Тәуелсiздiк тойындағы қуаныш

Среда, 08 Июнь 2016 05:17 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6574 раз

БАҚ өкiлдерi арасындағы спорттық сайыс мәреге жеттi

Қалам ұстаған тілшілер, баспа саласының қызметкерлері арасында спортты жанымен сүйер үздіктер баршылық екен. Әрбірінің де басты мақсаты  – әріптестікті нығайту, командасын алға сүйреу. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бес күнге созылған облыстағы БАҚ саласы қызметкерлерінің Спартакиадасы мәреге жетті. Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен, облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсеткен спорт ойындары жоғары деңгейде өтті. Көпшіліктің пікірі осыған саяды.

 MG 3153

Бұл сайыс бұрынғыдан өзгерек дейміз. Қаламгерлер қауымының салауаттылықты насихаттап, әріптестікті, ынтымақтастықты дәріптейтін спорт мерекесі биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды. 21 жыл бойы үздіксіз төрге озып келе жатқан бәсекенің ғұмыры ұзақ бола беретінін бағамдадық. Жалпы, барлық қатысушы команда өкілдері аянып қалған жоқ: жігерлілік танытты, ұйымшылдығын көрсетті.

 MG 3438

Салмақты ойын саналатын тастаяқ жарысы да әдеттегідей үздіктердің басын қосты. Биылғы бильярд бәсекесінің жоғары деңгейде өтуіне «Жанубий Қозоғистон» газеті мен «Айжарық» корпорациясы демеушілік еткенін айта кетейік. Республикалық дәрежедегі төреші Абдугай Бекжанов бас қазы болған жарыстың жеңімпазы – ардагер журналист Байдулла Қонысбек. Таяуда ғана республикалық жарыстан жүлдемен оралған ардагер қаламгерлер сайысында үздік ойын көрсетті. Екінші орынды Бекен Қонысов («Жебе» ақпараттық порталы) еншілесе, үздік үшінші орынды түйіндеген «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қызметкері Өмірхан Жолдасбеков.
Спартакиаданың төртінші күнінде қаламгерлер үстел теннисінен бақ сынады. Жалпы 25 адам қатысуға ниет білдірген. Ерлер сайысында «Ернұр» корпорациясы өкілдерінің ерлегенін көрдік. Сапарғали Ибрагимов қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжаласа, Нұржан Бектұрғанов үшінші орын иегері атанды. Ал әйелдер сайысында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының журналисі Аида Ташева үздік шықты.

 MG 3473

Жарыстың соңғы күнінде кіші футбол және арқан тартудан мықтылардың әлеуетін байқадық. Бәрі де жүлдеге жетуге тырысып бақты. Ә дегеннен-ақ «Ернияз» баспа үйінің жігіттері кіші футболға тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты-ақ. Сол қарқынын жоғалтпаған олар финалда «Шымкент БАҚ құрамасын» тізерлетіп кетті. Ал әйелдер арасындағы сайыста «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің арулары үздік шықты.

Білектің күшін көрсетер бәсекенің бірегейі – ол арқан тарту. Арқалы қыз-жігіттердің тартысы да делебені қоздырды. Биыл да бұл сында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қыз-жігіттері қайраттылық танытып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл ұжымның қызметкерлері соңғы үш жылдан бері бас жүлдені ешкімге берер емес.

Сонымен, БАҚ қызметкерлерінің Спартакиадасының жалпыкомандалық есебінде үздік шыққан ұжым – «Ернұр» корпорациясы. Екінші орын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы ұжымына бұйырса, үшінші сатыға «Оңтүстік Қазақстан» газеті командасы жайғасты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі де өз деңгейінде өтті. Жарыстың жабылу салтанатында спорт жанашыры, ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болатбек Төлеген командалардың қуанышына ортақтасып, оларға сый-сыяпаттарын тапсырды. Жеңімпаздар Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының түрлі номинациялар бойынша тағайындаған естелік дипломдарымен, кубоктар және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова

турнирге қолдау көрсеткен облыстық ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты және Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысына алғысын жеткізді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.