Шұбайқызыл қызыл кітапқа енген қызғалдақтар мекені! Избранное

Среда, 25 Апрель 2018 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 9241 раз

Түлкібас төрінде облыс әкімі Ж. Түймебаевтың бастамасымен туған жердің қадірін арттырып, жастарға табиғатты аялауды насихаттау, отансүйгіштік рухын асқақтату мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атты республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті.


DSC 0103

Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғаты көркем Түлкібас ауданы әр жылы сәуір айында ерекше түрге енеді. Әсіресе, «Шұбайқызыл шоқысы»... Құдды бір қызыл кілем төсеп қойғандай! 

Мұнда жылына бір рет гүлдеп, 10-15 күн шоқтай жайнайтын, қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдағы өседі. Табиғаттың осы бір керемет сәтін сақтап қалу бізге, қазақ даласының перзенттеріне парыз. 

Экологиялық іс-шараға ОҚО әкімі Ж.Түймебаев, мәслихат депутаттары, облыс ардагерлері, зиялы қауым және туризм саласының өкілдері, қылқалам шеберлері, фото суретшілер, қаламгерлер қатысты.

DSC 0165

–Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына байланысты қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр. Қазіргі Түлкібас ауданының атауын Түркібасы ауданы етіп қайта өзгерту туралы ҚР Үкіметіне ұсыныс хат жолдадық. – деді облыс әкімі. – Ал «Шұбайқызыл шоқысы» осы тарихи төбенің күншығыс жағында орналасқан. Шын мәнінде Грейг, Кауфман қызғалдағының отаны осы өңір. Қазақ даласында шұбай өскен қызғалдақтың пиязын алып, зерттеп, өсіріп-өндірген голландтықтар 2002 жылы біздің елге алғыс айтқаны баршаға мәлім. 

DSC 0128

«Текті төрім – Түлкібасым» театрландырылған-хореографиялық қойылымымен бастау алған іс-шарада «Шұрайлым – Шұбайқызылым» жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Фестивальға келген қонақтар концерттік бағдарламамен қатар ОҚО Бейнелеу өнері музейінің кезекті жылжымалы көрмесін тамашалады. Онда елімізге белгілі суретші-кескіндемешілердің 30 этюдтық жұмысы және фотосуретшілердің 40-тан астам еңбегі қойылған.

Қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы берілген төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. 

DSC 0184

– Шұбайқызыл шоқысына шығып қарасаң, Түркібасы аласа болып көрінеді. Ал Түркібасы биігіне шығып көрсең, Шұбайқызыл төменнен көрінеді. Бұл кішіпейілділік пен әулиеліктің көрінісі тәрізді. Екі төбенің де тарихы тереңде. Бір ғана әттеген-айы, бұрынғы Түркібасы төбесінен Шұбайқызыл шоқысына дейінгі гүл жайнап жататын алқаптың көлемі бүгінде тым қысқарып барады. Жан-жақтың бәрі тегіс егістікке беріліп, жер жыртылған. Қызыл кітапқа енген қызғалдақты алқаптың ендігі қалған бөлігін көзіміздің қарашығындай қоруға тиіспіз. Болашақта осы айналаны қоршап, табиғатты аялау, қорғау жұмыстары күшейе түссе деген тілегіміз бар, – дейді жазушы.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.