×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Журналистер спортта да жүйрiк

Пятница, 03 Июнь 2016 06:42 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4669 раз

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің дәстүрлі Спартакиадасы жалауын көтерді. Бұл – қаламгерлер қауымының салауаттылықты насихаттап, әріптестікті, ынтымақтастыққа шақыратын спорт мерекесі. Мәртебелі сайысты ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалы, облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

 MG 1762

Ойы ұшқыр, қаламы қарымды журналистер, баспа саласының майталмандары спортта да жүйрік. 1 маусым күні жалауы көтерілген сайыс бел ортасына таяды.
ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде әдеттегідей спорттық ойындардың ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов, ардагер журналистер Байдулла Қонысбек, Мархабат Байғұт, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөздерін арнады.

– Облыстың қаламгерлері жыл сайын спортта да жүйрік екенін көрсетіп жүр. Өздері салауаттылықты БАҚ беттерінде жариялап қана қоймай, өздері де спортты насихаттайды. Үнемі жаңалықты бірінші болып жеткізуге құмар жандардың спортта да бірінші болуға талпынып жүргенін білеміз. Спорт – бейбітшілік елшісі. Елдің елдігін, ердің ерлігін, рухтың биіктігі мен ұлттар достастығын айғақтайтын нышанға айналғалы қашан. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жарыста мықтылар жеңсін! – деді Ұ. Сәдібеков.

 MG 1756

Жазушы-журналист Мархабат Байғұт облыстағы ақын-жазушылар атынан мерекемен құттықтап, журналистердің спартакиадасы – бірліктің, ынтымақтың, ізгіліктің, татулықтың, тілеулестіктің мерекесі болсын деген тілегін айтты.
Облыста баспасөз қызметкерлерінің спорт ойындары осыдан 21 жыл бұрын басталған. Оны ең алғаш қолға алған – «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен облыстық телерадио компаниясы. Мінекей, содан бері игілікті іс-шара жалғасып келеді. Ардагер журналист Байдулла Қонысбек те мерекемен құттықтай келе, сайыстың тарихына тоқталып кетті.

 MG 1657

Спорттың 9 түрінен (шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, жүзу, арқан тарту) күш сынасып жатқан қаламгерлердің талабы қуантарлық. Әрбірінің де жеңіске деген ынта-ықыласы зор. Ақпарат құралдары өкілдері арасында заулағанда құстай ұшатын желаяқтар, допты әуеде шиіре ұратын шеберлер, зияткерлік ойынға құмартқандары баршылық. Бүгінге дейін волейбол, жүзу, шахмат, жеңіл атлетикадан үздік шыққандардың есімдері белгілі болады. Волейбол бәсекесінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қыз-жігіттеріне тең келер ешкім болмады. Олар шешуші кезеңде «Ернияз» командасын 2:1 есебімен жеңді. Жүзу сайысында «Отырар» телеарнасының қызметкері К. Гавшев үздік шықса, әйелдер арасында «Ернұр» корпорациясының өкілі С. Презенцова жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, журналистер шахматта да зияткерлігімен көпшілікті тәнті етті. Ерлер сайысының жеңімпазы – Дүйсенбек Бердияров («Ернұр» корпорациясы). Нәзікжандылар арасында Малика Елтаева («Жанубий Қозоғистан» газеті) алғырлығымен көзге түсті.
Бүгін тоғызқұмалақ және бильярдтан, ертең үстел теннисінен сайыстар өтеді. Жарыстың жабылу салтанаты 5 маусым күніне жоспарланып отыр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.