарық, Исфиджаб, Қызылсу, Жаңақұрылыс шағынаудандарын ауыз сумен қамту болып отыр. Электр энергиясы бойынша баяндаған аудан әкімі халықтың 78 пайызы сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында 270 млн теңгеге Таскен тұрғын алабына электр желісін тартып берген. Бүгінгі таңда мұнда абоненттеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан тұрғындарының 73 пайызы табиғи газбен қамтылған. Былтыр Тұран шағынауданына магистральді газ құбыры тартылған. Асар-2, Азат, Достық, Қайнарбұлақ шағынаудандарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары биыл да жалғасады. 2023 жылы бітуі тиіс АГРС-3 биыл көктемде іске қосылса, Қаратау ауданына берілетін газ қуаты 150 мың текше метрге артады. 2030 жылға қарай ауданда үйлердің 55 пайызы кәріз жүйесіне қосылуы тиіс.
– Сондай-ақ өткен жылы 38 көше орташа деңгейдегі, 29 көше күрделі деңгейдегі жөндеуден өтті. Топырақ көшелер саны – 54. 8 компания жолаушы тасымалы бойынша қызмет көрсетеді. Жаңа сызба бойынша алдағы уақытта автобустар қосымша бағыттармен халыққа қызмет көрсететін болады. Сонымен бірге 2023 жылға қарай 3 ауысымды мектептер ауданда толығымен жойылады, - деді Абзал Шымкентбайұлы.
Есеп соңында Инстаграм және Фейсбук әлеуметтік желілері арқылы және БАҚ өкілдері тарапынан сауалдар қойылды. Мәселен, Таскен тұрғын алабының тұрғындары жел соқса жарық өшіп қалатынын айтса, Қайнарбұлақ, Асар-2 шағынауданының тұрғындары да жарық пен судың мәселесін қозғады. Нұрсәт шағынауданының халқы да жарықтың сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді. Сонымен бірге тұрғындар Алматы көшесі бойымен қосымша автобус жүргізсе деген өтініштерін білдірді. Бұдан бөлек әлеуметтік пакетке қандай көмектер кіретінін айтып беруін өтінгендер болды. Ал БАҚ өкілдері тарапынан Нұрсәттегі жетім балаларға берілген 135 А,Б үйлерінің қашан күрделі жөнделетіні және қаладағы жер даулары туралы сауалдар қойылды. Бұған қала басшысы
М.Әйтенов пен аудан әкімі А.Әліқұлов жауап беріп, барлық мәселе бақылауда екенін және кезең-кезең бойынша шешілетінін мәлімдеді.
Мәселен, Таскендегі жарық мәселесіне қатысты энергетика басқармасы тарапынан: «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвестициялық бағдарламаның І кезеңі аясында аталған елдімекенге 1 трансформатор, ІІ кезеңде 3 трансформатор қойылса, ІІІ кезеңде 9 трансформатор жаңартылады. Сол кезде шағынауданның 1610 абоненті сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі» деп жауап берілді. Ал Қайнарбұлақ шағынауданында ауыз су мен электр энергиясының тиісті құжаттары жасалып қойды, биыл бұл елдімекен толық жарықтандырылады. Сонымен бірге конкурс аяқталған соң бюджеттен қаржы бөлуге өтінім беріледі. Қаралған қаражатқа 2022 жылы су мен газ кіргізу жұмыстары қолға алынады.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов Абзал Шымкентбайұлының атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.
– Қаратау ауданында былтыр құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Өзім өткен жылы аудан тұрғындарымен бірнеше рет кездестім. Сондықтан Қаратаудағы өзекті мәселелермен толық таныспын. Қаратауға Түркістан облысының аудандарынан көптеген елдімекен қосылғандықтан, мұнда аудан халқы үшін коммуналды проблема бірінші кезекте тұр. Әрине, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Айтарлықтай қаржы мен уақытты қажет етеді. Осыған орай Қаратау ауданында инфрақұрылым мәселесін шешудің 5 жылдық даму жоспары қабылданды. Қалаға қосылған елдімекендерде халық инфрақұрылымның жоқына қарамастан үй салып алған. Енді сол жерлерге инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді. Кейін соған қарай қаржы бөлінеді. Тұран шағынауданынан магистральді газ бен су құбыры тартылып келе жатыр. Осы құбырлар арқылы инфрақұрылым мәселесі өзекті болған Қаратауға қарайтын шағынудандар табиғи газбен және ауызсумен қамтылатын болады. Бұл ретте инфрақұрылым тарту жұмыстары бірмаша уақытты алатындықтан, тұрғындардан түсіністік танытып, сабыр сақтай тұруларын сұраймын. Қаратау ауданы былтыр даму көрсеткіштері бойынша оң нәтиже көрсетті. Айталық, халық саны – 7,12 пайызға, өнеркәсіп өндірісі 23 пайызға артты. Көп қабатты үй құрылысы қарқынды салынды. Соның нәтижесінде өткен жылы 537 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, - Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі, сонымен бірге, алдағы кезде Қаратау әкімдігіне халықпен өзара байланысты күшейтуге, 5 жылдық жоспардың 2021 жылға межеленген тапсырмаларын толық орындауды, халық қатынасатын бюджет бастамасын кеңінен насихаттауды және құрылыс алаңында қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды.