Брифингте келтірілген мәліметтерді жүлгелесек, шаһарда жол-құрылыс жұмыстары жақсы қарқын алып келеді. Қалада өткен жылы құрылыс және қайта құру бойынша 63,9 шақырымдық 22 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 8 нысан пайдалануға тапсырылса, ал қалған 14 нысан 2024 жылға өтпелі. Ал 254 нысанда (233,8 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары атқарылып, оның 245 нысаны (222,0 шақырым) пайдалануға тапсырылды. Қалған 11,8 шақырым 9 нысан құрылысы 2024 жылы жалғасады. Құрылыс жұмыстары кезінде сапаға көңіл бөлу – басты талап.
Басқарманың мәліметінше, 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағатттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетті. Былтыр Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы аяқталып, барлық бағытта көлік қозғалысы ашылды. Жолайрықтың екінші деңгейінде тұрғындарға арналған арнайы гүлзар салынды.
Бұл жолайрық – мегаполисте кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасауда маңызды жоба. Жоспарға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасқан.
2023 жылы құрылысы жүргізілген қаладағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. Жалпы ұзындығы 16 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталуға таяды. Бұл нысан – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол. Жол құрылысы негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Шаһарда Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. Қазіргі таңда 1-ші, 3-ші, 4-ші кезең жұмыстары аяқталып, 2-ші, 5-ші және 6-шы кезеңде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда тұр.
Қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2-ші кезеңінде жұмыстар жалғасы атқарылып жатыр. Бұл нысан – бұрынғы ескі қала аумағы болғандықтан мұндағы құрылыс белдеуіне түскен бизнес нысандары, жеке секторлар мемлекет мұқтажына толық алынған. Жалпы Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады.
Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған нысандарда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мердігер мекемелерге құрылысты сапалы әрі жоспарға сай аяқтауды тапсырды.
Әкім тапсырмасына сәйкес «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалы мамандары жол құрылыстарының сапасына бақылау жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарына сараптама жасауға айына 2 рет шығады. Былтыр мекеме қызметкерлері Қонаев даңғылы жалғасы құрылысына іріктеме сараптама жүргізген еді. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктер жойылды.
Жыл айналмай ойдымы шыққан жолдар бар
Басқарма басшысы Р.Ибрагимов баспасөз брифингінде жол сапасын қадағалау бағытындағы жұмыстарды таразылап берді. Басқарма тарапынан 2023 жылы мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелеріне шара көру туралы қалалық орта сапаны бақылау басқармасына 28 хат жолданған екен. Сонымен қатар, мекемелердің келісім-шарт талаптарының орындалмауы бойынша 22 мекемеге 3 141,4 мың.тг. айыппұл салынған. Яғни, мердігер мекемеге 2 310,6 мың теңге, техникалық қадағалаушыларға 731,8 мың теңге, жобалаушы мекемеге 99 мың теңге айыппұл салынып, толығымен өтелген.
Қала әкімінің ірі жол құрылыс нысандарын аралау барысында айтылған ескертпелері, басқарма тарапынан зерделеу жұмыстарына сәйкес анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары тұрақты іске асырылып жатыр. Мәселен, Қонаев даңғылы жалғасы құрылысында жобада қаралған монолитті бетонды тірек қабырғасы беріктік өлшемі бойынша сәйкес келмейтіндігі анықталып, демонтаждау жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді. Сонымен бірге, 600 метр аяқжолдар бұзылып, қайта салу жұмыстары жүргізілді.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалының басшысы Мұхтар Дүйсембековтің айтуынша, жалпы күрделі жөндеуде, құрылыста ақаулар онша көп емес. Негізгі мәселелер орташа жөндеуге қатысты. Қызметкерлер тарапынан төселген асфальт қабатының нығыздығы мен сапасы тексеріледі. Арнайы құрылғылармен жабдықталған зертхананы қолданып, орталық мамандары құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысанда қолданыстағы материалдардың сынамасының талапқа сай болуын бақылайды.
Осыдан 4 жыл бұрын қаладағы жол құрылысында жылына мыңнан астам ақау анықталса, соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге кеміген.
– Қаланың автомобиль жолдары мен көшелерінің құрылысы кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасын тексеру барысында 233 нысанға іріктеме сараптама жасадық. Оның шінде, құрылыс, қайта құрудағы 21 нысанда толық, орташа жөндеуде 90 пайызды қамтамасыз еттік. Күрделі құрылыста ақаулар аз. Ақаулардың көбісі орташа жөндеуден шығады. Орташа жөндеуде 171 нысанның негізін тексердік. 102 нысанда жол-құрылыс материалдарының сапасына бақылау жүргізіліп, 125 нысанда керн (өзектер) алынды.
Жалпы іріктеме сараптама кезінде 272 ақауды анықтадық. Яғни, бордюрлердің беріктігінің дұрыс еместігі, жол белгілерінің жарық қайтарғышы талапқа сай еместігі, т.б кемшіліктер. Ал керн алынған 125 нысанның 78-де нығыздау сәйкес келмеді. Мердігерлер осы бағытта жұмыс атқарып, аталған кемшіліктерді жойды, – дейді М.Дүйсембеков.
Қалада жол инфрақұрылымын дамыту, асфальт жолдардың үлесін арттыру, кептелісті азайту бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарда кемшіліктерді жою жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Тобықтай түйін.
Әлеуметтік желі бүгінде қоғам өмірінің айнасына айналғалы қашан?! Жақында бір азамат Шымкент-Түркістан бағытындағы республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің бүлінген тұстарын таспаға тартып, желіге салды. «ҚазАвтоЖол» мекемесіне жүргізушілердің өкпесі қара қазандай. Пайдалануға берілгеніне соншалықты көп уақыт болғанына қарамастан асфальттың көп тұсы көлденеңнен жарық болып тесіліп кеткен. Бұл өз кезегінде жылдамдықты азайтумен қатар машинаның қозғалтқыш бөлшектерінің істен шығуына әкеледі.
Осындайда Германияның жол салу тәжірибесі еріксіз еске түседі. Қазіргі автобандарының беріктігі бір бөлек, екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Адольф Гитлердің танктер үшін салдырған тас жолы әлі зар күйінде пайдалануға жарап тұр.
Шымкентте төселгеніне екі-үш жыл болмаған кейбір жолдардың ойдым-ойдымы шыққандары бар. Сондықтан, қалалық орта сапаны бақылау басқармасына ыждағаттылықты күшейтпесе болмайды.