«Биыл да журналистер арасындағы сайыста басымыз қосылып, арқа-жарқа болып жатырмыз. Спорттық сайыстар көңілді сергітті. Кейбір өңірлер спорттың 2-3 түрінен жарыс өткенін мақтан тұтады. Ал бізде Спартакиада дәрежесіне жетті. Бұл не деген сөз? Журналистердің талғамы жоғарылады деген сөз. «Бұл – Оңтүстіктің мәртебесі, мақтанышы ғой. Оңтүстікте журналистер арасында бәйге қызып жатса, басқа өңірдегілердің «бізде әлі тым-тырыс» дегенін естіп жатамын». Облыстағы дәстүрлі спорттық ойындар барысын тамашалап жүрген ардагер журналист Қалыбек Атжан ағамыз осылай дейді. Бильярд бәекесінде қаламгерлермен қалжыңдасып жүр. Ағамыз спорттық ойындар жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтады.

DSC 0395

Жасыл алаңда «Ернияз» командасы ерледі

28 маусым Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай БАҚ өкілдері арасында өткен Спартакиада бір аптаға созылды. Расында, қалам ұстаған журналистер қауымы, баспа саласының қызметкерлері бір жасап қалды. Бұқаралық спорттың дамуына өздері де шама-шарқынша атсалысты. 

Бұл – облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен тағылымды іс-шара. Сайыстың басты мақсаты – достықты дәріптеу. 

Спартакиада ойындарының соңғы күнінде шағын футболдан күш сынастық. Әріптестердің спорттағы әлеуетіне куә болдық. Допты тәуір меңгергендері жетерлік. 

Он екі команда екі топқа бөлінген. Іріктеу кезеңінде тамаша ойын-өрнегімен көзге түскен төрт команда жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде де ұпай жоғалтпаған «Ернияз» медиа тобы мен «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас жүлдені сарапқа салды. Ербол Дайрашұлы бастаған жігіттер биыл да бабында екен. Соңғы сәтте де сыр бермей, ернияздықтар биылғы Спартакиаданың алтын жүлдесін жеңіп алды.

DSC 0335

«Блогерлер» командасы мен «Ернұр» корпорациясының қызметкерлері үшінші орынға таласты. Тартысты ойын баспа саласындағы жігіттердің жеңісімен аяқталды. 

Әйелдер сайысында «ТВК» арнасының арулары қарымдылығын байқатты. Екінші орын «Южный Казахстан», үшінші орын «Шымкент келбеті» газетінің ойыншыларына бұйырды.

 

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасы озды

DSC 0364

Футбол бәсекесінен кейін ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде Спартакиаданың жабылу рәсімі өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас директоры Уәли Қыдыр, Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Жарылқасынқызы, бiрқатар БАҚ басшылары барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жеңімпаз спортшыларды марапаттады. 

– Облысымыздың журналистері арасындағы тамаша қарым-қатынастың куәсі болдық. Жарыс өте ұйымшылдықпен өтті. Бас редакторлар да атсалысып жатыр. Бұл жарыс әуелі сыйластықты арттырса, екіншіден, спортты насихаттауға үлкен септігін тигізеді. Бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлестеріңіз деп білемін. Алда келе жатқан мереке құтты болсын. Жеңімпаздарға сәттілік тілеймін, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген құттықтау сөзінде. 

Жалпы айтқанда, бұл сайыста достық жеңді. Командалардың ұйымшылдығы керемет. Жеңіске деген жігерін байқадық. Командалардың жұдырықтай жұмыла, дәстүрлік жарыста белсенділік танытуы – бұл басты жеңіс. Спартакиаданың көздеген мақсатының орындалғаны. 

DSC 0763

Салауаттылықты ұран еткен биылғы Спартакиданың жалпы командалық есебінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының командасы биыл да үздік шықты. Екінші орынға – «Ернұр» корпорациясы командасы орнықты. «ТВК» арнасының өкілдері үздік үшінші орынға ие болды.

 

Әріптестеріміз – «Үздік ойыншы»

«Шымкент келбеті» және Панорама Шымкента» газеттерінің командасының жеңісті дәстүрі бар. Біздің әріптестер әр жылы жүлделі орындарға иеленіп келеді. Бұған дейін төрт қола жүлде иеленгенімізді жазған едік. Жарыстың соңғы күні, шағын футболдан газетіміздің әйелдер командасы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, бірқатар әріптестеріміз номинациялармен марапатталды. Атап айтсақ, газетіміздің тілшісі Сапарғали Қанат пен хатшы-референт Құндыз Жақсылық «үздік ойыншы», жарнама және маркетинг бөлімінің меңгерушісі Ақжібек Мұстафина «үздік қақпашы» арнайы сыйлығын иеленді. 

DSC 0824

Сонымен, көптен күткен бәсеке де мәресіне жетті. Облыста БАҚ өкілдері арасындағы спорттық сайыстың өткізіле бастағанына биыл – 22 жыл. Ширек ғасырға жуықтаған уақыт ішінде Спартакиада жоғары сатыға көтерілді. Жылдан-жылға ауқымы ұлғайып келеді. Жыл сайын облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау тауып, жергілікті БАҚ басшылары, кәсіпкер азаматтар демеушілік етіп жүргенін де айта кеткен жөн. Бұқаралық спортты дамыту – баршамыздың міндетіміз. 

Ендеше, осындай қолдаудың арқасында дәстүрлі спорттық ойындардың көкжиегі кеңейе түсетініне сеніміміз мол. Келесі жылы да спорт бәсекесінде кездескенше, әріптес!

Опубликовано в Спорт
Пятница, 16 Июнь 2017 06:22

Жүлдеге талас қызып тұр

БАҚ өкілдері арасындағы дәстүрлі Спартакиада ойындары соңына таяп келеді. Бүгінге дейін тоғыз спорт түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып қойды. Әріптестер бәрі де ұйымшыл. Сөзі мен ісі қабысып,  өздері де салауаттылықты насихаттап жатыр.

nurshat

Жүлдеге талас қызған сәт қазір. Алғашқы екі күннің нәтижелерін өткен нөмірімізде жазған едік. Сәрсенбі мен бейсенбі күні де тартысты бәсекелер өтті. 

Әуелі Қажымұқан атындағы Орталық стадионда зияткерлік ойын түрлерінен – шахмат және тоғызқұмалақтан сайыстарды тамашаладық. Ақыл-ойдың кені саналатын ойын түрлерінде де қаламгерлер тәуір ойын көрсетіп жүр. Тоғызқұмалақтан әріптесіміз Ғабит Сапарбеков («Оңтүстік Қазақстан» газеті) пен Гүлмира Оңласбек («Қазақстан-Шымкент» телеарнасы) биыл да үздік атанды. Былтыр да екеуі бас жүлдені ешкімге бермеген еді. 

Шаршы тақтадағы шиеленісті ойындарда А. Түйетаев («Еркін ой» газеті) пен Н.Хайкина («Южный Казахстан» газеті) қарсыластарының бәрінен озды. 

DSC 9471

Кеше БАҚ өкілдері үстел теннисі және боулингтен күш сынасты. Әріптестер бұл спорт түрін де тамаша меңгерген. Үстел теннисінен ерлер арасында Н.Мамықов («Южный Казахстан» газеті), әйелдер сынында М.Фархадова («Жанубий Қозоғистон» газеті) жеңімпаз атанды. 

Боулинг бәскесі де тартысты өтті. «Ана тілі» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұршат Төкен мықтылығын дәлелдеді. Әйелдер арасында биылғы сайыстың жеңімпазы – «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі М.Низовкина. 

DSC 9646

Әне-міне дегенше, Спартакиаданың соңына да жетіп қалыппыз. Бүгін қаламгерлер бильярдтан жүлделі орындарға таласады. Ертең шағын футбол сайысынан кейін ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде Спартакиаданың жабылу салтанаты өтеді. 

«Шымкент келбеті» газеті командасының қоржынына тағы бір жүлде бұйырды. Газетіміздің есепшісі Әсия Ахметова тоғызқұмалақ сайысында үшінші орын алды. Бұл – төртінші жүлдеміз. Бұған дейін газетіміздің жарнама және маркетинг бөлімінің меңгерушісі Ақжібек Мұстафина, тілші Сапарғали Қанат қола жүлдегер атанған еді.

Опубликовано в Спорт
ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай Шымкентте БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі Спартакиада ойындары жалауын көтерді. 12-17 маусым аралығына жоспарланған спорттық шара Қазақстан Журналистер Одағы мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтуде.
DSC 9062
Сайыстың ашылу салтанаты ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, т.б., белгілі қаламгерлер құттықтау сөз сөйледі.
 
– БАҚ өкілдері мен баспа саласы қызметкерлері жыл сайын белсенділік танытып келеді.  Журналистеріміз салауатты өмір салтын БАҚ-та ғана насихаттап қоймай, өздері де спорттың дамуына үлес қосып жүр. Спорт – біріктіруші күш. Баршаңызды облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының атынан бүгінгі Спартакиаданың ашылуымен құттықтаймын. Спорттың тілімен айтқанда, мықтылар жеңсін, – деді  облыс әкімінің орынбасары.
 
DSC 9061Іс-шара барысында «13 легион» қозғалысының өкілдері салауаттылықты насихаттап, мерекелік қойылым көрсетті. Сондай-ақ, белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов журналистер мерекесіне өз арнауын тарту етті. 
DSC 9105Жарыс спорттың 11 түрінен – волейбол, ұзындыққа секіру, 100 метрге жүгіру, арқан тарту, жүзу,  боулинг, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, үстел теннисі және шағын футболдан өтеді.
 
DSC 9053Бүгінгі волейбол сайысында «Ернияз» медиа тобы командасы жеңімпаз болды. Екінші орын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қызметкерлеріне бұйырса, үшінші орын – «Ернұр» корпорациясы өкілдерінде.
 
DSC 9025Спорт – салауаттылыққа бастайды. Салауаттылық – саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі. Ендеше, тартысты ойындардан шет қалмаңыздар, әріптестер!
Опубликовано в Спорт

Шымкент қаласының әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметкерлердің достықты дәріптейтін тамаша дәстүрі бар. Ол – спорттың сегіз түрін қамтитын Спартакиада ойындары. Жасыл алаңда доп теуіп, білектің күшін, ақыл-ойдың зеректігін көрсететін сәт. Биыл да дәстүрлі жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына куә болдық. Мемлекеттік қызметкерлер спорт жарыстарында ширыға түскен.

index1245

Сайысқа Шымкент қаласы әкімінің аппараты, қалалық мәслихат, Шымкент қаласының аудан әкімдіктері мен құрылымдық бөлімдерден құралған 11 команда қатысты. Абай («Достық»), Еңбекші («Еңбекші»), Әл-Фараби («Әл-Фараби»), Қаратау ауданының («Қаратау»), мәдениет, ішкі саясат, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің («Арлан»), ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің («Қыран»), қаржы және экономика, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің («Барыс») командалары жыл сайын белсенділік танытып жүр. Мәслихат депутаттары да «Бірлік» командасын жасақтаған. 

index

Әуелі «Биік» футбол орталығында спартакиаданың ашылу рәсімі және жасыл алаңда тартысты ойындар өтті. Әрі қарай үстел теннисі, дойбы, шахмат, арқан тарту, жеңіл атлетика, қол күресі және волейболдан тартысты бәсекелер өтті. 

Жаңадан құрылған Қаратау ауданының жігіттері жарап тұр. Олар екі жылдан бері жүлделі орындардан көрінік келеді. Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев та допты әуеде шиіре ұрудың шебері. Биыл жігіттерге қолдау көрсетіп, команданы өзі бастап келген. 

index11

– Мұнда тек мықтылар жеңіске жетіп жатыр. Әріптестер арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыруымен ерекше. Бәрімізге зор күш-жігер береді. Бірлігіміз арқасында арқан тартуда біз бірінші орын алдық. Әйтпегенде ауданның құрылғанына көп бола қойған жоқ. Ендігі жылы да осы сатыдан түспейміз, – дейді ол. 

Екі күнге созылған жарыстың жеңімпаздары анықталды. Шағын футболда – «Достық», үстел теннисінен – «Бірлік», дойбыдан – «Еңбекші», шахматтан – «Еңбекші», қол күресінен – «Достық», арқан тартудан – «Қаратау», волейболдан – «Бірлік», жеңіл атлетикадан – «Достық» командасы озды. Жалпы есепте Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері басым түсті. Екінші орында – Қаратау ауданы. 

index3

Өткен жылы «Арлан» командасы топ жарып еді. Биыл олар төртінші орыннан көрінді. Ал Абай ауданы әкімдігінің қыз-жігіттері үшінші орынға тұрақтаған. 

Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Намазбай Әбдіқұлов бәсекелестік қайнап тұрғанын айтады. 

– Барлық командада өсу бар. Бұл – өте қуанышты жағдай. Негізгі мақсат – әріптестерге мерекелік көңіл күй сыйлау. Әрі бұқаралық спортты дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындаймыз. Дәстүрлі жарысымыз «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің қарсаңында өтіп жатыр. Мұның да әсері керемет, – дейді Намазбай Андақұлұлы.

Опубликовано в Спорт

БАҚ өкiлдерi арасындағы спорттық сайыс мәреге жеттi

Қалам ұстаған тілшілер, баспа саласының қызметкерлері арасында спортты жанымен сүйер үздіктер баршылық екен. Әрбірінің де басты мақсаты  – әріптестікті нығайту, командасын алға сүйреу. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бес күнге созылған облыстағы БАҚ саласы қызметкерлерінің Спартакиадасы мәреге жетті. Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен, облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсеткен спорт ойындары жоғары деңгейде өтті. Көпшіліктің пікірі осыған саяды.

 MG 3153

Бұл сайыс бұрынғыдан өзгерек дейміз. Қаламгерлер қауымының салауаттылықты насихаттап, әріптестікті, ынтымақтастықты дәріптейтін спорт мерекесі биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды. 21 жыл бойы үздіксіз төрге озып келе жатқан бәсекенің ғұмыры ұзақ бола беретінін бағамдадық. Жалпы, барлық қатысушы команда өкілдері аянып қалған жоқ: жігерлілік танытты, ұйымшылдығын көрсетті.

 MG 3438

Салмақты ойын саналатын тастаяқ жарысы да әдеттегідей үздіктердің басын қосты. Биылғы бильярд бәсекесінің жоғары деңгейде өтуіне «Жанубий Қозоғистон» газеті мен «Айжарық» корпорациясы демеушілік еткенін айта кетейік. Республикалық дәрежедегі төреші Абдугай Бекжанов бас қазы болған жарыстың жеңімпазы – ардагер журналист Байдулла Қонысбек. Таяуда ғана республикалық жарыстан жүлдемен оралған ардагер қаламгерлер сайысында үздік ойын көрсетті. Екінші орынды Бекен Қонысов («Жебе» ақпараттық порталы) еншілесе, үздік үшінші орынды түйіндеген «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қызметкері Өмірхан Жолдасбеков.
Спартакиаданың төртінші күнінде қаламгерлер үстел теннисінен бақ сынады. Жалпы 25 адам қатысуға ниет білдірген. Ерлер сайысында «Ернұр» корпорациясы өкілдерінің ерлегенін көрдік. Сапарғали Ибрагимов қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжаласа, Нұржан Бектұрғанов үшінші орын иегері атанды. Ал әйелдер сайысында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының журналисі Аида Ташева үздік шықты.

 MG 3473

Жарыстың соңғы күнінде кіші футбол және арқан тартудан мықтылардың әлеуетін байқадық. Бәрі де жүлдеге жетуге тырысып бақты. Ә дегеннен-ақ «Ернияз» баспа үйінің жігіттері кіші футболға тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты-ақ. Сол қарқынын жоғалтпаған олар финалда «Шымкент БАҚ құрамасын» тізерлетіп кетті. Ал әйелдер арасындағы сайыста «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің арулары үздік шықты.

Білектің күшін көрсетер бәсекенің бірегейі – ол арқан тарту. Арқалы қыз-жігіттердің тартысы да делебені қоздырды. Биыл да бұл сында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қыз-жігіттері қайраттылық танытып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл ұжымның қызметкерлері соңғы үш жылдан бері бас жүлдені ешкімге берер емес.

Сонымен, БАҚ қызметкерлерінің Спартакиадасының жалпыкомандалық есебінде үздік шыққан ұжым – «Ернұр» корпорациясы. Екінші орын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы ұжымына бұйырса, үшінші сатыға «Оңтүстік Қазақстан» газеті командасы жайғасты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі де өз деңгейінде өтті. Жарыстың жабылу салтанатында спорт жанашыры, ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болатбек Төлеген командалардың қуанышына ортақтасып, оларға сый-сыяпаттарын тапсырды. Жеңімпаздар Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының түрлі номинациялар бойынша тағайындаған естелік дипломдарымен, кубоктар және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.
Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова

турнирге қолдау көрсеткен облыстық ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты және Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысына алғысын жеткізді.

Опубликовано в Спорт
Пятница, 03 Июнь 2016 06:42

Журналистер спортта да жүйрiк

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің дәстүрлі Спартакиадасы жалауын көтерді. Бұл – қаламгерлер қауымының салауаттылықты насихаттап, әріптестікті, ынтымақтастыққа шақыратын спорт мерекесі. Мәртебелі сайысты ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалы, облыстық ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

 MG 1762

Ойы ұшқыр, қаламы қарымды журналистер, баспа саласының майталмандары спортта да жүйрік. 1 маусым күні жалауы көтерілген сайыс бел ортасына таяды.
ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде әдеттегідей спорттық ойындардың ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов, ардагер журналистер Байдулла Қонысбек, Мархабат Байғұт, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөздерін арнады.

– Облыстың қаламгерлері жыл сайын спортта да жүйрік екенін көрсетіп жүр. Өздері салауаттылықты БАҚ беттерінде жариялап қана қоймай, өздері де спортты насихаттайды. Үнемі жаңалықты бірінші болып жеткізуге құмар жандардың спортта да бірінші болуға талпынып жүргенін білеміз. Спорт – бейбітшілік елшісі. Елдің елдігін, ердің ерлігін, рухтың биіктігі мен ұлттар достастығын айғақтайтын нышанға айналғалы қашан. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жарыста мықтылар жеңсін! – деді Ұ. Сәдібеков.

 MG 1756

Жазушы-журналист Мархабат Байғұт облыстағы ақын-жазушылар атынан мерекемен құттықтап, журналистердің спартакиадасы – бірліктің, ынтымақтың, ізгіліктің, татулықтың, тілеулестіктің мерекесі болсын деген тілегін айтты.
Облыста баспасөз қызметкерлерінің спорт ойындары осыдан 21 жыл бұрын басталған. Оны ең алғаш қолға алған – «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен облыстық телерадио компаниясы. Мінекей, содан бері игілікті іс-шара жалғасып келеді. Ардагер журналист Байдулла Қонысбек те мерекемен құттықтай келе, сайыстың тарихына тоқталып кетті.

 MG 1657

Спорттың 9 түрінен (шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, жүзу, арқан тарту) күш сынасып жатқан қаламгерлердің талабы қуантарлық. Әрбірінің де жеңіске деген ынта-ықыласы зор. Ақпарат құралдары өкілдері арасында заулағанда құстай ұшатын желаяқтар, допты әуеде шиіре ұратын шеберлер, зияткерлік ойынға құмартқандары баршылық. Бүгінге дейін волейбол, жүзу, шахмат, жеңіл атлетикадан үздік шыққандардың есімдері белгілі болады. Волейбол бәсекесінде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қыз-жігіттеріне тең келер ешкім болмады. Олар шешуші кезеңде «Ернияз» командасын 2:1 есебімен жеңді. Жүзу сайысында «Отырар» телеарнасының қызметкері К. Гавшев үздік шықса, әйелдер арасында «Ернұр» корпорациясының өкілі С. Презенцова жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, журналистер шахматта да зияткерлігімен көпшілікті тәнті етті. Ерлер сайысының жеңімпазы – Дүйсенбек Бердияров («Ернұр» корпорациясы). Нәзікжандылар арасында Малика Елтаева («Жанубий Қозоғистан» газеті) алғырлығымен көзге түсті.
Бүгін тоғызқұмалақ және бильярдтан, ертең үстел теннисінен сайыстар өтеді. Жарыстың жабылу салтанаты 5 маусым күніне жоспарланып отыр.

Опубликовано в Спорт
Среда, 25 Май 2016 05:22

БАҚ өкiлдерiнiң бәсекесi

Маусым айында өтетін Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің мерекесі биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Соған орай дайындық та күшейген. Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалы, облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен 1-5 маусым аралығында БАҚ өкілдерінің дәстүрлі Спартакиадасы өтеді.

DSC 0206

Спорттық мерекеде қаламгерлер спорттың 9 түрінен (шағын футбол, волейбол, арқан тарту, жеңіл атлетика, шахмат, бильярд, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, жүзу) бақ сынайды.

Сайысқа қатысушы командалар қазірдің өзінде дайындықты бастап кетті. Әдеттегідей, облыстағы барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сайыс көрігін қыздырмақ. Аса тартысты бәсекелер Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтеді.
– Спартакиада – әріптестікті нығайтатын бірден-бір іс-шара. Жыл сайын жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өтпек. Сондықтан, бәсекенің бәсі биік болмақ. Биыл зияткерлік ойын түрлерінің бірі тоғызқұмалақ, сондай-ақ үстел теннисі қосылып отыр. Марапаттауда қомақты жүлделер, естелік сыйлықтар бар, – дейді Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова.

DSC 0238

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілер марапат көлемі де артып отыр. Спорт түрлері бойынша 1-3 орын алған командалар кубоктармен, дипломдармен, грамоталармен және сыйлықтармен марапатталады.
Ендеше, бәсірелі бәсекеден қалыс қалмаңыз, құрметті БАҚ өкілдері!

Опубликовано в Спорт