Қазақ киносының ұлы шебері Избранное

Пятница, 03 Май 2024 06:02 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1212 раз

Биыл КСРО халық әртісі, театр және кино актері, режиссер Шәкен Аймановтың туғанына – 110 жыл. Мерейтойға орай Шымкентте Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана мен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен «Қазақ киносының саңлағы» атты танымдық сағат өтті.

AdbiKe

 

Қаланың бас кітапханасында өткен мәдени іс-шараға «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. ҚР мәдениет қайраткері, драматург Сая Қасымбек, «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Дәуренбеков, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актриссасы Анипа Қарабекова, ҚР мәдениет саласының үздігі, өнер қайраткері Садық Жақыпов жас өрендерге Шәкен Аймановтың өнегелі өмірі жайлы айтып берді.
– Былтыр театр мен кітапхана ұжымы ақылдаса отырып, бірнеше мерейтойлық іс-шараны бірлесе ұйымдастыруға келіскенбіз. Соған орай бүгінгі жиынымызды қазақтың ұлы режиссері Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орайластырып отырмыз. Ұлтына жан-тәнімен берілген, мамандығын құлай сүйген Шәкен атамыздай адамдар бүгінде аз. Режиссердің өмірі мен шығармашылығы жайлы жастармен бөлісу біздің міндет, – деді Анар Жаппарқұлова.
Жиында Шәкен атамыздың киноматография арқылы қазақилықты, салт-дәстүрді, тарихты жеткізгені жайлы сөз етілді.
– Кино – идеология құралы. Мәдениет, тарих, өнер кино арқылы насихатталады. Кеңес дәуірінде қазақ ұлтының дәстүрін, ерекшеліктерін Шәкен атамыз кино арқылы жеткізе білді. «Атаманның ақыры» фильмі кезінде КСРО-дағы мүйізі қарағайдай режиссерлердің таңдайын қақтырған еді. «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың орыс қызына емес, қазақ қызына үйленуінің өзінен ұлттық идеологияны жеткізе білгенін байқауға болады, – деді Батырхан Дәуренбеков.
Сөз соңында Б.Дәуренбеков мұндай іс-шаралар әкімдіктің, мәдениет басқармасы өкілдерінің қатысуымен, қолдауымен өтуі қажет деген пікірін білдірді.
– Бүгінгі жаһандану заманында мемлекеттің күн тәртібінде ұлт мәдениеті мен өнеріне аса көңіл бөлінуі қажет, – деп сөзін тәмамдады.
Жиын барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері «Тақиялы періште» фильмінің үзіндісін сахналады, аталмыш факультеттің студенті Ақтоты Ыбырай «Аяулы ана» әнін орындап, көрермендердің жылы лебізіне бөленді.

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.