Мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын жер телімдері анықталды. Олардың саны «Ескі шаһар» аумағында 234-ке жетсе, «Қошқар ата» өзенінің бойында 642 меншік иесі белгілі болды.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, «Қошқар ата» өзенінің жағалауын абаттандыру, көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, көпшілік пайдаланатын демалыстар, саябақтар салып, жол құрылысын жүргізу ісі қолға алынған. Бүгінде «қызыл сызық» бойына орналасқан 642 жер телімінің жалпы алаңы 29 гектарды құрайды.
– «Қошқар ата» өзені аумағында 127 нысанның бағалау жұмыстары аяқталды. 35 меншік иесі өтемақымен келісіп, құжаттары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жолданды. Ал 8 меншік иесі келіспеуіне орай сотқа талап-арыз берілді. Тағы 84 жер телімінің бағалау есебі бойынша ұсыну жұмыстары жүргізілуде, – дейді Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі мемлекет мұқтажына қайтару секторының меңгерушісі С. Даниярұлы.
С. Мұратовтың айтуынша, бұл аумақтағы қалған 515 нысанның 113-інде меншік иесінің құқығын белгілейтін құжаттар жинақталуда. Ал 402-сінің құжаты дайын, енді бағалау жұмыстары жүргізіледі.
«Ескі шаһар» аумағында да 23 гектар жерді мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары басталған. Бағалау жұмыстары аяқталған 30 жер телімінің 11-іне меншік иелері келісіп, 11-і келіспеген. 8 меншік иесіне өтемақы ұсыну жұмысы жүргізілуде.
– Өтемақы бойынша келісімге келмеген меншік иелерімен мәселе сот арқылы шешіледі. Алайда бұл біршама уақытты алатын шаруа. «Ескі шаһар» аумағында тағы 50 меншік иесі бағалау жұмыстарына дайын. Қалған 154-інің құжаттарымен біздің мамандар танысып, жоспарға сәйкес жұмыс жасауда, – дейді сектор меңгерушісі.
С. Мұратовтың айтуынша, ескі қалашықта белгіленген жер телімдері мемлекет мұқтажына қайтарылғаннан кейін мұнда тарихи мұражай орналасады. Биік қорған бой көтеріп, қолөнер шеберлерінің туындыларымен толығатын аумақ этноауылға айналмақ. Мұнда келген саяхатшылар тарихи жәдігерлермен танысып, рухани тынығатын болады. Ал сәулетшілер ашық аспан аясында қазба жұмыстарын жалғастырады. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы мәдени астана жылы болып таңдалған 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс.