«Әділ биі болмаса, бірлігі кеткен ел ғаріп» Избранное

Пятница, 26 Апрель 2024 06:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 359 раз

Шымкент қалалық Әзіл-сықақ және сатира театры ғимаратында «Әділ билер» және «Әділ аналар» бірлестіктері есеп берді. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен билер мен асыл аналар қатысты.

AdilBI

 

«Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің ашылғанына көп болған жоқ. Аз уақыттың ішінде билер мектебі халық пен жергілікті мемлекеттік органдарының арасындағы алтын көпірге айналып үлгерді. Бірлестік ел мен жер туралы, отбасылық араздықтар мен өзара кикілжіңдер, тұрмыстық-әлеуметтік және де басқа да мәселелерді уақтылы, дер кезінде шешуде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің билері мен алқа мүшелері тазалық, көгаландыру, ауыз су, табиғи газ, электр жүйесімен қамту, аз қамтылған отбасыларды қолдау, көмек беру мәселелерімен де тікелей айналысуда.
– Былтыр Төлеби ауданында үш ұлтаралық дау орын алған еді. Билеріміздің арқасында жанжал оңды шешілді. Одан бөлек жер дауы бойынша билердің араласуымен халыққа 86 мың гектар жер қайтарылды. Жетім-жесірлерге осы күнге дейін сегіз үй салынып берілді, – деді республикалық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ергебеков.
Қоғамда белең алған алаяқтықпен күресуде де бірлестік мүшелері қарап жатқан жоқ. Шымкент қаласының бас биі Толыбай Исақұлы бастаған жұмыс тобының арқасында алаяқтардың арбауына түскен халықтың 54 млн.теңгеге жуық қаражаты қайтарылған екен.
Еліміздегі ұлтарлық жанжалдардың алдын алуда «Әділ билер» толассыз еңбек етуде.
– Бүгінде Шымкент қаласында 350-дей би, олардың ішінде өзге этнос өкілдері де бар. Өз қалауларымен біздің бірлестікке мүше болуға қызығушылық білдіріп, би көмекшісі, би кеңесшісі ретінде біздің қатарымызға қосылып жатыр. Ұлттар арасында ауызбіршілікті сақтау мақсатында әкімдікпен тығыз жұмыс атқарудамыз, – деді Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы бойынша «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің бас биі Акрам Енгелдиев.
Бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Әділ билердің» жанынан «Әділ аналар» бірлестігі де қызмет етіп келеді.
– Қыздар тәрбиесі, отбасы құндылықтарын дәріптеу – біздің бірлестік алдында тұрған басты мақсаттардың бірі. Мектептерде, ЖОО-да кездесулер, семинарлар өткізіп отырамыз. Ажырасқан отбасылардың басын қосып жатамыз, – дейді «Әділ аналар» бірлестігінің төрайымы Бифатима Сұлтанбекқызы.

А.ОРАЗАЛИЕВ

Последнее изменение Пятница, 26 Апрель 2024 06:18
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.