Баспаналы болған жас ғалымның бірі – «Магистральды газ құбырларының ұзақ және жылдам қирауға қарсыласуының ғылыми негіздемесін жасау» жобасының орындаушысы
Ұлжан Ибраимова. Ғалым магистральдық газ құбырларын қауіпсіз пайдалану мен апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Екі жылдан бері гранттық жобаны жүзеге асырып отырған маман бір бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Сонымен қатар, жас ғалым Айнұр Бердеметованың да шаңырағында қоныс той. Ол Шымкент қаласының орталығынан 3 бөлмелі пәтер алды. Айнұр Түймебайқызы «Функционалды мақсатта өсімдік негізіндегі ет алмастырғыштан жартылай ысталған шұжық технологиясын жасау» жобасының шеңберінде жануарлардың қанын өсімдіктен жасалған жартылай ысталған шұжық өндірісінде қолдану арқылы етті өсімдікпен алмастыру технологиясын зерттеп жүр. Әлем бойынша ет өнімдеріне сұраныстың жоғары екені белгілі. Сұранысты қамтамасыз ету үшін мәселені өсімдіктен жасалған шұжық өндірісін дамыту арқылы шешу көзделіп отыр.
Айта кетейік, жас ғалымдарды қолдау бағдарламасы «Отбасы банк» пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы ынтымақтастық келісімі аясында жүзеге асып отыр.